Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің жоғары аудит органдары өкілдерінің ресми кездесуі өтті. Қазақстан тарапынан іс-шараға Әлихан Смайылов бастаған Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы түркі мемлекеттері жоғары аудит органдарының ТҮРКСАИ жаңа ұйымын құру мәселесін талқылау болды.
Жаңа кәсіби құрылым ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдарын біріктіреді. Бүгінде ТМҰ елдерінің жалпы халқы 160 млн адамнан асады, ал жиынтық ЖІӨ $1,8 трлн-нан жоғары.
Ұйымның негізгі мақсаты – түркі кеңістігіндегі аудит саласындағы кәсіби ынтымақтастықты күшейту. Бұл білім мен тәжірибе алмасуды, аудиторлық практикаларды жетілдіруді, мамандардың біліктілігін арттыруды, бірлескен және параллель аудиттер жүргізуді, сондай-ақ зерттеу жобаларын іске қосуды көздейді.
Өз сөзінде Әлихан Смайылов ТҮРКСАИ-дың ұзақ мерзімді дамуы мен басым міндеттері жөніндегі Қазақстанның көзқарасын таныстырды.
Ол ұйымның құрылуы түркі мемлекеттерінің институционалдық тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен есептілігін арттыруға деген ортақ ұмтылысын көрсететінін атап өтті.
«Бүгінгі оқиға – мемлекеттеріміздің жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы тарихи қадам. ТҮРКСАИ достықтың, сенімнің және кәсіби өзара іс-қимылдың берік көпіріне айналады деп сенеміз», — деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов цифрландыру дәуірінде Жоғары аудиторлық палата мына бағыттарға баса назар аударуды ұсынатынын атап өтті:
Сонымен қатар бірлескен аудиторлық іс-шаралар, практикалық тренингтер, халықаралық ұйымдардағы өзара қолдау және жалпы түркі мемлекеттерінің әлемдік аудит қауымдастығындағы ықпалын арттыру ерекше қызығушылық тудырады.
«Біз тұрақты диалог жүргізіп, ТҮРКСАИ-ды тиімді ынтымақтастықтың символына айналдырғымыз келеді. Жоғары аудиторлық палата жарғылық құжаттарды әзірлеуден бастап практикалық өзара іс-қимылға дейін ТҮРКСАИ қызметіне белсенді қатысуға дайын. Бұл – түркі халықтарының өркендеуі жолындағы ортақ еңбек», — деді Әлихан Смайылов.
Кездесу қорытындысы бойынша Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның жоғары аудит органдарының басшылары ТҮРКСАИ түркі мемлекеттерінің жоғары аудит органдары ұйымын құру туралы декларацияға қол қойды.
Алдағы үш жыл ішінде ұйымға Түркияның Есеп соты төрағалық етеді. Ал одан кейінгі кезеңдерде төрағалық әліпби ретімен ротациялық негізде айқындалатын болады.