Сертификаттау саласындағы аккредиттеу аттестаты цифрлық форматқа ауыстырылды

Сертификаттау саласындағы аккредиттеу аттестаты цифрлық форматқа ауыстырылды

Тауарлардың немесе көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын тексеретін сынақ зертханалары мен басқа сертификаттау ұйымдары жұмыс істеуге берілетін рұқсатты цифрлық форматта ала бастайды. Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша тиісті шаралар қабылданды.  

Бұған дейін ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының жұмысына мемлекеттік аудит жүргізілді. Тексеру барысында Ұлттық аккредиттеу орталығы 550 кәсіпкерге заң талаптарына сәйкес арнайы бланкідегі аккредиттеу аттестаттарын бермегені анықталды.

Бұл аттестаттар сынақ зертханалары, сертификаттау органдары, инспекциялық және калибрлеу ұйымдары сияқты сәйкестікті бағалайтын ұйымдарға беріледі. Мұндай аттестат өнімнің, көрсетілетін қызметтердің немесе өндірістік процестердің сапасын объективті және дұрыс тексеру үшін ұйымның құзыретті екенін, оған қажетті жабдықтары, персоналы және рәсімдері бар екенін ресми түрде растайды.

Қатаң есеп беру құжаттарына қойылатын талаптарды бұзу кәсіпкерлерді аккредиттеу сертификаттарының жарамсыз деп танылу тәуекелін туындатады.

Жоғары аудиторлық палата аталған бұзушылықты жою және алдағы уақытта рәсімді жеңілдету үшін Сауда министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді және аттестаттарды беру процесін цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырды.

Нәтижесінде 2025 жылғы 19 мамырда «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңға өзгерістер енгізілді (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Енді кәсіпкерлер аккредиттеу аттестаттарын электронды түрде тез және қағазбастылықсыз ала алады.

Бұл – Қазақстанда цифрландыру мен бизнес үшін рәсімдерді оңайлатуға бағытталған тағы бір қадам.

Анықтама ретінде: Сәйкестікті бағалау – бұл өнімді, көрсетілетін қызметтерді немесе процестерді белгіленген талаптар тұрғысынан тексеру процесі. Мысалы, санитарлық нормалар бойынша тамақ өнімдерінің сапасын тексеру, тұрмыстық техниканы қауіпсіздік тұрғысынан сертификаттау, құрылыс материалдарын беріктікке сынау және т.б.