Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы Орталық Азия елдерінің жоғары аудит органдарының (ЖАО) тиімділігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған CASAI өңірлік бағдарламасының ресми серіктесі атанды.
CASAI жобасы бойынша әріптестік туралы келісімге Душанбе қаласында Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы мен INTOSAI Даму бастамасы (IDI) арасында қол қойылды.
🇰🇿 🇬🇪 🇵🇱 Бағдарлама 2029 жылға дейін жоспарланған. Оның аясында Қазақстан, Грузия және Польша мемлекеттік аудиторлары Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасады.
Келісімге қол қою рәсіміне Қытай ЖАО (ASOSAI хатшылығы), Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Халықаралық валюта қоры және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.
CASAI бағдарламасы аудит сапасын арттыру мен әдістемелерін жетілдіру, стратегиялық басқаруды дамыту, институционалдық тәуелсіздікті нығайту және аудит процестерін цифрландыру сияқты негізгі бағыттарға басымдық береді.
Қазақстан делегациясының басшысы – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскин атап өткендей, мұндай ауқымды бағдарламаның іске қосылуы Орталық Азия өңіріндегі жоғары аудит органдарының тәуелсіздігін нығайтуға елеулі ықпал етеді.
«Мемлекеттік басқару тиімділігіне қойылатын талаптар артып отырған қазіргі жағдайда жоғары аудит органдарының рөлі айтарлықтай күшейіп келеді. Осыған байланысты аудит сапасы, стратегиялық басқару, цифрлық трансформация және институционалдық орнықтылық мәселелері ерекше маңызға ие», — деді ол.
Тілеген Қаскин Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасының жобаға қатысуы жинақталған тәжірибемен бөлісуге ғана емес, өңірдегі кәсіби өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Осы күндері Душанбе қаласында алғашқы практикалық семинар өтті. Онда CASAI қатысушылары бағдарламаның тұжырымдамасы мен мақсаттарын, жоспарланған қолдау механизмдерін талқылап, 2026 жылға арналған бірлескен қадамдарды келісті.
Сондай-ақ іс-шара аясында Қырғызстан мен Тәжікстанның жоғары аудит органдары өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті.