Астанаға Әзербайжан Есеп палатасының төрағасы Вюгар Гюльмамедов бастаған ресми делегация келді. Олар Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының өкілдерімен бірлескен іс-шараларға қатысады.
Жұмыс сапары 2024-2026 жылдарға арналған екі ведомствоның ынтымақтастығын күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру шеңберінде өтіп жатыр.
Бірінші кезекте Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекеттік аудиторларымен семинар өтті. Экология саласында тиімділік аудитін жүргізудің әдістемелік тәсілдері, бюджеттің атқарылуы туралы қорытындылар дайындау, сондай-ақ шоғырландырылған қаржылық есептілікке аудит жүргізу сияқты тақырыптар талқыланды.
Ведомство басшыларының қатысуымен өткен екі делегацияның ресми кездесуі барысында алдағы уақыттағы бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттары қаралды.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ынтымақтастықты дамыту үшін екі мемлекеттің жоғары аудит органдарының айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті.
Ол елімізде мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жалғасып жатқанын және Жоғары аудиторлық палата үшін әзербайжандық әріптестермен тәжірибе мен білім алмасу өте маңызды екенін атап өтті. Цифрландыру, озық АТ-шешімдер енгізу, жасанды интеллект пен ауқымды деректерді пайдалану бұл жұмыстың негізгі бағыттары болып отыр.
«Біз Әзербайжан Есеп палатасымен ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан достық қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Біздің бірлескен күш-жігеріміз екі елдің мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етеді деп үміттенеміз», — деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Өз тарапынан Вюгар Гюльмамедов Әзербайжан мен Қазақстан халықтары арасындағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, екі елде мемлекеттік қаржылық бақылаудың қағидаттары мен әдістері, сондай-ақ бақылау органдарының құрылымы ұқсас.
«Бұл тәжірибе алмасу үшін жақсы негіз және біздің ұлттық жүйелерімізді жетілдіруге ықпал етеді», — деді Вюгар Гюльмамедов.
11 қыркүйекте екі елдің мемлекеттік аудиторларының қатысуымен экология саласындағы қатарлас аудит қорытындысына арналған отырыс өтеді. Оның мақсаты – Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары аудит органдары арасындағы әріптестікті нығайту, сондай-ақ екі мемлекетте де экологиялық аудиттің сапасын арттыру. Аудит тақырыбы – биологиялық әралуандықты сақтау.