Мемлекеттік аудиторлар ғылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатының қаншалықты тиімді пайдаланылатынын тексерді. Аудит нәтижелері ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды.
Талқылауға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, министрліктің жауапты лауазымды адамдары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жүргізілген аудит одан әрі жетілдіруді талап ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында стратегиялық жоспарлау, негізгі институттардың қызметі және саланы нормативтік реттеу бар.
Мәселен, ғылымды қаржыландыру көлемінің 219 млрд теңгеге дейін өсуіне қарамастан, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындардың үлесі төмен. Аудиторлар қолданбалы ғылыми әзірлемелер енгізуді жандандырып, оларды экономиканың нақты секторының сұраныстарына бейімдеу қажеттігіне де назар аударды.
Бағдарламалық құжаттарда белгіленген ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттары Ғылым және жоғары білім министрлігінің даму жоспарында толық көрініс таппаған. Ғылым комитеті мен салалық мемлекеттік органдар арасында тиісті өзара іс-қимылдың жоқ екені де байқалады, бұл ғылыми әзірлемелерді сапалы енгізуде тәуекелдер туындатады.
Ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) жұмысында қосымша назар аударуды қажет ететін факторлар анықталды. Кеңестердің жекелеген мүшелері бір мезгілде бірнеше қаржыландырылатын жобаға қатысқаны анықталды, бұл мүдделер қақтығысы тәуекелін туындатады және реттеу рәсімдерін одан әрі жетілдіруді талап етеді.
«Сонымен бірге ғылыми кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларды есепке алмай қабылдаған шешімдері үшін, бұзушылықтары бар жобаларды мақұлдағаны үшін, сондай-ақ өздері бұрын мақұлдаған жобаларды қаржыландыруды тоқтатқаны үшін жауапкершілігі белгіленбеген», — деп атап өтті аудиторлар.
Ғылыми конкурстарды айтарлықтай кешіктіріп жариялау, кейбір жағдайларда 500 күннен артық кешіктіру фактілері тіркелді. Ғылыми-техникалық сараптама рәсімдерінің мерзімдері сақталмайды.
Қаражаттың пайдаланылуын және нәтижелерге қол жеткізілуін бақылауды қамтамасыз етуге арналған ғылыми жобалардың мониторингі айтарлықтай нәтиже бермейді. Ескертулер, пысықтау бойынша ұсынымдар немесе жекелеген кемшіліктері болса да, жобалар одан әрі қаржыландырылып отырған.
Ғылым қорын коммерцияландыру жобаларын іске асыруда да кемшіліктер бар. Аяқталған 42 жоба жоспарлы сату көлеміне жетпеген, ал 8 жоба бойынша мүлде өнім шығарылмаған.
Жетекші жоғары оқу орындарының жанынан инжинирингтік орталықтар мен технопарктер ашуда қаражатты мақсатқа сай пайдаланбау және сатып алу құнын арттыру фактілері анықталды.
Барлық анықталған бұзушылықтар мен жүйелі кемшіліктерді жою үшін Үкіметке, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және басқа да бейінді мекемелерге тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.