Өзара тәжірибе алмасу: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен РФ Есеп палатасы аудиттің өзекті бағыттарын талқылады

Өзара тәжірибе алмасу: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен РФ Есеп палатасы аудиттің өзекті бағыттарын талқылады

Ресей Федерациясы Есеп палатасының делегациясы ресми сапармен Астанаға келді. Сапардың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасымен тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайту.

Ресми сапар аясында екі ведомство мамандарының қатысуымен аудит саласындағы негізгі трендтерге арналған дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар бюджеттік жобаларды алдын ала бағалау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау, сондай-ақ аудит қызметін цифрландыру перспективалары сияқты мәселелерді талқылады.

Бюджет жобасын алдын ала бағалау оны бекіткенге дейін тәуекелдер мен тиімсіздікті анықтауға мүмкіндік береді. Осы тәсілдің арқасында қаржылық жоспарларды алдын ала түзетуге, шығыстардың негізділігін арттыруға және бюджет қаражатын анағұрлым ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге болады.

Қағидалар мен рәсімдердің сақталуын дәстүрлі түрде бақылауға қарағанда тиімділік аудиті ресурстардың қаншалықты орынды және тиімді пайдаланылғанын анықтауға бағытталған. Мұндай талдау бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың қайтарымын арттыру үшін шешімдер ұсынуға көмектеседі.

Сонымен қатар цифрлық құралдарға көшу аудиторларға көлемі ауқымды деректерді жылдам өңдеуге, жасырын заңдылықтарды анықтауға және күнделікті процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл аудитті дәлірек, жедел және ашық етеді, талдау мен бақылауды нақты уақыт режимінде жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Талқылаулар мен тәжірибе алмасу қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Амангелді Есенов Ресей Федерациясының Есеп палатасынан келген әріптестеріне нәтижелі кездесу үшін алғысын білдірді.

«Бұл пікірталас одан әрі нақты қадамдар жасау үшін негіз болатынына және екі елдің жоғары аудит органдарының қызметін жетілдіруде қолданыс табатынына сенімдімін», — деді ол.

Екі елдің жоғары аудит органдарының ынтымақтастығы 2004 жылғы 2 желтоқсанда ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен РФ Есеп палатасы арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қою арқылы нығая түсті. Бұл маңызды құжат 2017 жылғы 6 қыркүйекте Баку қаласында (Әзербайжан) ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары аудит органдары басшылары кеңесінің кезекті сессиясы шеңберінде өзектілендіріліп, қайта қол қойылды.