2020 жылғы 13 қазанда Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті, онда 2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асырылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.
Отырысқа индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Ақмола, Ақтөбе және Жамбыл облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ «ҚИК» ИҰ» АҚ өкілдері қатысты.
Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді, оған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы елеулі үлесін қосты, оның мақсаты жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру арқылы халықтың қалың жігінің тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру болып табылады.
Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы бағдарламаларына олардың орындалуы немесе асыра орындалуы туралы мәлімдеуге мүмкіндік беретін жекелеген нәтижелер көрсеткіштерін түзетумен байланысты өзгерістер ұдайы енгізілетіні байқалады. Бағдарламалардың ресми аяқталу мерзімін күтпей, ерте аяқтау практикасы наразылық тудырады.
Бағдарламада тұрғын үй бағасын ұстап тұру, құрылыс материалдары өндірісін кеңейту, халықтың төлем қабілеттілігін арттыру және басқалары сияқты тұрғын үй құрылысының дамуын тежейтін күрделі мәселелерді шешу көзделмеген.
Бағдарламаның нәтижелер көрсеткіштері де тұрғын үй құрылысы есебінен тұрғын үй қорын ұлғайтуға бағытталған, бірақ тұрғын үйге мұқтаждар санын азайту түріндегі құрылыстың әсерін сипаттайтын көрсеткіштерге байланыстырылымаған.
Жеке тұрғын үй құрылысының қолданыстағы тетігі оған мұқтаждар санын азайтуға ықпал етпейді. Аудит жүргізілген кезеңде жер учаскелеріне инфрақұрылым жүргізуге 200 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда, осы бағытта өзіне тиесілі жерін алу үшін кезекте тұрғандардың саны артып, 1,5 млн. адамға жеткен.
Дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруға формальды түрде қарау байқалады. Қаражат бөлудің мақсаты құрылыс саласын қолдау, жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жеңілдікті кредиттер беру болды. Іс жүзінде аталған іс-шаралар 2019 жылғы желтоқсанда қабылданған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасын қосымша қаржыландыруға бағдарланды. Алайда, дағдарысқа қарсы қаражаттың тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін жұмыс орындарының саны, жеңілдікті қарыздар саны бойынша көрсеткіштер оның құрамында көзделмеген.
Сонымен қатар, салынып жатқан тұрғын үйді іске қосу қарқыны ағымдағы сұранысты қанағаттандырмайтынын түсіне тұра, «5-10-20» бағдарламасы бойынша жеңілдікті кредиттер алу мүмкіндігі бастапқы жарна енгізуге мүмкіндігі жоқ кезекте тұрғандарға берілген.
Бағдарлама шеңберінде салынған тұрғын үйлерді бөлу кезінде жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы мәселелерінің жүйелі пысықталмағаны байқалады.
Ақмола, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында жүргізілген аудит нәтижелері Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға теріс әсер еткен кемшіліктер мен мәселелердің бар екенін көрсетеді.
Атап айтқанда: игерілген қаражат көлеміне қарамастан, қаражатты жоспарлаудың негізгі тәсілдері сақталмайды. Бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне қол жеткізбеу тәжірибесі бұрынғыша сақталып отыр, құрылыстың нормативтік мерзімдері сақталмайды, құрылыс жұмыстарының сапасы қамтамасыз етілмейді.
Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы министрліктеріне мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында дағдарысқа қарсы іс-шараларға бөлінген қаражатты игеру есебінен қол жеткізу болжанып отырған нәтижелер көрсеткіштерін бекіту жөнінде ұсынымдар берді. Құрылыс қызметі және тұрғын үй қатынастары саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы тетігін жетілдіру, сондай-ақ бірқатар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу ұсынылды.
Аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша тапсырмалар берілді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдерді қабылдау үшін 10 материал жіберілді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі