ҚР Жоғары аудиторлық палатасының сараптамалық әлеуетін арттыру мақсатында ведомствоның орта және жоғары басқару буыны мамандар тобы Корея Республикасында қысқа мерзімді бейіндік оқытудан өтті.
Қазақстандық делегацияның Сеул қаласына жұмыс сапары
6-17 сәуірде Корея тарапының шақыруымен өтті. Кәсіби бағдарламаны Аудит және инспекция оқу институты (AITI) және Кореяның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (KOICA) ұйымдастырды.
Екі апталық оқу барысында қатысушылар Кореяның жоғары аудит органының даму тарихын, конституциялық және заңнамалық мәртебесін, аудиторлық іс-шараларды өткізудің жергілікті стандарттары мен рәсімдерін, әдіснамасын зерделеді.
Кореяның қоғамдық көлік саласындағы тиімділік аудиті жеке қаралды. Оның нәтижелері осындай тексерулерге қатысты тәсілдерді қайта қарауға әкелді: басты назар жол берілген бұзушылықтарды тіркеуден құрылыс басталғанға дейін техникалық кезеңдерді қатаң бақылауға ауысты.
Жоғары аудиторлық палатаның мамандары Кореяның қаржылық аудит және бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау жүйелерімен танысты.
Атап айтқанда, Кореяның бюджет жүйесінің даму кезеңдері шығыстарды бап бойынша бақылаудан бастап заманауи бағдарламалық нысаналы тәсілге дейін (Performance-Based Budgeting) егжей-тегжейлі қаралды. Мұнда қаражатты игеру фактісі ғана емес, белгіленген KPI бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу бағаланады. Сонымен қатар Кореяда аудиторлар игерілмеген ақшаның келесі қаржы жылына не үшін ауысатынын, резервтік қорлардың қалай пайдаланылатынын және құрылыс материалдары арзандаған жағдайда жобалардың құны қаншалықты уақытылы төмендейтінін мұқият тексереді.
Корея Республикасының аудиттегі цифрлық құралдарына да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, BARON кореялық ақпараттық-талдау жүйесі, қаржылық құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлықты анықтауға арналған цифрлық криминалистика (Digital Forensics) әдістері, сондай-ақ қаржы секторында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар зерделенді.
Мәселен, BARON жүйесінің жұмысы үшін мықты IT-командасы бар жеке Деректерді талдау орталығы құрылған. Ол аудиторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді: олардың сұрауы бойынша тексеруге арналған қажетті аналитиканы жинайды, өңдейді және жібереді. Мәліметтер Кореяның 35 мемлекеттік органының 53 жүйесімен интеграция негізінде қалыптастырылады.
Оқу бағдарламасы екіжақты сипатта өтті. Отандық мамандар ҚР Президентінің бастамасы бойынша қазақстандық мемлекеттік аудит жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ қолданыстағы жұмыс практикалары, енгізіліп жатқан халықаралық стандарттар, цифрлық құралдар және 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Арнайы баяндама аясында Жоғары аудиторлық палатаның конституциялық мәртебесі, құрылымы, функциялары, өкілеттіктері және ведомствоның негізгі даму кезеңдері туралы мәлімет таныстырылды.
Оқу қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның мамандары Кореяның үздік практикасын қазақстандық мемлекеттік аудит жағдайларына бейімдеуге бағытталған тақырыптық іс-қимыл жоспарын (Action Plan) әзірледі.
Корея Республикасының Аудит және инспекция жөніндегі кеңесімен ынтымақтастық ҚР Жоғары аудиторлық палатасының халықаралық қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Сапардың нәтижелері жұмыс барысында қолданылып, Қазақстанда мемлекеттік аудиттің одан әрі дамуына ықпал ететін болады.