Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы: бюджет тәртібін қадағалаудағы 30 жыл

Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы: бюджет тәртібін қадағалаудағы 30 жыл

2026 жылы Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы өз қызметінің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл – мемлекеттік аудит жүйесі үшін ғана емес, мемлекет деңгейіндегі маңызды кезең, себебі бюджет ресурстарын тиімді бақылаусыз тұтас елдің тұрақты дамуын елестету мүмкін емес.

Осы жылдар ішінде еліміз күрделі даму жолынан өтті. Қазақстан өзінің бюджет архитектурасын құрып, әрі мықты ұлттық аудитті қалыптастыруы тиіс еді.

Бұл танымдық материалда ұлттық аудит жүйесінің пайда болуынан қазіргі уақытқа дейінгі даму кезеңін шолып өтеміз. Мемлекеттік аудиттің өткен 30 жыл ішінде қалай өзгеріп, дамығанын, бүгінде жүйе қалай жұмыс істейтінін және одан әрі даму бағытын бақылаймыз.

Институционалдық аспект

1996 жылғы 19 сәуірде ҚР Президентінің Жарлығымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті құрылды. Бұл маңызды қадам тәуелсіз мемлекеттің институционалдық құрылысының және мемлекеттік сектордағы есептілік жүйесін қалыптастырудың бір бөлігі болды.

Соңғы онжылдықтарда ұлттық мемлекеттік аудит бірнеше ірі даму кезеңінен өтті. Ең маңыздысы Мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту болды.

2015 жылы қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң саланың заманауи құқықтық негізін қалап, Есеп комитетіне жоғары аудит органы мәртебесін берді. Осы Заң қабылданған сәттен бастап Қазақстанда INTOSAI халықаралық қағидаттары мен стандарттарына негізделген, аудиттің тәуелсіздігі, объективтілігі және қоғамдық маңыздылығына бағдарланған мемлекеттік аудиттің бірыңғай жүйесі іс жүзінде қалыптасты.

Сонымен қатар Мемлекеттік аудит органдарының үйлестіру кеңесі құрылып, аудиторларды сертификаттаудың ұлттық жүйесі енгізілді. Бұл орнықты институционалдық архитектураны құруға мүмкіндік берді.

Аудиторлық қызметтің сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі – мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жүйесіне жеке тоқталған жөн. 2023 жылы сертификаттау мемлекеттік көрсетілетін қызмет мәртебесіне ие болды. Бұл рәсімді реттеп, субъективті факторлардың ықпалын азайтып, ашық өтуін қамтамасыз етті. Бұл ретте қазіргі Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудиторлардың көпшілігі CIPFA және ACCA сияқты халықаралық деңгейде танылған аудит және бухгалтерлік есеп саласындағы кәсіби сертификаттарға ие.

Кәсіби білімді жинақтап, тарату үшін 2025 жылдан бастап стандарттарды, әдістемелік материалдарды, аналитиканы және үздік тәжірибелерді жинақтайтын ведомстволық Білім кітапханасы іске қосылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылы Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылды. Бұл жоғары аудит органының өкілеттіктерін едәуір кеңейткен стратегиялық қадам болды.

«Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын», – деді Президент өзінің 2022 жылғы наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында.

2023 жылы Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджеттердің атқарылуына тексеру жүргізу және басқа мемлекеттік органдар жүргізген аудиттердің нәтижелерін қайта қарау құқығына ие болды. Бұл бүкіл бюджеттік вертикаль бойынша сыртқы аудиттің өтпелі жүйесін құруға мүмкіндік берді.

2025 жылдың көктемінде қабылданған жаңа Бюджет кодексі Жоғары аудиторлық палатаға бюджеттен тыс қорларды тексеру, өңірлік тексеру комиссиялары бойынша кадрлық шешімдерді келісуге қатысу құқығын берді, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесін онлайн қолжетімді етті.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындаудың жаңа тәртібі бекітілді. Республикалық бюджетті бағалау қорытындылары бойынша тұжырымдар енді нақты шаралар, жауапты органдар мен мерзімдері көрсетілетін бірыңғай Жол картасында тіркеледі және тоқсан сайынғы негізде бақыланады.

Осылайша, Жоғары аудиторлық палата заңнамалық негізді қалыптастырудан бастап, саланың әдіснамалық базасын да, кәсіби әлеуетін де дәйекті түрде нығайта отырып, мемлекеттік аудиттің цифрлық инфрақұрылымын құруға дейінгі жолдан өтті.

Сараптамалық-талдау қызметі

Өзекті аудиторлық тексерулерден бөлек Жоғары аудиторлық палата бюджет процесін сыртқы аудитпен барынша қамти отырып, республикалық бюджетке алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалау жүргізеді.

Алдын ала бағалау бюджетті жоспарлау сапасын және шығыстардың республиканың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан талдауға бағытталған. Атап айтқанда, 2020-2025 жылдары 35 трлн теңгеден астам қаражат қамтылып, 5,7 трлн теңге оңтайландыруға ұсынылды.

Ағымдағы бағалау Мемлекет басшысын, Парламентті және Үкіметті жедел хабардар ету үшін тұрақты негізде жүргізіледі.

Кейіннен бағалау бюджеттерді атқарудың заңдылығын, есепке алу мен есептіліктің анықтығын, мемлекет қаражаты мен активтерінің пайдаланылу тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді.

Жыл сайын Жоғары аудиторлық палата Парламентке Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Қорытынды ұсынады.

Тек 2018-2025 жылдары бюджеттік жоспарлау сапасын және бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін арттыру мақсатында ҚР Үкіметіне 243 жүйелі ұсыным берілді, оның 70%-дан астамы орындалды.

Сондай-ақ 2020 жылдан бастап Жоғары аудиторлық палата Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізеді. Ал 2025 жылы алғаш рет Ұлттық қордың 7 трлн теңгеден астам қаражатын қамтыған ауқымды ревизия жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата мақсатқа сай пайдаланылмаған 64 млрд теңгені қайтаруды, Ұлттық қор қаражатының түпкілікті алушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етуді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өткен жылдардағы облигациялық қарыздарды мерзімінен бұрын қайтаруын пысықтауды, сондай-ақ алдын ала пысықталмаған және Қазақстанның стратегиялық басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан бағалау кезеңдерінен толық өтпеген жобаларға нысаналы трансферттер бөлмеуді ұсынды.

Нәтижелердің дәйекті өсуі

Өз жұмысында Жоғары аудиторлық палата тексерілетін объектілерді іріктеу кезінде деректердің үлкен ауқымын талдауға негізделген тәуекелге бағдарланған модельге сүйенеді. Бұл тәсілмен, ең алдымен, бұзушылықтар немесе қаражатты тиімсіз пайдалану ықтималдығы жоғары салалар мен ұйымдар тексеріледі.

Соңғы жылдары бұл модель, әсіресе, автоматтандыру және аудит саласына енген жаңа цифрлық шешімдерді қолдану арқылы ашыла түсті. Бұны нақты сандар да жақсы көрсетіп отыр.

Мысалы, 2023 жылы 19,5 трлн теңгені қамтыған 20 мемлекеттік аудит жүргізілді. Нәтижесінде 522 млрд теңге көлемінде бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 69,8 млрд теңге. Соның 28,9 млрд теңгесі бүгінгі күні қалпына келтірілді (өтелді).

Ал 2025 жылы тексерулер саны 32-ге, ал қамтылған қаражат көлемі 74 трлн теңгеге дейін өсті. Мемлекеттік аудиторлар 2,9 трлн теңгеге бұзушылықтар анықтады, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 672 млрд теңге, оның ішінде шамамен 368 млрд теңгесі қалпына келтірілді (өтелді).

Тек 2025 жылдың өзінде 404 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа, 293 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. 44 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Уәкілетті мемлекеттік органдарға 1,4 мың нұсқама тармағы шығарылып, Үкіметке 132 нақты ұсыным берілді.

Тұтастай алғанда, соңғы бес жылда аудиторлар жұмысының нәтижесінде мемлекеттік бюджетке шамамен 1 трлн теңге қалпына келтірілді (өтелді). Ал 152 факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.

Бұл сандар соңғы жылдарда аудиторлық қызмет сапасының артқанын көрсетеді. Уақыт өте келе бюджет қаражатын бақылау күшейе түсуде. Мұндағы басты факторлардың бірі – одан әрі цифрландыру. Бұл жоғары дәлдіктегі тексерулерді көбірек жүргізіп, бюджет ресурстарын аудиторлық бақылаумен көбірек қамтуға мүмкіндік береді.

Цифрлық даму контуры

Жоғары аудиторлық палатадағы ауқымды цифрландыру IT-инфрақұрылымды жаңғыртудан басталды. Арнайы бағдарламалық қамтылым енгізіліп, киберқауіпсіздік күшейтілді, қызметкерлерге ішкі ресурстарға қашықтан қол жеткізу ұйымдастырылды және ақпараттық жүйелер меншікті серверлік қуаттылыққа ауыстырылды.

Трансформацияның негізгі элементі – 13 модульді біріктіретін және тәуекелдерді талдаудан бастап ұсынымдардың орындалуын мониторингтеуге дейінгі тұтас аудит циклін қамтитын Жоғары аудиторлық палатаның интеграцияланған ақпараттық жүйесі.

Бүгінде жүйе мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 14 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған, 18 мыңнан астам аудит объектісін қамтиды. Онда мыңнан астам қолданушы бар.

2024 жылдан бері Жүйенің талдамалық компоненті жұмыс істейді. Ол нақты уақыт режимінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар, салықтық түсімдер мен бюджеттің атқарылуы бойынша деректерді қадағалайды,  сондай-ақ қаралатын әрбір ұйымның бейінін автоматты түрде қалыптастырады. Содан кейін қалыптасқан деректер тәуекелдерді басқару жүйесіне интеграцияланып, Жоғары аудиторлық палатаға басымдығы жоғары аудиторлық іс-шараларды айқындауға мүмкіндік береді.

2025 жылы цифрлық «Мемлекеттік аудит объектісінің кабинеті» енгізілді. Бұл модуль аудиторлар мен аудит объектілері арасындағы өзара іс-қимылды электрондық форматқа көшіруге мүмкіндік беріп, бетпе-бет байланыс қажеттілігін қысқартады. Солтүстік Қазақстан облысы мен Астанада сәтті апробациядан өткеннен кейін модуль республиканың барлық тексеру комиссиялары мен орталық мемлекеттік органдарында қолданылуда.

Жасанды интеллект бағыты бойынша 2025 жылдан бастап ЖАП-та екі ЖИ-ассистент жұмыс істейді. «Gosauditor» – аудиторларды оқыту мен сертификаттауға көмектеседі, «Audit Assistant KZ» – қызметкерлерге нормативтік мәселелер бойынша кеңес беру үшін әзірленген.

Қазіргі уақытта республикалық бюджетті алдын ала бағалау және Парламентке жыл сайынғы есепті дайындау үшін ішкі ЖИ-агенттері әзірленуде.

Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау процесін цифрландыру тағы бір маңызды қадам болды. 2025 жылға дейін бұл процесс қағаз түрінде және электрондық пошта арқылы жүргізіліп келді. Енді қызмет толықтай eGov порталымен интеграциялау арқылы электрондық форматқа көшірілді, соның ішінде сертификатты электрондық түрде беру де қарастырылған. Нәтижесінде сертификаттау процесі едәуір жеделдеп, ашық әрі айқын бола түсті.

Жоғары аудиторлық палатаның 2026-2030 жылдарға арналған даму стратегиясы цифрландыруды арттыруға, IT-аудитті дамытуға, дамытуға, сондай-ақ өңделетін деректердің абсолютті қорғалуы мен құпиялылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Халықаралық деңгей

2000 жылдан бастап Қазақстанның жоғары аудит органы – 195 елді біріктіретін ИНТОСАИ кәсіби халықаралық ұйымының, сондай-ақ АЗОСАИ және ЕУРОСАИ өңірлік бірлестіктерінің толыққанды мүшесі. Осы уақыт ішінде шетелдік әріптестермен 30-дан астам келісім мен меморандумға қол қойылды.

Осы ұйымдар шеңберінде Жоғары аудиторлық палата IT-аудит, экологиялық аудит, Орнықты даму мақсаттарының аудиті, кейіннен аудит жүргізу және т.б. жұмыс топтарына белсенді қатысуда.

2025 жылдың маңызды оқиғасы – Стамбулда ҚР Жоғары аудиторлық палатасының қатысуымен Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдарын біріктіретін ТҮРКСАИ ұйымын құру туралы декларацияға қол қойылды.

Ал 2026 жылғы қыркүйекте Астанада алғаш рет АЗОСАИ Басқарма кеңесінің отырысы өтеді. Бұл – тек Жоғары аудиторлық палатаның ғана емес, жалпы мемлекетіміздің жоғары беделінің тағы бір көрінісі.

Сонымен қатар 2015 жылдан бері Жоғары аудиторлық палата Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей жоғары аудит органдарымен бірлесіп жыл сайын Еуразияның ірі экономикалық бірлестіктерінің бірі ЕАЭО органдарына сыртқы аудит жүргізеді.

Бұл ретте, ИНТОСАИ халықаралық стандарттары бойынша жүргізілген Ресейдің (2012), Эстонияның (2019), сондай-ақ Португалия, Литва және Түркияның (2024-2025) халықаралық ЖАО тобының қатысуымен Жоғары аудиторлық палатаның қызметіне жүргізілген тексерулер қазақстандық аудиттің барлық халықаралық талаптарға сәйкестігін растады.

2026 жылы Жоғары аудиторлық палата тағы бір маңызды құжат – «IDI» ИНТОСАИ Даму бастамасымен әріптестік туралы келісімге қол қойды. 2026-2029 жылдар кезеңінде ЖАП жинақталған тәжірибесімен бөлісіп, Орталық Азия елдерінің жоғары аудит органдарын қолдау бойынша серіктес болады. Бұл еліміздің жоғары аудит органына деген сенім белгісі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан үшін өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың тағы бір мүмкіндігі.

Сонымен қатар осы жылдар ішінде Жоғары аудиторлық палата Азия Даму Банкімен, Дүниежүзілік банкпен, Ислам Даму Банкімен және БҰҰДБ-мен ынтымақтастықты табысты дамытуда.

Жаңа стратегиялық бағдар

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 30 жылдық жолы – бұл институционалдық қалыптасу, кәсіби өсу және жаһандық аудиторлық қоғамдастыққа дәйекті интеграция тарихы. 23 адамнан тұратын шағын ведомстводан қаржылық тәртіптің ауқымды инфрақұрылымына дейінгі жол. Бүгінде Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар орнықты мемлекеттік басқару негізіндегі ашықтық пен есептілік қағидаттарының жаршысы ретінде қызмет етуде.

Қазір Қазақстанда 77 ISSAI халықаралық стандарты енгізілді, сондай-ақ 55-тен астам жеке әдіснамалық құжат әзірленді. Олар қаржылық есептілікке аудит жүргізу, сәйкестік аудиті және тиімділік аудиті сияқты аудиттің барлық негізгі түрлерін қамтиды. Сондай-ақ тексерулер жүргізу кезінде тәсілдердің бірізділігін қамтамасыз етеді.

Әр бес жыл сайын Жоғары аудиторлық палата ұзақ мерзімді міндеттерді, мақсаттарды және түйінді көрсеткіштерді айқындайтын Даму стратегиясын бекітеді. Дәстүрлі түрде құжат ISSAI халықаралық стандарттары мен сыртқы аудиттің үздік практикаларын ескере отырып жасалады. Ведомствоның алдағы жылдарға арналған негізгі мақсаттары бекітілген Жоғары аудиторлық палатаның 2026-2030 жылдарға арналған даму стратегиясы да дәл осы пайыммен қабылданды.

Оның ішінде аудиторлық тексерулер сапасы мен нәтижелілігін арттыру, киберқауіпсіздік талаптарын ескере отырып, процестерді толық цифрландыру, IT-аудитін қоса алғанда, аудиттің жаңа бағыттарын дамыту, институционалдық тәуелсіздікті және ЖАП-тың халықаралық беделін одан әрі нығайту міндеттері қамтылған.

Жаһандық сын-қатерлер жағдайында жоғары аудит органдарының рөлі күшейе түсуде. Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының тәжірибесі мықты, тәуелсіз әрі кәсіби аудиторлық институт ретінде қазіргі заманғы мемлекеттің ажырамас элементі екенін айқын көрсетіп отыр.

Жоғары аудиторлық палата өзінің 30 жылдық мерейтойында дамуының маңызды кезеңдерін атап өтіп қана қоймай, цифрлық дәуірге бағытталған кәсіби өсудің жаңа көкжиегін ашады.