Жоғары аудиторлық палатада кейбір мемлекеттік аудит органдарының жұмысындағы кемшіліктер мен мемлекеттік аудитті цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланды

Жоғары аудиторлық палатада кейбір мемлекеттік аудит органдарының жұмысындағы кемшіліктер мен мемлекеттік аудитті цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланды

ҚР Жоғары аудиторлық палатасында Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің 13-отырысы өтті. Іс-шараға Жоғары аудиторлық палатаның, Қаржы министрлігінің және өңірлік тексеру комиссияларының өкілдері қатысты.

Жиында мемлекеттік аудит органдарының 2024 жылғы қызметін бағалау қорытындысы шығарылды. 20 тексеру комиссиясының ішінен 14-інің немесе 70%-ының жұмысы тиімді деп бағаланды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көп. Қалған тексеру комиссияларының жұмысы «қанағаттанарлық» деп бағаланды.

Қатысушылар анықталған бұзушылықтарды егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, ең төмен нәтиже көрсеткен Абай, Алматы, Қостанай және Түркістан облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының тексеру комиссиялары басшыларының есептері тыңдалды.

Талқылауды қорытындылай келе, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов тексеру комиссияларының басшыларына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде талап қойды.

«Ақмола, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарының және Алматы қаласының тексеру комиссияларының төрағалары 1 шілдеге дейін Жоғары аудиторлық палатаға Үйлестіру кеңесі шешімдерінің тиісінше орындалмауына жол берген қызметкерлерді жауапқа тарту туралы ақпарат беруі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Отырыста Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне мемлекеттік органдардың басшыларына мемлекеттік аудит стандарттарын бұзуға жол берген қызметкерлерді жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар дайындау тапсырылды. Бұл мәселе Бас прокуратураның, Алматы, Қостанай облыстары мен Астана қаласы әкімдіктерінің ішкі мемлекеттік аудиторларына қатысты болып отыр.

Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті ішкі аудит қызметтерінің жұмысын күшейту үшін тиімділік аудитінің әдістемелерін әзірлеу графигін дайындайды. Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата аталған тақырыпта республикалық семинар өткізеді.

Отырыста мемлекеттік аудит жүйесін цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланды. Ақпараттық жүйелерді уақытылы интеграциялаудың және рәсімдерді автоматтандырудың маңыздылығы атап көрсетілді.

«Жоғары аудиторлық палата өзінің ақпараттық жүйесін автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Енді тексеру комиссиялары деректерді жаңа цифрлық платформаға уақытылы және толық енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», — деп атап өтті төраға.

Әлихан Смайылов жыл соңына дейін «Мемлекеттік аудит объектісінің кабинеті» модулін сынақтан өткізуді аяқтап, оны барлық өңірлік тексеру комиссияларына енгізуді тапсырды. Бұл процеске қатысты тәуекелдерді басқару жүйесімен жұмыс істеу бойынша оқыту семинары өтетін болады.

Жиын соңында бұлтты бухгалтерия жүйесі арқылы қашықтан аудит жүргізуге көшу перспективалары қаралды. Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне орталық мемлекеттік органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізуді үйлестіру үшін осы жүйенің алгоритмі мен оны кезең-кезеңімен енгізу жоспарын әзірлеу тапсырылды.