«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ инновациялық және экологиялық жобаларды қаржыландырудың басымдығын арттырды. ҚДБ Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша Даму индексін есептеу әдістемесіне тиісті өзгерістер енгізді.
2024 жылғы қыркүйекте жүргізілген мемлекеттік аудит ҚДБ-ның өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі бағдарламалары тұтастай алғанда салалық басымдықтарға сәйкес келетінін көрсетті. Алайда айқын инновациялық және экологиялық құрамдас бөлігі бар жобаларды қолдау деңгейі төмен екені анықталды. Бұл Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген мемлекет саясатының мақсаттарына қайшы келеді.
ҚДБ басқармасы Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша даму индексін есептеу әдістемесіне түзетулер енгізді. Атап айтқанда, K5 және K6 көрсеткіштері жаңартылды, енді олар жобалардың технологиялылық дәрежесін, салалық басымдығын, жаңашылдығын және оларды іске асыру кезінде жасыл технологияларды пайдалану дәрежесін ескереді.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі енгізілген өзгерістердің Холдингтің жаңартылған инвестициялық саясатының талаптарына сәйкес келетінін растады.