ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер тиісті рәсімдердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Аталған жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді.
Мамыр айында Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит нәтижесінде Министрлікке мынадай тапсырмалар берілді:
– Сараптамалық кеңес жұмысының және тексеру жүргізуге өтініш берудің нақты мерзімдерін бекіту үшін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау қағидаларына өзгерістер енгізу;
– инспекцияларды ұйымдастыру және өткізу мерзімдері бөлігінде сараптама қағидаларын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкестендіру.
Аталған тапсырмаларды орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрінің 25 тамыздағы № 83 бұйрығы қабылданды. Бұйрық Сараптамалық кеңес жұмысын, тексеруді ұйымдастыру және өткізу мерзімдерін нақтылайды.
Қабылданған шаралар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар айналымындағы рәсімдердің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен халыққа қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.
Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген басқа да тапсырмалар мен ұсынымдарды орындау жұмысы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.