ҚР Жоғары аудиторлық палатасында Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның жыл сайынғы отырысы өтті

ҚР Жоғары аудиторлық палатасында Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның жыл сайынғы отырысы өтті

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ҚР Ұлттық қоры қаражатының жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Комиссияның офлайн форматтағы отырысы жылына бір рет өтеді.

Отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігінің, Парламент Сенатының, Ұлттық Банктің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің, құқық қорғау органдарының уәкілетті лауазымды адамдары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысты.

Өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатын барынша ұтымды әрі тиімді пайдалану қажеттігіне тағы да ерекше назар аударды.

«Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек», — деді Президент.

Жиында Ұлттық қор қаражатының мақсатқа сай әрі тиімді пайдаланылуына жүргізілген ревизия қорытындылары қаралды.

Тексеру нысаналы трансферттер есебінен 3,4 трлн теңгеге қаржыландырылған 3 мыңнан астам бюджеттік инвестициялық жобаны, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген 3,8 трлн теңге облигациялық қарыздарды қамтыды.

Жалпы жобаларды іске асыру оң нәтиже берді. Алайда Комиссия Ұлттық қор қаражатынан экономикалық қайтарымды арттыратын мүмкіндіктерді анықтады. Жекелеген кемшіліктер мен бұзушылықтар да анықталды.

Негізгі факторлардың бірі – Ұлттық қорға жүктелген барлық мақсат пен міндетке қол жеткізуге жауапты бірыңғай мемлекеттік орган жоқ. Бұл біртұтас жүйені қалыптастыруға және экономикалық тұрғыдан мұқият тексерілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді.

Қазіргі уақытта функциялар Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық Банк арасында бөлінген. Бұл ретте қор қаражатының пайдаланылуына байланысты бизнес-процестер бойынша, сондай-ақ қаржыландырылған жобалардың түпкілікті нәтижелілігі бойынша толық ақпаратты орталықтандырылған жинақтау және талдау қамтамасыз етілмеген. Есептіліктің ашықтық деңгейі жеткіліксіз.

Комиссия іске асыру үшін базалық дайындығы жоқ кейбір жобалардың қаржыландыруға қосылғанын анықтады. Олар бойынша жобалау-сметалық құжаттама, жер учаскелері және т.б. болмаған. Бұл мерзімдердің ұзаққа созылуына әкеп соғады. Құны 394 млрд теңгені құрайтын тағы 500-ден астам жоба алып тасталған не орындалу барысында басқаларына ауыстырылған.

Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер заңнамалық тұрғыдан стратегиялық және ұлттық маңызы бар басым міндеттерге арналған. Алайда Ұлттық қордың қаражатын тартпай-ақ іске асыруға болатын жергілікті деңгейдегі жобаларды қаржыландыру фактілері анықталды: ауылды абаттандыру объектілері, шағын әлеуметтік объектілер және т.б.

Кейбір жағдайларда Ұлттық қордың қаражаты бұрын аяқталған жобаларға жұмсалған немесе нақты қажеттіліктен асып түсетін көлемде бөлінген.

Сонымен қатар қаражатты мақсатсыз және тиімсіз қайта бөлу фактілері атап өтілді. Ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды қаржыландыруға арналған қаражат қалалық объектілерге бағытталған, бұрын сатып алынған жабдыққа қаражат бөлінген. Кейбір өңірлерде жабдықты сатып алу көлемі құнның жоғарылауына байланысты жоспардан екі есе асып түскен.

Комиссия облигациялық қаржыландыруда да кемшіліктер бар екенін анықтады. Атап айтқанда, мұндай қарыздардың мақсатқа сай әрі тиімді пайдаланылуын бақылаудың тиімді жүйесі әлі құрылмаған.

Қайтарымдылығы төмен проблемалық жобаларды қаржыландыру, лизингтік мәмілелерді ұзаққа созу, мәлімделген экспорттық және өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізбестен жеңілдікті қарыздарды арзан қорландыру көзі ретінде пайдалану жағдайлары тіркелді.

Жалпы 2023-2024 жылдары Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуіне жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша бірқатар қылмыстық іс тіркелді. Жауапты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиісті ұсынымдар жолданды.

Сонымен қатар тексеру жүргізген жұмыс тобы Комиссияның қарауына:

  • алдын ала пысықтаудың және стратегиялық басымдықтарға сәйкестікті бағалаудың толық циклынан өтпеген жобаларға нысаналы трансферттер бөлуге жол бермеу;
  • Ұлттық қор қаражаты түпкілікті алушыға жеткенге дейін оның толық қадағаланып отыруын қамтамасыз ету;
  • мәлімделген мақсатына сай пайдаланылмаған 64 млрд теңгені қайтару;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өткен жылдардағы облигациялық қарыздарды мерзімінен бұрын қайтаруын пысықтау сияқты ұсыныстар берді.

Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, аталған шараларды іске асыру қаржылық тәртіпті күшейтуге және Ұлттық қор қаражатының атаулы әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.