Мемлекеттік аудиттен кейін жаңа қазынашылық механизмі енгізілді

Мемлекеттік аудиттен кейін жаңа қазынашылық механизмі енгізілді

Жоғары аудиторлық палата өткен жылы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің қызмет тиімділігіне аудит жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша Үкіметке республикалық бюджет шотында қаражат тапшылығы болжанған жағдайда жергілікті бюджеттердің шоттарындағы уақытша бос қаражатты тарту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Нәтижесінде тиісті норма биыл көктемде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Бюджет кодексінде бекітілді.

Қаржы министрінің бұйрығымен қаражат тартудың нақты механизмі 2025 қаржы жылына арналған бюджетті орындау және оның кассалық қызмет көрсету қағидаларында бекітілді.

Бұл жаңашылдық қаражатты тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Республикалық бюджет шотында уақытша қаражат тапшылығы туындаған жағдайда Қазынашылық жергілікті бюджеттердің бос қаражатын жедел пайдалана алады, ал қарызға немесе резервтерді пайдалануға жүгінудің қажеті болмайды.

Мұндай тәсіл бюджеттің тұрақты орындалуын қамтамасыз етіп, төлемдердің кешігуін барынша азайтады және мемлекеттің қарыз алу қажеттілігін төмендетеді.

Сонымен қатар ішкі пайдаланылмаған ресурстарды тарту қаржыны басқару жүйесін неғұрлым икемді әрі ұтымды етеді. Жергілікті бюджеттердің бос қаражаты мемлекет мүддесіне сай ортақ мақсаттарға жұмсалып, кейін өңірлердің шоттарына қайта қайтарылады.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген өзге де тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауда болады.