Мемлекеттік аудиттен кейін білім беру саласындағы лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Мемлекеттік аудиттен кейін білім беру саласындағы лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Оқу-ағарту министрлігінің, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының лауазымды адамдары мен қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Биыл ақпанда орта білім беруді дамытуға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бағалау бойынша мемлекеттік аудит жүргізілді. Тексеру барысында аудиторлар педагогтерді даярлау мен жұмысқа орналастыру, білім беру процесін әдіснамалық қамтамасыз ету, мемлекеттік реттеу бөлігінде және т. б. бірқатар проблемалық мәселе мен кемшіліктерді анықтады.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылығына заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесін қарауды тапсырды.

Нәтижесінде:

  • ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары;
  • ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары;
  • Ш. Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінің ректоры;
  • Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры;
  • Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының проректоры;
  • С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің проректоры;
  • Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры;
  • М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің проректоры;
  • Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры;
  • Академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің проректоры;
  • Ш. Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтының проректоры;
  • М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің деканы;
  • А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушілері;
  • Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қаржы-экономикалық департаментінің директоры және аға ғылыми қызметкерлерінің бірі;
  • М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің мамандары әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшылары мен әдіскерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген басқа да тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуы бақылауда.