Жоғары аудиторлық палата бюджет саласындағы бұзушылықтардың алдын алуда бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейтті. Бұл туралы Палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда қол қойған жаңа Бюджет кодексінде бюджет саласындағы бұзушылықтардың алдын алуға қатысты Жоғары аудиторлық палатаның бірқатар ұсынымы ескерілгенін атап өтті.
Атап айтқанда, ҚР Үкіметі республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде өткен қаржы кезеңіндегі Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарының орындалу туралы ақпаратты көрсетуге міндетті деген норма қабылданды. Бұл норма бойынша ақпарат 2025 жылғы есепте көрсетілуі керек.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата әлемнің жетекші елдеріндегі есеп палаталары мен парламенттер арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесін талдады.
«Осыны ескере отырып, біз Парламент депутаттарына мемлекеттік аудит нәтижелерін тұрақты түрде ұсынып отыруды аса маңызды деп санаймыз. Бұл Үкімет сағаттарын өткізу кезінде, заң жобаларын қарау, талқылау және қабылдау барысында өзекті ақпаратты пайдалануға мүмкіндік береді», — деді Алихан Смайылов.
Оның айтуынша, бұл шаралар жиынтығы бюджет саласындағы бұзушылықтарды азайтып, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.