Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында есеп айырысуға арналған цифрлық жүйе ақпараттық қауіпсіздікке тексеріліп, өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Тиісті жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді.
Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит 2025 жылы жүргізілді. Тексеру «Электр энергиясы мен қуаты нарығының казақстандық операторы» АҚ («ЭЭҚРҚО» АҚ) басқаратын электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында қатысушылар арасындағы есеп-қисаптар киберқауіпсіздік тұрғысынан міндетті тексеруден өтпеген және ресми түрде пайдалануға берілмеген бағдарламалық қамтылым арқылы жүргізілгенін көрсетті.
Аталған жағдай нарық үшін жағымсыз әсер тудырды. Олардың ішінде: мемлекет тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, сауда-саттықтың іркілу және тоқтап қалу тәуекелдерінің ұлғаюы, сондай-ақ қатысушылар сенімінің төмендеу ықтималдығы.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата «ЭЭҚРҚО»
АҚ-ға 2026 жылғы 31 наурызға дейін есеп айырысу орталығы жүйесінің жобасын аяқтауды, ақпараттық қауіпсіздікке міндетті тексерулер жүргізуді және жүйені өнеркәсіптік пайдалануға беруді тапсырды.
«ЭЭҚРҚО» АҚ Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау үшін қажетті жұмысты мерзімінен бұрын әрі толық көлемде жүргізді. «ЭЭҚРҚО» АҚ ақпараты бойынша қабылданған шаралар электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы жұмысының сенімділігін арттырады, киберқауіптер мен техникалық іркілістер тәуекелдерін азайтады, сондай-ақ мемлекет тарапынан ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді.Анықтама ретінде: «ЭЭҚРҚО» АҚ – «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» акционерлік қоғамы.