Астанада ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен РФ Есеп палатасы басшыларының ресми кездесуі өтті. Іс-шара ресейлік мамандардың елімізге жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов пен РФ Есеп палатасының төрағасы Борис Ковальчук дөңгелек үстелді қорытындылап, екі елдің жоғары аудит органдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған аудит қызметін цифрландыру, тәжірибе алмасу, бірлескен оқу іс-шараларын өткізу сияқты өзекті бағыттар талқыланды.
Өз сөзінде Әлихан Смайылов екі ведомство арасындағы әріптестік көпжылдық ынтымақтастыққа, өзара құрмет пен сенімге негізделгенін атап өтті.
Бүгінде бұл ынтымақтастық екіжақты форматта да, сондай-ақ ИНТОСАИ, АЗОСАИ, ШЫҰ, ТМД және ЕАЭО сияқты жетекші халықаралық ұйымдар аясында да белсенді дамып келеді. Бұл ұлттық аудит органдарының халықаралық аренадағы ұстанымдарын үйлестіруге және нығайтуға мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов ҚР Жоғары аудиторлық палатасы төрағалық ететін ТМД елдерінің мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының қызметіне РФ Есеп палатасының қосқан үлесін атап өтті. Қазіргі уақытта осы жұмыс тобы аясында үш құжат жобасы мақұлданды.
Ынтымақтастық Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де белсенді жалғасуда. Екі тарап он жылдан астам уақыт ЕАЭО органдарының сыртқы аудитін, сондай-ақ кедендік баждардың жиналу және бөліну тәртібін бірлесіп тексеруді табысты жүзеге асырып келеді. Бұл өзара сенім мен кәсіби деңгейдің жоғары екендігін көрсетеді.
«Біз Ресей Федерациясында мемлекеттік аудит саласында қолданылатын тәсілдер мен құралдарды қызығушылықпен зерттеп отырамыз және өз тарапымыздан да тәжірибемізбен, жетістіктерімізбен бөлісуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Төраға ресейлік әріптестеріне Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесінің реформасы туралы да баяндады.
✔️ Реформа аясында Жоғары аудиторлық палатаның мәртебесі арттырылып, өкілеттігі кеңейтілді.
✔️ 2023 жылдан бастап Палата жергілікті бюджеттерге аудит жүргізе алады және басқа мемлекеттік аудит органдары жүргізген тексерулердің қорытындыларын қайта қарай алады.
✔️ Парламентпен өзара іс-қимылды күшейту мақсатында Мәжілістің сұрауы бойынша екі тақырыптық есеп дайындалып, ұсынылады.
✔️ Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудитор лауазымына үміткерлер үшін бірыңғай емтихан өткізетін өкілеттікке ие болды. Бұл кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Аудит қызметін цифрландыру, оның ішінде заманауи ақпараттық технологияларды, жасанды интеллект пен үлкен деректерді өңдеу құралдарын енгізу даму бағыттарының бірі болып отыр.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның әлеуетін нығайту, тек аудиттің ғана емес, мемлекеттік орган қызметінің сапасын бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар іске асырылуда.
«Жоғары аудиторлық палатаның құзыретін кеңейту – инновациялық тәсілдерді, озық халықаралық тәжірибе мен стандарттарды тұрақты енгізуді, барлық институционалдық және ұйымдастырушылық аспектілерді терең пысықтауды, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін жүйелі арттыруды талап етеді», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мемлекеттік аудит саласындағы өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасу екі тарапқа да нақты пайда әкелетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Ресей Федерациясы Есеп палатасының төрағасы Борис Ковальчук ведомствоның қызметі туралы, жүргізіліп жатқан цифрлық трансформация жөнінде баяндады. Қазіргі уақытта бірыңғай цифрлық платформаны құруды қоса алғанда жеті жаңа цифрлық жоба іске асырылуда. Алдағы екі жыл ішінде Есеп палатасының цифрлық инфрақұрылымын толық жаңарту жоспарланып отыр.
«Біздің елдер рухани жақын, ортақ тұстарымыз көп. Осындай кездесу өткеніне біз өте қуаныштымыз», — деп қорытындылады Борис Ковальчук.