Салықтық әкімшілендіруді автоматтандыру бойынша жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде

Салықтық әкімшілендіруді автоматтандыру бойынша жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әкімшілендіру процестерін автоматтандыру үшін жаңа цифрлық шешімдер енгізуде. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша жүргізіліп жатыр.

Салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға анықталған кемшіліктер мен олқылықтарды жою жөнінде бірқатар тапсырма берілген.

Сол талаптардың бірі – салық төлеушілерге қатысты банкроттық немесе оңалту шараларының басталғаны туралы деректердің уақытылы берілуін қамтамасыз ету. Бұрын салық органдарының қызметкерлері мұндай мәліметтерді Интеграцияланған салықтық ақпараттық жүйеге (ИСАЖ) қолмен енгізетін, одан әрі ақпарат бірнеше аралық жүйе арқылы өңделетін. Бұл көп уақытты талап етіп, қателердің туындау тәуекелін арттыратын.

Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасын орындау аясында бұл процестер жаңа Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесіне (ИСӘЖ) ауыстырылды. Бұл жүйе 7 ескі жүйенің (ИСАЖ, ОБЖШ, Акциз, СЕӨЖ, ТМК, Портал, ИШ) функцияларын біріктіреді және онлайн-режимде жұмыс істейді. Атап айтқанда, банкроттық және оңалту туралы ақпарат енді «Салық төлеушілер мен бақылау-кассалық машиналарды тіркеу» модулінде автоматты түрде жаңартылып, бірден «Жеке шоттар» модуліне беріледі. Бұл қолданыстағы заңнамаға сәйкес өсімпұл есептеуді жедел түрде тоқтатуға мүмкіндік береді.