Агросубсидия алушыларға мемлекет алдындағы қарсы міндеттемелер бекітілді

Агросубсидия алушыларға мемлекет алдындағы қарсы міндеттемелер бекітілді

Қазақстанда агросубсидия алушыларға қарсы міндеттемелер заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша іске асырылды.

Өткен жылдың желтоқсан айында Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудитті аяқтады.

Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке заңнамаға өзгерістер енгізіп, субсидия алушылардың «қарсы міндеттемесі» ұғымын ресми түрде бекіту ұсынылды. Бұл – олардың жауапкершілігі мен агросектордағы мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттырудағы маңызды қадам.

Нәтижесінде 2025 жылғы 12 маусымдағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен қажетті түзетулер қабылданды.

Енді фермерлер мен ауылшаруашылығы компаниялары оларға салынған мемлекет қаражатының тиімділігін дәлелдеуге міндетті болады. Мысалы, өндірісті ұлғайту, жұмыс орындарын құру немесе өнімділікті арттыру арқылы. Нәтижесінде бұл субсидиялардың мақсатқа сай пайдаланылуын бақылауды күшейтуге және олардың тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген басқа да тапсырмалары мен ұсынымдарын орындау бойынша жұмыс жалғасуда.