Ұлттық компаниялар пайдаланылмаған қаражатты жыл соңында бюджетке қайтарады

Ұлттық компаниялар пайдаланылмаған қаражатты жыл соңында бюджетке қайтарады

Қазақстанда квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жарғылық капиталды қалыптастыруға немесе ұлғайтуға бөлінген, бірақ қаржы жылының соңында пайдаланылмай қалған бюджет қаражатын қайтару механизмі бекітілді.

Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде Мемлекет басшысы биыл 15 наурызда қол қойған жаңа Бюджет кодексінде тиісті норма бекітілді.

Бұл қадам мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық компаниялардың шоттарында «қажетсіз бос жатудың» орнына қаржы бюджетке қайтарылады. Нәтижесінде қаражат анағұрлым маңызды және шұғыл міндеттерге, мысалы, ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталуы мүмкін.

Мұндай тәсіл бюджет қаражатын мақсатсыз немесе тиімсіз пайдалану тәуекелін азайтуға, ашықтық пен есептілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Квазимемлекеттік сектор ұйымдары бөлінген ресурстарды жоспарлау мен жұмсауға жауаптылықпен қарайтын болады, себебі пайдаланылмаған қалдық енді жыл соңында міндетті түрде қайтарылуы тиіс.