Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражаты мен мемлекет ресурстарының тиімді пайдаланылуы мәселесіне ерекше назар аударады.
Елімізде осы мақсатта мемлекеттік аудит жүйесінде дәйекті түрде реформалар іске асырылып, жүйе күшейіп келеді, цифрлық мониторинг технологиялары енгізілуде, халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіліп, қолданылуда.
2025 жылы аудиторлар мемлекеттік саясаттың, экономиканың және қоғамдық өмірдің негізгі бағыттарын қамтитын ондаған кешенді және салалық тексеру жүргізді. 250 объектіні және 74 трлн теңгені қамтыған 32 ірі тексеру жүргізілді. 2,9 трлн теңгеден астам сомаға түрлі бұзушылықтар анықталды. Қазірдің өзінде мемлекет пайдасына 365 млрд теңге өтеліп, қалпына келтірілді.
293 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Аудит қорытындылары бойынша 44 материалды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды. ҚР Үкіметі мен аудит объектілеріне 132 ұсыным және орындалуы міндетті 1,4 мың нақты тапсырма жіберілді.
2025 жылы жүргізілген Жоғары аудиторлық палатаның жұмысы елімізде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын пайдалануды жақсартуға елеулі үлес қосты.
Аудиторлық іс-шаралар
2025 жылы бұқаралық ақпарат құралдары мен жұртшылықтың назарын аударған көптеген аудит жүргізілді. Солардың бірі «Самұрық-Қазына» АҚ мен топтың 18 компаниясына жүргізілген тексеру болды.
2024 жылғы Қордың түсімі 16,5 трлн теңге, таза пайдасы 2,4 трлн теңге болған. Мемлекетке 2,37 трлн теңге, оған қоса Президент пен Үкіметтің тапсырмалары бойынша тағы 673 млрд теңге аударылды. Сонымен қатар жүргізілген аудит 351,8 млн теңгеге бұзушылықтарды анықтады.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит те қызығушылық тудырды. Ғылым мен өндірістен бастап
дәрі-дәрмекті сатып алу мен пациенттерге беруге дейін барлық кезеңде кемшіліктер бар. Екі аудиттің қорытындысы (біріншісі 2024 жылы жүргізілді) бойынша 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Сонымен қатар мына аудиттер де қоғам назарын аударды:
– орта білім беруде – стратегиялық жоспарлаудағы кемшіліктер, педагогтерді даярлау мен жұмысқа орналастырудағы олқылықтар;
– азық-түлік қауіпсіздігі саласында – даму құжаттарындағы сәйкессіздік, азық-түлік қорларын есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесінің болмауы;
– әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметінде – ұзақ уақыт бойы шығынмен жұмыс істеу, тұрақтандыру қорларын тиімсіз басқару.
Бұл жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың бір бөлігі ғана. Жалпы, жыл бойы Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру қорытындылары БАҚ беттертінде үнемі жарияланып отырды.
Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамалары
Нұсқамалар дайындау және олардың орындалуын бақылап
отыру – аудиторлық жұмыстың маңызды бөлігі.
Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмалары немесе ұсынымдары бойынша 2025 жылы іске асырылған кейбір шараларға тоқталып өтейік:
– Тауарлық газдың бөлшек бағасына мемлекеттік бақылау күшейтілді. Енді реттеу барлық нарық субъектісіне, соның ішінде газ таратушы компанияларға да қолданылады. Делдалдар «Qazaq Gaz» АҚ-дан сатып алынған отынды жоғары бағамен қайта сату мүмкіндігінен айырылды;
– Агросубсидия алушыларға мемлекет алдындағы қарсы міндеттемелер бекітілді. Енді фермерлер мен ауылшаруашылық компаниялары өндірісті ұлғайту, жұмыс орындарын құру немесе өнімділікті арттыру арқылы оларға берілген бюджет қаражатының тиімділігін дәлелдеуге міндетті;
– Өңдеу өнеркәсібінде мемлекеттік қолдау алушыларға да ынталандырушы қарсы міндеттемелер бекітілді. Енді кәсіпорындар экспорт көлемін өткен жылдың деңгейінен төмендетпей сақтауға міндетті, сондықтан оны ұлғайту тиімді болады;
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнама пысықталды. Бұл бюджетті жобалардың күрт қымбаттауы салдарынан қорғау және қаржылық жүктемені азайту үшін жасалды. Түзетулер әріптестердің валюталық тәуекелдерін өтеу механизмдеріне де қатысты болды;
– Автожолдарды реконструкциялау бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларға бақылау күшейтілді. Енді олар аумақтық қазынашылық органдарында тіркелуге тиіс, оларды қазынашылық сүйемелдеу қамтамасыз етіледі (алаяқтық, сыбайлас жемқорлық және қаражатты мақсатқа сай пайдаланбау тәуекелдерін азайтады);
– Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылау күшейтілді. Тіркелмеген препараттарды әкелуге рұқсат беру құжатының формасы пысықталды, құжаттардың анықтығын тексеру міндеті белгіленді. Сонымен қатар негізсіз үстеме баға белгілеуге қарсы шаралар қабылданды;
– Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртудағы міндетті емес бюджет шығыстары қысқартылды.
2023-2024 жылдары талдамалық қызметтер үшін бюджеттен 207 млн теңгеден астам қаражат төленген, ал бұл қызмет бейіндік комитет пен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның тікелей функциясына жатады. 2025 жылдан бастап мұндай көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру алынып тасталды, ал бюджетті түзету кезінде 84,4 млн теңге қосымша үнемделіп, мемлекет қазынасына қайтарылды;
– Көлеңкелі экономиканы анықтау әдістемесіне ауқымды өзгерістер енгізілді. Олар мемлекетке жасырын кірістерді дәлірек анықтауға және заңсыз бизнестің жаңа нысандарын ескеруге мүмкіндік береді;
– «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-да Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары жетілдірілді, енді бір көзден еркін сатып алу мүмкіндігі азайды. Ұлттық білім беру деректер базасы НЗМ бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланды;
– «Бәйтерек» холдингінде, Қазақстанның Даму Банкінде, Өнеркәсіпті дамыту қорында және басқа да квазимемлекеттік компанияларда да тиімділікті арттыру бойынша бірқатар шара қабылданды.
Жоғары аудиторлық палатаның көптеген ұсынымы Мемлекет басшысы наурыз айында қол қойған жаңа Бюджет кодексіне енгізілді. Атап айтқанда, салықтық болжауды жетілдіру, Ұлттық қормен жұмыс істеу қағидаларын жаңарту, «Назарбаев Университетін», ӘМСҚ және АХҚО қаржыландыру механизмін өзгерту, жергілікті бюджеттер деңгейінде мемлекет қаражатының пайдаланылу тиімділігін арттыру, сондай-ақ ұлттық компаниялар пайдаланбаған ақшаны бюджетке қайтару.
Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінде де ескерілді. Атап айтқанда, салықтық тексерулердің талап қою мерзімін ұзарту, салықтық рәсімдерді ұзаққа созуға әкеп соғатын жағдайларды жою және т.б.
Нұсқамалардың барлық орындалған тармақтарын бір шолуда қамту іс жүзінде мүмкін емес. Маңыздысы – Жоғары аудиторлық палатада жұмыстың бұл бағыты жүйеленген және үнемі бақылауда.
Бұзушылықтар үшін жауаптылық
Жоғары аудиторлық палата тексерулер қорытындылары бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан ҚР бюджет немесе өзге де заңнамасының бұзылуына жол берген лауазымды адамдарды жауаптылыққа тартуды жиі талап етеді. Әдетте, бұл нақты бағыттардың тікелей кураторлары, олардың орынбасарлары немесе нақты орындаушылар болуы мүмкін.
Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылы жүргізілген аудиттерінің негізінде 198 лауазымды адам әртүрлі тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Олардың қатарында Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Туризм және спорт министрліктерінің, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, ұлттық медициналық орталықтар мен өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметкерлері, бірқатар жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, спорттық білім беру мекемелерінің мамандары, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының лауазымды адамдары бар.
Мемлекеттік аудит жүйесін дамыту
Өткен жылы аудиторлық іс-щаралармен, нұсқамалармен және бұзушылықтардың жойылуын бақылаумен қатар мемлекеттік аудит жүйесін одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бағалау қорытындылары бойынша берілетін Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындаудың жаңа тәртібін ресми түрде бекіту үлкен қадам болды.
Үкіметтің есебіне берілетін Жоғары аудиторлық палатаның тұжырымдары мен ұсынымдары енді нақты шаралар, жауапты мемлекеттік органдар және орындалу мерзімдері көрсетілген бірыңғай Жол картасы түрінде ресімделетін болады. Оның орындалуын тоқсан сайынғы негізде Жоғары аудиторлық палата мен Үкімет Аппараты қадағалайды. Бұл республикалық бюджетті бақылауды күшейтуге, тиімсіздіктерді қысқартуға және бюджет процесіне қатысушылардың жауаптылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Басқа да жаңашылдықтарға тоқталып өтсек. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Жоғары аудиторлық палата төрағасының басшылығымен Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді. Комиссия құрамы жаңартылды, жұмыстың ережесі мен регламенті бекітілді, Жоғары аудиторлық палата, ҰЭМ, Қаржы министрлігі, Ұлттық банк, «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» АҚ қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ 2023-2024 жылдарға арналған бюджеттік инвестициялық жобаларға бағытталған қаражатты тексеру жоспары бекітілді, тексерілетін жобалар пулы мен есептілік нысандары жасалды. Енді Ұлттық қордың ресурстарын ұтымды пайдалануға одан да көп көңіл бөлінетін болады.
Digital-трендтерді дамудың негізгі бағыты ретінде басшылыққа алу
Цифрлық трансформация және жасанды интеллект, озық заманауи технологияларды енгізу ҚР Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы халыққа арнаған Жолдауының негізгі тақырыптарының бірі болды.
Бүгінгі таңда мемлекеттік аудиторлар үшін аудиторлық жұмыстың барлық кезеңін автоматтандыратын арнайы ақпараттық жүйе енгізілді. Қаржы және Әділет министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» АҚ және басқа да ұйымдардың 14 ақпараттық жүйесімен интеграция аяқталды. Бұл барлық бюджет қаражатын алушыларды қамтуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект элементтері іске қосылып келеді: оқыту және сертификаттау бойынша жауаптар алуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ аудит саласындағы нормативтік және әдістемелік құжаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін виртуалды көмекшілер енгізілді.
Осы бағыттағы даму жалғасып келеді. «Үлкен деректер» және ЖИ технологияларына ерекше назар аударылады, бұл көптеген күнделікті процестерді автоматтандыруға және аудиторлық тексерулер сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ЖИ агенттері пысықталуда, олар республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауға және Жоғары аудиторлық палатаның Парламентке берілетін жыл сайынғы есебін дайындауға көмектесетін болады.
Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні енгізу бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін едәуір арттыруға, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсартуға, мемлекеттік сатып алуды оңтайландыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата жұмысын цифрлық түрлендірудің негізгі мақсаты – бюджет ресурстарын бақылау жүйесінің әлеуетін барынша ашу.
Заңнамалық өзгерістер
Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы бюджет жүйесі мен сыртқы мемлекеттік аудитке негіз болатын қағидаларды жетілдіруге де назар аударды.
Жаңа Бюджет кодексін дайындауға және қабылдауға қатысу негізгі қадамдардың бірі болды. Онда маңызды өзгерістер бекітілді. Жоғары аудиторлық палата бюджеттен тыс қорларды тексеру, тексеру комиссиялары бойынша кадрлық шешімдерді келісуге қатысу, бюджет жобаларын, оның ішінде жергілікті деңгейде алдын ала бағалау құқығын алды. Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау жүйесіне онлайн қол жеткізу мүмкіндігі пайда болды, бұл бюджет қаражатын бақылауды едәуір күшейтуге мүмкіндік берді.
Жоғары аудиторлық палата берген ұсыныстардың бір бөлігі басқа заңдарға да енгізілді. Осылайша, мемлекеттік аудиторларды сертификаттау қағидалары мен бейіндік комиссияның жұмысы нақтыланды, бюджетті бағалауға арналған ақпаратты уақытылы ұсынбағаны үшін жауаптылық күшейтілді, аудит қорытындылары бойынша дауларды реттеу тәртібі нақтыланды. Бюджет қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау ресми түрде қаржылық бұзушылық ретінде бекітілді.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата аудиттің рәсімдік стандарттары мен әдістемелерін, сертификаттау қағидаларын, бірыңғай дерекқорды жүргізу тәсілдерін жаңартты және бұзушылықтар жіктеуішін бекітті. Мұның бәрі мемлекеттік аудитті барынша түсінікті, біркелкі және сапалы етеді.
Аудиторлық дипломатия
Шетелдік әріптестермен тәжірибе және білім алмасу – Жоғары аудиторлық палата жұмысының маңызды бөлігі.
2025 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның қатысуымен ТМҰ-ға кіретін елдердің жоғары аудит органдарының Стамбулда өткен кездесуі барысында Түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары
ұйымы – ТҮРКСАИ құру туралы декларацияға қол қойылды.
Жоғары аудиторлық палата ИНТОСАИ халықаралық жоғары аудит органдары ұйымының XXV Конгресі аясында Мысырмен және Өзбекстанмен кәсіби ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Қыркүйек айында Қытайда Жоғары аудиторлық палата делегациясының қатысуымен АЗОСАИ-дың жастарды жетілдіру бағдарламасы іске қосылды.
Сонымен қатар Палата Тәжікстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің жоғары аудит органдары басшыларының
7-ші кездесуіне қатысты.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның жоғары аудиторлық палатасы бүгінде АҚШ, Қытай және Ресейден бастап, Еуропа, Кавказ, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріне дейін барлық негізгі қатысушылармен берік әріптестік байланыс орнатқан халықаралық кәсіби қоғамдастықтың құрметті мүшесі болып табылады.
2026 жылға жоспар
2026 жылы жоғары аудиторлық палата қарқынды жұмысты жалғастырады. Отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдауға, инвестициялар тарту жөніндегі жұмысқа, «Жайлы мектеп» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларына, газ саласына, «Қазпошта» АҚ мен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің қызметіне, мемлекеттік ақпараттық саясатқа және басқа да өзекті бағыттарда 37 аудиторлық іс-шаралар жоспарланған.
Ең бастысы, Жоғары аудиторлық палата мемлекет пен қазақстандықтардың мүддесі үшін қызметін дәйекті түрде жақсартып, жетілдіреді.