Қазақстан делегациясы Бакуда өткен АЗОСАИ-дың және АРАБОСАИ-дың негізгі іс-шараларына қатысты

Қазақстан делегациясы Бакуда өткен АЗОСАИ-дың және АРАБОСАИ-дың негізгі іс-шараларына қатысты

2025 жылғы 17-18 шілдеде Әзербайжанның Баку қаласында Азия жоғарғы аудит органдары ұйымының (АЗОСАИ) Басқарма кеңесінің 62-отырысы және АЗОСАИ-АРАБОСАИ біріккен 1-отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Қытай, Үндістан, БАӘ, Пәкістан және Азия мен Таяу Шығыстың басқа да елдерінің жоғарғы аудит органдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың бақылаушылары қатысты.

Отырыс барысында алдыңғы жиналыстардың хаттамалары бекітіліп, АЗОСАИ қызметі туралы есептер, соның ішінде 2024 жылғы қаржылық есеп және 2026-2028 жылдарға бюджеттік жоспары таныстырылды. Сонымен қатар басқа аймақтық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту механизмдері талқыланды.

АЗОСАИ жұмыс топтарының экологиялық аудит, Орнықты даму мақсаттары, дағдарысқа қарсы басқару, АТ-аудит сияқты өзекті мәселелер бойынша баяндамалары тыңдалды.

Қаржылық тұрақтылық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар инфляция мен қарыз алу құнының өсуінің мемлекеттік бюджеттерге әсерін талқылап, қаржылық тәуекелдерді азайтудың үздік тәжірибелерімен алмасты.

АЗОСАИ Хатшылығы 2026 жылы АЗОСАИ Басқарма кеңесінің 63-отырысының Қазақстан Республикасының Астана қаласында өтетінін ресми түрде жариялады.

«Келесі отырыстың Қазақстанда өткізілуі біздің ынтымақтастығымызды нығайтуға және бірлескен жобаларды ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады», — деп атап өтті Жоғарғы аудиторлық палатаның мүшесі Рүстем Нұрпейісов.

Сонымен қатар,һ отырыс аясында 2025-2031 жылдар аралығында ИНТОСАИ Басқарма кеңесіндегі АЗОСАИ өкілдері мен 2026-2028 жылдар аралығында ИНТОСАИ сыртқы аудиторы лауазымдарына сайлау өтті. Дауыс беру нәтижесі бойынша БАӘ мен Пәкістан жоғарғы аудит органдары ИНТОСАИ Басқарма кеңесіндегі АЗОСАИ өкілдері, ал Корея Республикасының жоғарғы аудит органы ИНТОСАИ сыртқы аудиторы болып сайланды.