Қазақстанда мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалаудың жаңа тәсілдері әзірленуде

Қазақстанда мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалаудың жаңа тәсілдері әзірленуде

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мамандары мен «Назарбаев Университетінің» ұлттық талдау орталығының өкілдері бірлескен дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы мемлекеттік органдар қызметін бағалаудың жаңа тәсілдері болды.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Юлия Энгельдің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесінде республикада мұндай бағалаудың 9 түрлі форматы қолданылатыны анықталған. Мысалы,  Ұлттық экономика министрлігі өңірлердің инвестициялық тартымдылығын зерделейді, Бас прокуратура құқық қорғау органдарының жұмысын тексереді, Өнеркәсіп министрлігі өнеркәсіптің жай-күйі туралы баяндама жасайды, Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың ашықтығын бағалайды және т.б.

Алайда бұл бағалаулар бір-бірімен үйлеспейді, көбіне бірін-бірі қайталайды және тұтас ахуалды сипаттамайды. Сондықтан қазіргі уақытта оларды бірыңғай жүйеге біріктіру идеясы талқыланып жатыр.

Мәселен, көптеген есептің орнына 4 базалық индекс енгізу ұсынылады, сол арқылы мемлекеттік органдардың қызметі бағаланады. Олар:

1️⃣ Мақсаттарға қол жеткізу: жоспарлар қалай іске асырылуда және бюджет қаражаты қаншалықты тиімді жұмсалуда;

2️⃣ Ашықтық: есеп беру, өтініштермен жұмыс істеу және адамдармен өзара іс-қимыл;

3️⃣ Цифрлық даму: технологиялар мен цифрлық шешімдерді пайдалану;

4️⃣ Сервис: мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы және клиентке бағдарлану деңгейі.

Бұл ретте әртүрлі мемлекеттік органдарды емес, әр органды өзінің өткен кезеңдегі көрсеткіштерімен салыстыру ұсынылады. Бұл тәсіл арқылы оң немесе теріс өзгерістердің динамикасын көріп отыруға болады.

Бағалау нәтижелері халықаралық рейтинг сияқты әріптік шкаламен белгіленбек (мысалы: AAA, AA, A, BBB, BB және т.б.). Бұл нәтижелерді анық әрі объективті түсіндіруге мүмкіндік береді.

Бағалаудың сапалық көрсеткіштеріне ерекше назар аударылады. Өткізілген іс-шаралардың саны үшін формальды жолмен қойылатын көрсеткіштердің орнына саланың немесе өңірдің дамуына іс жүзінде әсер ететін көрсеткіш ескеріледі. Әр мемлекеттік орган үшін оның қызметіне тікелей байланысты бірнеше жеке KPI (негізгі тиімділік көрсеткіштері) белгілеу жоспарланып отыр.
 
Бағалауды жылына 3 рет, яғни жазда, ақпанда және мамырда жүргізу ұсынылады. Бұл жердегі мақсат – алдымен аралық нәтижелерді анықтау, кейін алдын ала қорытындыларды көру және соңында толық қорытынды шығару.

Барлық дерек Smart Data Ukimet цифрлық жүйесі арқылы жиналып, талданады деп болжануда. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, субъективтілікке жол бермейді.

Аталған өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалауды нақты даму құралына айналдыру. Үздік тәжірибе қолданылып, көрсеткіштері төмен мемлекеттік органдар үшін жақсарту жоспарлары жасалады. Егер мемлекеттік орган қатарынан 2 жыл бойы төмен нәтиже көрсетсе, бұл кадрлық шешімдер қабылдау үшін негіз болады.

Қорытынды нәтижелер мемлекеттік органдардың қызмет тиімділігін бағалаудың интернет-порталында, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата ҚР Парламентіне ұсынатын «Мақсаттарға қол жеткізу» индексінің құрамында ашық түрде жарияланатын болады.