2026 жылғы 25 мамырда Астанада Қытай Халық Республикасы Ұлттық аудит офисі делегациясының Қазақстан Республикасына жұмыс сапары шеңберінде семинар өтті. Іс-шара ҚР Жоғары аудиторлық палатасында ұйымдастырылды.
Жиын барысында сөз сөйлеген Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, өзара құрмет және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Екі елдің жоғары аудит органдарының өзара іс-қимылы екіжақты форматта да, ИНТОСАИ, АЗОСАИ және ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде де белсенді дамып келеді.
Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай өкілдері денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және ауыл шаруашылығы салаларында қатар аудит жүргізу сияқты бірлескен бастамаларды табысты іске асыруда. Кадр мәселесі және білім беру бағдарламаларын іске асыру саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылады.
Қытай тарапынан Қытайдың Ұлттық аудит офисі Орталық ведомстволарға аудит жүргізу бюросының бас директоры Ван Ган сөз сөйледі.
Семинар аясында тараптар бюджеттің атқарылуына аудит жүргізу мәселелерін, сондай-ақ аудиторлық қызметті жоспарлаудың заманауи тәсілдерін талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар әріптестік байланысты одан әрі нығайтуға, кәсіби өзара іс-қимылды арттыруға және мемлекеттік аудиттің өзекті мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті.