Есеп комитеті Нұр-Сұлтанда инфрақұрылымдық жобаларды және дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруда бұзушылықтарды анықтады

Есеп комитеті Нұр-Сұлтанда инфрақұрылымдық жобаларды және дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруда бұзушылықтарды анықтады

 

2020 жылғы 29 қарашада Нұр-Сұлтан қаласын дамытуға, соның ішінде дағдарысқа қарсы іс-шараларға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері қаралған Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті

 

Аудит қорытындысы бойынша қала инфрақұрылымын салуға қаражатты жоспарлаудың және жобаларды іске асырудың көптеген түзетулермен және заңнаманы бұзумен жүзеге асырылатыны анықталды.

Тұрғын үйді салу мен пайдалануға берудің жоспарланған мерзімдерінің бұзылуы, Нұр-Сұлтан қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасының тиісінше іске асырылмайтындығы және инвесторларды тарту мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік қатынастар арқылы жобаларды іске асыру бойынша жұмыстардың жеткіліксіздігі аталып өтті.

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бұзыла отырып, шекті құны асып кеткен, сондай-ақ алаңы сәйкес келмейтін тұрғын үйлер сатып алынған. Бағдарлама бойынша жалпы сомасы 28,9 млрд. теңгеге салынған 20 объекті мен 298 пәтер қаланың коммуналдық меншігіне қабылданбаған.

Қала бюджетінің ондаған миллиард теңгемен есептелетін борыштық жүктемесін республикалық бюджетке артып қою практикасы байқалып отыр.

LRT жобасын іске асыруды аяқтау мәселесі шешілмеген. Жоба бойынша 430 млн. АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы төлеуді және ішкі нарықта өткізілген облигацияларды сатып алуды республикалық бюджетке жүктеу жоспарланып отыр.

Жобалау-сметалық құжаттаманы түзету қажеттігіне байланысты ЖЭО-3 құрылысы 2018 жылдан бастап тоқтап тұр, ол бойынша жұмыстар әлі аяқталмаған. Осы мақсаттар үшін 2018 жылы аударылған 6,8 млрд. теңге сомасындағы аванс «Центрказэнергомонтаж» ЖШС мердігерлік ұйымының иелігінде.

Жер учаскесіне құқықтар ресімделмейтіндігіне және құрылыстарды бұзуға қаражат бөлінбейтіндігіне байланысты жекелеген жобаларды іске асыру құрылыстың нормативтік ұзақтығы бұзыла отырып жүзеге асырылады. Қаланың көшелері мен жолдарын су басу проблемасы сақталып тұрса да,             4 408,7 млн. теңге сомасында нөсер кәрізі мен сумен жабдықтаудың
6 объектісінің құрылысы тоқтатылған, соның ішінде 3 жоба 2010 жылдан бастап іске асырылуда.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке ұсынымдар, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға анықталған бұзушылықтарды және оларға ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған тапсырмалар берілді. Бірқатар материалдар құқық қорғау органдарына және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға жіберілді.

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі