2020 жылғы 17 қыркүйекте Есеп комитетінің кезекті отырысы болып өтті, онда «Самұрық-Энерго» АҚ және оның еншілес ұйымдары активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері қаралды.

2020 жылғы 17 қыркүйекте Есеп комитетінің кезекті отырысы болып өтті, онда «Самұрық-Энерго» АҚ және оның еншілес ұйымдары активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері қаралды.

Мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қаржылық жағдайы айтарлықтай тұрақты деңгейде екендігі атап өтілді. 2015 және 2017 жылдарды қоспағанда, 2011 жылдан бастап Компания үнемі шоғырландырылған таза пайда алып отырған.

Ұлттық қордан алынған қарызды төлеу үшін Компания кепілдендірілген дивиденд төлейді, бұл ретте қызмет қорытындысы бойынша дивидендтер төлеу сомасы тұрақты емес. Топ пен бас компания «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС (ГРЭС-1) дивидендтеріне тәуелді.

 «Самұрық-Энерго» АҚ-ның соңғы 5 жылдағы әкімшілік шығыстары төмендеу үрдісіне ие (2019 ж. - 12,7 млрд. теңге, 2018 ж. - 13 млрд. теңге) немесе 2%-ке төмендеген. 2015 жылмен салыстырғанда төмендеу 9%-ті құрады.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы энергетика саласын дамытудың жағымды жағдайларына мыналарды: отын-энергетикалық ресурстардың едәуір қорларының болуын, жаңартылатын энергияның айтарлықтай әлеуетін, электр энергиясын экспорттаудың транзиттік әлеуеті мен мүмкіндіктерінің болуын жатқызуға болады.

«Самұрық-Энерго» АҚ қабылдаған шараларға қарамастан, қазіргі уақытта энергетика саласындағы саясатты іске асыру мәселелерінде бірқатар жүйелік проблемалар сақталып отыр.

Атап айтқанда, Трансформациялау бағдарламасы жеткілікті түрде тиімді жүзеге асырылмайды, оның іс-шаралары нақты айқындалмаған және тек коммерциялық нәтиже алуға бағытталған. Жас мамандарды жұмысқа орналастыру жөніндегі міндеттемелерден басқа, Бағдарламада қатысу нарықтарындағы бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесуді және Компанияның әлеуметтік жауапкершілігін алға тартатын іс-шаралар мен нәтижелер айқындалмаған.

«Ұлт жоспары - 100 нақты қадамның» 51-қадамын жүзеге асыру кезінде таратушы компаниялар үшін жаңа желілерді қабылдаудың экономикалық орынсыздығы түрінде кедергілер туындайды.

Электр станцияларының орнатылған және қолданыстағы қуаттары арасындағы ауытқу 4 мың мегаваттан асады. Бұл республиканың электр станцияларындағы жабдықтардың тозуына байланысты, ол қазіргі кезде 60%-ке жетеді. Мәселен, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ пайдаланатын жабдықтың негізгі бөлігі 1945-1955 жылдары пайдалануға беріліп, бүгінгі күні өзінің қызмет ету мерзімін толық өткерген.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның аудит жүргізілген еншілес ұйымдары электр энергиясын өндіру бойынша тарифтік сметаларға сомасы 1  миллиард теңгеден асатын, электр энергиясы өндірісінде есепке алынбайтын шығындарды (айыппұл санкциялары, сот баждары, мүшелік жарналар, консультациялық қызметтер, тимбилдинг және т.б.) қосқан.

2012-2013 жылдары «ГРЭС-2» АҚ сатып алған сомасы 2 210 млн. теңгені құрайтын активтер қолданысқа енгізілмеген. 7 жыл бұрын әзірленген сомасы 472,8 млн. теңгеге 17 жобалау-сметалық құжаттама сұранысқа ие болмай қалған.

«Бірінші жел электр станциясы» ЖШС-ның өнім берушілердің шарттық міндеттемелерін орындауын тиісінше қадағалай алмауы құны 1225,9 млн. теңге болатын жел электр қондырғыларының тиімсіз басқарылуына және 320,5 млн. теңге қосымша шығындарға әкеп соқтырған.

«Шардара СЭС-ін жаңғырту» (жалпы сомасы 26,3 млрд. теңге) ірі жобасын іске асыру жобалау-сметалық құжаттамасыз жүзеге асырылуда.

Есеп комитеті мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша барлығы:

- жалпы сомасы 1 632,7 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар;

- сомасы 886 млн. теңгеге активтерді тиімсіз жоспарлау;

- сомасы 30,8 млрд.теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану;

- сомасы 3,9 млн. теңгеге рәсімдік бұзушылықтар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілерін бұзушылықтардың 38 фактісін анықтады.

Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті «Самұрық-Энерго» АҚ-ға және мемлекеттік аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша тапсырмалар берді.

8 заң бұзушылық фактісі бойынша мемлекеттік аудиттің материалдары әкімшілік жауапкершілікті қарау үшін уәкілетті органдарға жіберілді. Мемлекеттік аудиттің жекелеген материалдарын құқық қорғау органдарына жіберу жоспарланып отыр.

 

 

 

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі