ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов ТМД-ға мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит (қаржылық бақылау) органдары басшылары кеңесінің ХХІ сессиясына қатысты. Іс-шара Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласында өтті. Онда осы күндері ИНТОСАИ халықаралық ұйымының XXV Конгресі өтіп жатыр.
Отырысқа қатысушылар Кеңестің өткен кезеңдегі қызметі туралы есепті қарап, ТМД елдеріне арналған мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының нәтижелерімен танысты, келісілген әдіснамалық құжаттарды және алдағы жұмыс жоспарын бекітті.
Негізгі жиын мемлекеттік аудит процестеріндегі цифрлық трансформация туралы тақырыптық сессия болды. Онда Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанның жоғары аудит органдарының уәкілетті өкілдері сөз сөйледі.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов өз баяндамасында атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдары Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру стратегиялық міндетін қойды.
Ол үшін республикада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, халықаралық Alem.ai ЖИ орталығы ашылды, үш суперкомпьютерлік кластер құрылып, Цифрлық кодекс әзірленуде.
«Мемлекеттік аудит те бұл өзгерістерден тыс қалмайтыны анық. Жаңа технологиялар бізге нақты уақыт режимінде аудит жүргізу, тәуекелдер мен бұзушылықтарды анықтау үшін деректер талдауын пайдалану, предиктивті модельдерді қолдану сияқты үлкен перспективаларға жол ашады», — деді Әлихан Смайылов.
Ол Жоғары аудиторлық палатаның осы бағыттағы нақты қадамдар жасап жатқанын атап өтті.
Аудитті жоспарлаудан бастап сапаны бақылауға дейінгі аудиторлық қызметтің барлық бизнес-процесін қамтитын Палатаның интеграцияланған ақпараттық жүйесі белсенді дамып келеді. Бүгінгі таңда ол мемлекеттік органдардың 13 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған және барлық бюджет қаражатын алушыны қамтиды.
Аудиторларды сертификаттау рәсімі де цифрландырылды.
Қазіргі уақытта ЖИ агенттері пысықталып жатыр. Олар республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауға және Жоғары аудиторлық палатаның жыл сайынғы Парламентке есебін дайындауға көмектесетін болады.
«Аудитордың рөлі біртіндеп өзгеруде. Бұрын бастапқы деректерді жинауға, тексеруге және талдауға көп көңіл бөлінетін. Бүгінде бұл міндеттер автоматтандырылуда. Мемлекеттік аудиторлар стратегиялық міндеттерге, сыни талдауға, жүйелік проблемаларды анықтауға және ұсынымдар әзірлеуге ден қоя алады», — деді Әлихан Смайылов.
Ол жаңа жағдайдағы жоғары аудит органдарының рөлі цифрландыру шараларының тиімділігін бағалауда ғана емес екенін атап өтті. Болуы мүмкін тәуекелдерді алдын ала анықтап, үкіметтерге ескерту маңызды. Соның ішінде дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ ЖИ қолданудың этикалық алғышарттары бар.
Кеңестің ХХІ сессиясы барысында Әлихан Смайылов Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы төрағалық ететін ТМД-ға арналған мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының қызметі туралы ақпаратты ұсынды.
Биыл үш жаңа әдіснамалық құжат жобалары мақұлданды:
біріншісі жоғары аудит органдарына (ЖАО) аудит жүргізу және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша жұмыс істеу кезінде бірыңғай қағидалар бойынша әрекет етуге көмектеседі;
екіншісі ЖАО институционалдық әлеуетін дамытуға бағытталған;
үшіншісі аудиторлық тексерулер өткізу кезінде жиынтық қаржылық ақпаратты қалыптастырудың, пайдаланудың және бағалаудың негізгі қағидаттарын айқындайды.
Отырыс қорытындысы бойынша ТМД елдерінің жоғары мемлекеттік аудит (қаржылық бақылау) органдары басшылары кеңесінің келесі ХХІІ сессиясы 2027 жылы Қазақстанда өтетіні жарияланды.