Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы Португалия, Литва және Түркияның жоғары аудит органдары жүргізген «дәрежесі бойынша тең тексеруден» сәтті өтіп, өз жұмысының ИНТОСАИ халықаралық стандарттарына сәйкестігін растады. Ауқымды жұмыстың қорытындысы Астанада Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың басшылығымен өткен отырыста талқыланды.
Іс-шараға Португалия Аудиторлар сотының президенті Филипа Урбано Кальвао, Түркия Есеп сотының президенті Метин Йенер, Литва Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас, ҚР Президенті әкімшілігінің лауазымды тұлғалары, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің өкілдері, Жоғары аудиторлық палатаның қызметкерлері қатысты.
Тексеру барысында Қазақстанның мемлекеттік аудитінің ИНТОСАИ халықаралық стандарттарына сәйкестігі кешенді түрде бағаланды. Жоғары аудиторлық палатаның мықты тұстары анықталып, одан әрі жетілдіру керек бағыттары белгіленді.
Шетелдік әріптестер Жоғары аудиторлық палатаның негізгі аудит материалдарын және ҚР ұлттық заңнамасын талдап, салалық мамандармен, Парламент, Қаржы министрлігі мен басқа да ведомстволардың өкілдерімен сұхбат жүргізді.
Тексерушілер аудитті жоспарлау және жүргізу, қолданылатын әдістеме, сапаны басқару, цифрлық жүйелерді пайдалану, Президент пен Парламент алдында есеп беру, БАҚ және қоғаммен байланыс сияқты Палата жұмысының маңызды аспектілерін басты назарға алды.
Өз сөзінде Әлихан Смайылов дәрежесі бойынша тең тексерудің Жоғары аудиторлық палатаның дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Бұл, әсіресе, мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жағдайында өте өзекті.
«Жоғары аудиторлық палата трансформациясы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістердің бір бөлігі. Бұл өзгерістер ашық әрі әділ қоғам құруға, билік тармақтары арасындағы балансты нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған», — деді Палата төрағасы.
Ол Жоғары аудиторлық палатаға мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігінің тұрақты механизмдерін қалыптастыруға жәрдемдесу міндеті жүктелгенін атап өтті. Осы үдеріс шеңберінде ведомство 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясын табысты іске асырып, 2026-2030 жылдарға арналған жаңа стратегияны қабылдады. Бұл құжаттардың негізгі мақсаттарының бірі Қазақстандағы мемлекеттік аудиттің қызметін жетілдіру және институционалдық әлеуетін арттыру болып отыр.
Ә. Смайылов қазіргі уақытта Қазақстандағы аудиттің барлық кезеңі Жоғары аудиторлық палатаның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылғанын айтып өтті. Ол 14 мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Дегенмен цифрландыруды одан әрі арттыру, жасанды интеллект және үлкен деректерді өңдеу құралдарын енгізу басым бағыттардың бірі болып қала береді.
«Палата құзыретін кеңейту үшін үнемі инновациялық әдістерді, үздік шетелдік тәжірибе мен халықаралық стандарттарды енгізу қажет. Дәрежесі бойынша тең тексеру нәтижелері мемлекеттік аудит тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосады деп сенемін», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі қорытынды есепті тапсыру рәсімі болды. Ол тең тексерудің ресми аяқталғанын білдіреді.
Қатысушыларға атқарылған жұмыс үшін алғыс білдірген Әлихан Смайылов әріптестерін биыл қыркүйекте жоспарланған ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.
Анықтама ретінде: ИНТОСАИ – әлемнің 190-нан астам елінің жоғары аудит органдарын біріктіретін халықаралық ұйым. Ұйым есеп беру және тұрақты даму мәселелері бойынша БҰҰ серіктесі мәртебесіне ие.