Абай облысында әлеуметтік маңызы бар ауданаралық автобус қатынастарын субсидиялау қолға алынды. Тиісті шаралар мемлекеттік аудиттен кейін Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша қабылданды.
Өткен жылдың мамыр айында Жоғары аудиторлық палата өңірдегі бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудитті аяқтады. Нәтижесінде, маслихатпен ресми бекітілгеніне қарамастан, ауданаралық автобус маршруттары бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауға қаражат бөлінбегені анықталды.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Абай облысының әкіміне жолаушыларды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында ауданаралық маршруттарды субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Нәтижесінде 2025 жылға арналған үш жылдық өңірлік бюджетті бекіту кезінде осы мақсатта 162 млн теңге бөлінді. Тасымалдаушылармен субсидиялау туралы тиісті шарттар жасалды. Қазіргі уақытта көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген өзге де ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.