«Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшылығы мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасын орындау мақсатында шаралар қабылдады.
Республиканың он үш әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын (ӘКК) қамтыған ауқымды тексеру 2025 жылы өтті. Оның аясында «Тобыл» ӘКК» АҚ-да бірқатар жүйелі бұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, 2023-2024 жылдар аралығында Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелері қызметінің нәтижелеріне тәуелсіз және кешенді бағалау жүргізілмегені анықталды.
Басқарушы буынның тиімділігін бағалау жүйесі іс жүзінде жұмыс істемеген, ал ынталандырушы төлемдер ӘКК-нің қаржылық нәтижелерін есепке алмай, бірінші басшылардың қалауы бойынша бөлінген.
Сонымен қатар Жұмыскерлерге еңбекақы төлеу мен сыйлықақы берудің қолданыстағы қағидалары Басқарма төрағасына өзіне және Басқарма мүшелеріне үстемеақыларды жеке-дара белгілеуге мүмкіндік берді. Бұл «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңына қайшы келеді, оған сәйкес аталған мәселе Директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады.
«Тобыл» ӘКК» АҚ Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау үшін мынадай шаралар қабылдады.
Директорлар кеңесінің шешімімен «Тобыл» ӘКК» АҚ басқарма қызметінің уәждемелік негізгі көрсеткіштері туралы ереже әзірленіп, бекітілді.
Сондай-ақ Басшылық қызметтегі жұмыскерлерге еңбекақы төлеу мен сыйлықақы берудің жаңартылған қағидалары бекітілді. Оған сәйкес Басқарма төрағасы мен мүшелерін қоса алғанда, басшылық құрамға сыйақы төлеу шарттары енді бірінші басшының қалауы бойынша емес, Директорлар кеңесінің шешімі негізінде айқындалады.
Жаңа қағидаларға сәйкес дербес үстемеақылар енді құрылымдық бөлімшелердің айға, тоқсанға немесе бір жылға арналған жұмыс жоспарларын орындау қорытындылары бойынша ғана төленеді. Бұл үстемеақыларды өз қалауы бойынша еркін тағайындауға жол бермейді. Басшы жұмыскерлер үшін де, қатардағы жұмыскерлер үшін де мұндай үстемеақылардың мөлшері есепті кезеңде екі лауазымдық жалақымен шектеледі.
2023-2026 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қосымша келісім жасалды. Мұнда Басқарма мүшелерін қоса алғанда жұмыскерлердің барлық санаты үшін қосымша ақылар мен дербес үстемеақылар бірыңғай етіп бекітілді.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында «Тобыл» ӘКК» АҚ Инвестициялық декларациясында және Инвестициялық қызметті жүзеге асыру регламентінде еншілес және тәуелді ұйымдарды айқындау кезінде «бірлескен кәсіпорын» ұғымы болмағаны анықталды. Бұл ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес келмейді. Нәтижесінде бұл олқылықты жою үшін екі құжат та жаңа редакцияда қабылданды.
Барлық қабылданған шаралар төлемдерді ерікті түрде бөлуге жол бермейді, Директорлар кеңесінің басқарудағы рөлін күшейтеді және ӘКК қаражатын өңір мүддесінде барынша тиімді пайдалану үшін жағдай жасайды.