Мемлекеттік аудитте тәуекелге негізделген тәсілді күшейту рекордтық нәтижелерге әкелді

Мемлекеттік аудитте тәуекелге негізделген тәсілді күшейту рекордтық нәтижелерге әкелді

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Аппараты ведомствоның 2019 жылдан бастап биыл І тоқсанға дейінгі қызметінің қорытындыларын шығарды. Жүргізілген талдау 2024 жылдың нәтижелілігі бойынша рекордтық жыл болғанын көрсетті: ең көп бұзушылықтар анықталып, бюджетке ең көп қаражат қайтарылды және тексерулердің ауқымы соңғы 6 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.

Өткен жылы 27 аудиторлық іс-шара өтті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 35% көп. 214 нысан қамтылып, тексерілген қаражаттың жалпы көлемі 10,6 трлн теңге болды. 862 млрд теңгеге жуық бұзушылықтар анықталды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65% көп және қарастырылып отырған кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш.

Мұндай нәтижелер аудиттің ашықтығы мен нақтылығының артқанын, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметіндегі ауытқуларды анықтау деңгейінің өскенін, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның жетекші бақылау органы ретіндегі рөлінің нығайғанын көрсетеді.

2024 жылы аудит қорытындылары бойынша бюджетке 135 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе көп. 2023 жылы 27,8 млрд теңге, ал 2022 жылы 16,6 млрд теңге қайтарылған болатын. Бұл тек айтарлықтай өсім ғана емес, сондай-ақ соңғы жылдардағы ең жоғары нәтиже.

Басқару процестерін жүйелі дамыту мақсатында Үкіметке 126 ұсыным жолданып, аудит нысандарына 678 тапсырма берілді. Бұл бақылау қызметінің ауқымының кеңейіп жатқанын, тексерілетін нысандардың жауапкершілігінің арттырылғанын, мемлекеттік аудиттің мемлекеттік басқаруды жетілдіру процестеріне ықпалы күшейгенін білдіреді.

2025 жылдың І тоқсанында 24 нысанда 4 аудиторлық іс-шара аяқталды. 5,9 трлн теңге қамтылды. 355 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде: 3,3 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар, 287,6 млрд теңге мемлекет қаражаты мен ресурстарын тиімсіз пайдалану, 64,6 млрд теңге жоспарлау кемшіліктері. 3,3 млрд теңге қалпына келтірілуі тиіс қаржының 1 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды.

Үкіметке 32 ұсыным жолданып, аудит объектілеріне 159 тапсырма берілді. Олар толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Жалпы 2025 жылы шамамен 30 аудиторлық іс-шараны аяқтау жоспарланған.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудитте стратегиялық және тәуекелге бағдарланған тәсілді нығайту тәжірибесін жалғастырады. 2024 жылдың қорытындылары көрсеткендей, сапалы бақылау – бұл тек міндетті қадағалаумен шектелмейтін, сонымен қатар бюджетке қаражатты қайтарудың, бұзушылықтардың алдын алудың және қоғамның мемлекеттік билік органдарына деген сенімін арттырудың тиімді механизмі