
ҚР Жоғары аудиторлық палатасында Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі жанындағы өңірлік тексеру комиссияларының қызметін жетілдіру жөніндегі кіші комитеттің 3-ші отырысы өтті.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Н. Нұржановтың төрағалығымен тексеру комиссияларының есепті қаржы жылында жергілікті бюджеттердің атқарылуына кейіннен бағалау жүргізу тиімділігін арттыру талқыланды.
Қатысушылар кейіннен бағалау жүргізудің ерекшеліктері мен проблемалық аспектілерін, оның сапасына әсер ететін факторларды, сондай-ақ Абай, Алматы, Қостанай облыстарының және Алматы қаласының тексеру комиссиялары қызметінің көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарларының іске асырылу қорытындыларын қарады.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша тексеру комиссияларының төрағалары өз баяндамаларында негізгі проблемалық салаларды атап өтіп, жергілікті атқарушы органдар ұсынатын бюджеттің атқарылуы туралы ақпараттың сапасын арттыру жөніндегі шараларды ұсынды.
Атап айтқанда, өзекті қаржылық ақпараттық жүйелерге («Парус», «Фаворит», «1С:Кәсіпорын» және т.б.) қол жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ кейінгі бағалау процестеріне жасанды интеллект құралдарын енгізу қажет екені атап өтілді.
Бұдан басқа, Алматы және Қостанай, Абай облыстарының және Алматы қаласының тексеру комиссияларының төрағалары өз қызметтерін бағалау қорытындылары бойынша 2024 жылғы
іс-шаралар жоспарларының орындалуы туралы, сондай-ақ стандарттардың бұзылуына жол бермеу үшін қабылданған шаралар туралы және т. б. ақпаратты жариялады.
Отырыс қорытындысы бойынша мынадай тапсырмалар берілді:
- Бюджетті талдау және бағалау департаменті тексеру комиссияларына облыстық бюджеттердің атқарылуы туралы 2024 жылғы есептерді талдау нәтижелерін жіберсін;
- Сапаны бақылау және бағалау департаменті осыған ұқсас 2025 жылға бағалау жүргізу кезінде 4 тексеру комиссиясының қызметін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарларының орындалуын талдау нәтижелерін ескерсін;
- Тексеру комиссиялары өз қызметтерін бағалау көрсеткіштерін жақсарту және мәслихаттарға ұсынылатын бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептердің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдасын. Жоғары аудиторлық палатаға жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді ұсынудың рәсімдік стандартын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізсін, сондай-ақ әкімдіктермен қаржылық ақпараттық жүйелерге қолжетімділік беру туралы меморандумдар жасасуға бастама білдірсін.