Еліміздің агроөнеркәсіптік саласында ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың дәлдігін арттыру, фитосанитариялық нормаларды қайта қарау және мал сою пункттерінің инфрақұрылымын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылданды. Қажетті жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді.
Мәселен, салада жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша 2025 жылы ҚР Үкіметіне «Ауыл шаруашылығы жануарларының идентификаторы» жүйесінде тарихи деректерге түгендеу жүргізу ұсынылды.
Нәтижесінде оған жас бойынша (15 жастан асқан) форматты-логикалық бақылау функционалы қосылды. Бұл оны қате және ескірген жазбалардан айтарлықтай тазартуға мүмкіндік берді. Егер бұрын мұндай «ескірген» жазбалар 20 мыңнан асса, жүйені жаңартқаннан кейін небәрі 229 жазба қалып, кәрі малдың бар-жоғы іс жүзінде расталады. Осылайша, қате жазбалар саны 98,9%-ға қысқарды. Енді қате деректер автоматты түрде анықталады, бұл ҚР барлық өңірлері бойынша мал басын дәлірек есепке алуға мүмкіндік береді.
Фитосанитариялық нормалар бөлігінде Жоғары аудиторлық палата 2021 жылы шегіртке зияндылығының экономикалық шегі бір шаршы метрге шаққанда 5 дарақтан 3 дараққа дейін негізсіз төмендетілгенін анықтады. Бұл экологияға теріс әсер ететін инсектицидтермен өңделген аумақтың айтарлықтай өсуіне және бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соқты. Сонымен қатар қайта бекітілген нормативтер зиянкестерді есепке алу мен болжаудың қолданыстағы әдістемесіне сәйкес келмейді.
✔️ Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша
2026 жылы фитосанитариялық нормалар мен қағидалар жаңартылды: ғылыми тұрғыдан негізделген бірыңғай фитосанитариялық нормативтер белгіленді. Сонымен қатар зиянкестерді есепке алу мен болжау әдістемесі жаңартылды.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекцияларына республика бойынша жұмыс істемей тұрған 667 мал сою объектісінің ағымдағы жай-күйін талдап, оған баға беруді де тапсырды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 592 мал сою алаңының одан әрі пайдалануға жарамсыз екені анықталды. Олар апатты күйде немесе толығымен бұзылған. Олардың барлығы E-Agriculture жүйесіне қажетті өзгерістер енгізе отырып, иелерінің өтініштері бойынша ресми түрде жойылды.
Сонымен қатар 62 объекті қалпына келтірілді. Қарағанды облысында 18 объект, Абай облысында 9 объект және Павлодар облысында 7 объект қажетті рәсімдерден өтіп, есептік нөмірлер алды. Ақмола және Қызылорда облыстарында тағы 13 объектінің иелері жұмысты қайта бастауды жоспарлап отыр.
Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің мал сою және оның етін қайта өңдеу саласындағы бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған бұйрығы қабылданды.
Мәселен, мал сою объектілерінде ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге арналған жабдықтардың ең аз тізбесі 20 позициядан 16-ға дейін қысқарды. Бұл салаға кірудің әкімшілік шарттарын жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлердің қаржылық шығындарын да азайтады.