2025 жылғы 21-24 мамыр аралығында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өңірлік және муниципалдық деңгейлердегі аудит жөніндегі Азия жоғарғы аудит органдары ұйымының (АЗОСАИ) Жұмыс тобының алғашқы жыл сайынғы отырысы өтті. Іс-шараны Ресей Федерациясының Есеп палатасы ұйымдастырды. Отырысқа Қазақстан Республикасының Жоғарғы аудиторлық палатасының атынан Астана қаласы мен Алматы облысы бойынша тексеру комиссияларының өкілдері қатысты.
Халықаралық жиынға Бразилия, Индонезия, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Оман, Таиланд және Үндістанның жоғарғы аудит органдарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар өңірлік инфрақұрылымға аудит жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық жобалардың өңірлерде жүзеге асырылуын бақылау тәсілдерін талқылады, сондай-ақ жұмыс тобының негізгі құжаттарын бекітті.
«Өңірлік инфрақұрылым жобаларына аудит жүргізу тәжірибесі» тақырыбында Астана қаласы бойынша тексеру комиссияның мүшесі Алмагүл Салықова баяндама жасады. Ол өңірлік деңгейде жүргізілген күрделі қаржы салымдарының аудит нәтижелерін, бюджет қаражатын тиімді әрі ашық игеруді қамтамасыз етуге бағытталған тәсілдерді, сондай-ақ 2020-2024 жылдар аралығында Астана қаласы бойынша тексеру комиссиясы енгізген практикаларды ұсынды.
Өзекті тақырыптарды талқылау қатысушыларға өңірлік деңгейдегі аудит қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.