Қазақстан мен Қытайдың жоғары аудит органдарының басшылары цифрландыру мен аудиторлардың жаңа буынын даярлау мәселесін талқылады

Қазақстан мен Қытайдың жоғары аудит органдарының басшылары цифрландыру мен аудиторлардың жаңа буынын даярлау мәселесін талқылады

Қытайдың Нанкин қаласында ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов пен ҚХР Ұлттық аудит кеңсесінің бас аудиторы Хоу Кайдың екі жақты кездесуі өтті. Келіссөздер Жоғары аудиторлық палатаның ресми делегациясының Қытайға жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды.

Тараптар АЗОСАИ-дың жастарды жетілдіру бағдарламасын іске қосу, кадр әлеуетін дамыту және мемлекеттік аудит органдарын цифрландыру, бұрын жүргізілген қатар аудиттердің қорытындыларын, жетекші халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Қытай арасында экономика, мәдениет салаларында қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастық жолға қойылғанын әрі ол ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан достық пен және өзара сыйластықпен нығая түсетінін атап өтті. Мемлекеттердің екіжақты байланысы 550-ден астам әртүрлі шарт пен келісім арқылы реттеледі.

«Екі елдің басшылары әртүрлі алаңдарда жиі кездесіп тұрады. Бұл Қазақстан-Қытай байланысының орнықты және көпқырлы сипатын көрсетеді», — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

2006 жылы ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен ҚХР Ұлттық аудит кеңсесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, 2019 жылы өзектілендірілді.

Екі ведомствоның ресми делегациялары кәсіби мәселелер мен сын-қатерлерді талқылау мақсатында түрлі форматта үнемі кездесіп тұрады.  

Қазақстандық аудиторлар Нанкин аудит университетінде білім алады, сондай-ақ АЗОСАИ өңірлік ұйымының желісі бойынша семинарлар мен тренингтерде қытайлық әріптестерімен тәжірибе алмасады. Ведомстволар арасындағы нәтижелі қатынас ШЫҰ шеңберінде де жолға қойылған.

Әлихан Смайылов ҚХР Ұлттық аудит кеңсесінің АЗОСАИ жастарды жетілдіру бағдарламасын іске қосу жөніндегі бастамасын жоғары бағалады. Ол аталған бағдарламаның стратегиялық ойлауға және заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеуге қабілетті аудиторлардың жаңа буынын даярлауға айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.

«Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы кадр әлеуетін дамытуға және қызметті цифрландыруға баса назар аударады. Бізді Қытайдың мемлекеттік аудит саласында қолданатын әдіс-тәсілдері қызықтырады», — деді Әлихан Смайылов.

Ол болашақта екі ведомствоның ынтымақтастығы стратегиялық, экологиялық және цифрлық аудитте тәжірибе алмасу, бірлескен тағылымдамалар мен тренингтер, АЗОСАИ және ШЫҰ аясында жас мамандарға арналған білім беру жобалары, сондай-ақ мемлекеттік аудит және орнықты даму бастамалары арқылы дами беретінін атап өтті.

«Қазақстан мен Қытайдың осы бағыттағы күш-жігерін біріктіру бізге кәсіби дамуға жаңа серпін беріп, екіжақты байланысты нығайтады деп сенеміз», — деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде ҚХР Ұлттық аудит кеңсесінің бас аудиторы Хоу Кай мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен қатарлас аудиторлық іс-шаралар өткізуге дайын екенін білдірді.

АЗОСАИ Басқарма кеңесінің келесі отырысы Қазақстан мен Қытайдың жоғарғы аудиторлық органдарының қатысуымен 2026 жылы Астанада өтеді.