Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Палата туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Комиссия туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Все материалы
29 ноября 2024
Табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялау мүмкіндігі ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша алынып тасталды

Табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялау мүмкіндігін болдырмау үшін Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Жылумен қамту саласындағы басқару тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында тұтынушылар топтары арасындағы тарифтерде айтарлықтай айырмашылық бар екені анықталған болатын.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылар топтары арасындағы тарифтер айырмашылығын кезең-кезеңімен қысқарту үшін Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына қажетті өзгерістер енгізу тапсырылды. Мақсаты – табиғи монополиялар субъектілерін жасырын субсидиялауға жол бермеу.

Нәтижесінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен Қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар есепке алу құрылғыларының болуы немесе болмауына байланысты жылу энергиясымен қамту жөніндегі қызметтерге тарифтерді саралау енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекітуді тапсырған болатын.

«Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуі тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс», — деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

26 ноября 2024
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы аудит жүргізгеннен кейін Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларының бірқатар позициясы жетілдірілді

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларына бірқатар негізгі ережелер мен рәсімдерді жетілдіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мемлекеттің жекешелендіру саласындағы саясатының тиімділігіне аудит жүргізу шеңберінде жекешелендіру процесін реттейтін нормативтік-құқықтық базадағы олқылықтар анықталған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бірнеше мәрте айтып өткен болатын. Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің биыл ақпанда өткен кеңейтілген отырысында жекешелендіру жоспарларын іске асыруда сол бір проблемалардың қайталанып отырғанын атап өтті.

«Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған. Жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық қаупін туындатады», — деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, мемлекеттік аудит қолданыстағы шарттар жекешелендірудің ұқсас объектілерін бағалау кезінде әртүрлі тәсілдер мен әдістерді қолдануға мүмкіндік беретінін, алда болатын сауда-саттықты жеткілікті шамада ақпараттық жариялауға ықпал етпегенін, кепілдік жарнаның ең жоғары мөлшерін 30 мың АЕК деңгейінде шектегенін анықтады.

Сонымен қатар талап етілмеген кепілдік жарналарға иелік ету тәртібі көзделмеген, реттелмеген ережелер мен ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ басқа да кемшіліктер болған.

Осыған байланысты аудит қорытындысы бойынша ҚР Қаржы министрлігіне 2011 жылы бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасына қажетті өзгерістер мен толықтырулар дайындау тапсырылды. Нәтижесінде өзгерістер мен толықтырулар ҚР Үкіметінің биыл 26 қазандағы қаулысымен енгізілді.

Енді сауда-саттыққа қатысу үшін енгізілетін кепілдік жарна жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасының 15%-ын құрайтын болады.

Мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында сауда-саттық өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы өз аудиториясын қолда бар интернет-ресурс немесе әлеуметтік желілер арқылы қосымша хабардар етуге тиіс.

Кепілдік жарнаны бұғаттан шығаруды және қайтаруды қоса алғанда, кепілдік жарнаға қатысты жасалатын барлық іс-қимылды бірыңғай сауда-саттық операторы пайдаланушының электрондық әмияны арқылы жүзеге асырады.

Бұл ретте арнайы транзиттік шотқа түсетін кепілдік жарналар меншікті активтер деп танылмағандықтан, бірыңғай оператор оларды пайдалана алмайды.

ҚР Үкіметінің 26 қазандағы №890 қаулысыннан осы және басқа да өзгерістермен танысуға болады.

Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша қалған ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының бақылауында болады.

18 ноября 2024
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша құрылыс жұмыстарына қатысты мемлекеттік сатып алу қағидаларына жаңа өзгерістер енгізілді  

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер құрылыс-монтаждау жұмыстарына бюджет қаражаты есебінен тапсырыс беру кезінде ашықтықты арттыруға және бақылауды күшейтуге бағытталған.

Биыл тамызда Жоғары аудиторлық палата құрылыста баға белгілеу жүйесінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді. Басқа кемшіліктермен қатар мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада мердігердің орындалатын құрылыс жұмыстарына шарттық бағалар каталогы (ҚР ҰЭМ бұйрығы) негізінде жасалған сметаны (офертаны) ұсынуы көзделмегені анықталды. Сол себепті кейінгі ықтимал түзетулерді негіздейтін құрылыстың нақты құны туралы ақпарат болмады.

Осыған байланысты Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп заңнамадағы олқылықты жою бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Нәтижесінде Қаржы министрінің биыл 9 қазандағы бұйрығымен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына тиісті толықтырулар енгізілді. Осылайша, құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алу туралы үлгілік шартта мердігер шарт күшіне енген күннен бастап 5 күн ішінде тапсырыс берушіге шарттық бағалар каталогы негізінде сатып алынатын құрылыс қызметтері бойынша сметаны (офертаны) ұсынуға міндеттенетіні бекітілді.

Бұл өзгерістер «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2024 жылғы
1 шілдедегі жаңа заңды іске асыру шеңберінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Нұсқаманың басқа тармақтарының орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

14 ноября 2024
Абай облысында мемлекеттік аудиттен кейін аграрлық компанияларға кредит беру кезінде жол берілген бұзушылықтар жойылды

Абай облысының аграрлық компаниялары ҚР Жоғары аудиторлық палатасының араласуынан кейін екі ірі мемлекеттік кредит бойынша кепілмен қамтамасыз етті.

Өңірде биыл мамырда өткен аудит барысында ауыл шаруашылығы жобаларын іріктеу жөніндегі комиссия екі қарыз алушыға («Қалиханұлы» ш/қ және «Өрнек» ЖШС) жалпы сомасы 2 млрд теңгеге кепілдік болмағанына қарамастан кредит беру туралы шешім қабылдағаны анықталды. Жоғары аудиторлық палата биыл 14 қазанға дейін орын алған бұзушылықты жою туралы нұсқама берді.

Нәтижесінде «Семей» ӘКК» АҚ аталған кәсіпорындармен
2,6 млрд теңгеден астам сомаға кепіл шарттарын жасасты. Кепіл ретінде көлік құралдары, жабдықтар және басқа да мүлік қабылданды.

Осылайша, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы орындалып, бақылаудан алынды.

13 ноября 2024
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымы бойынша Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының әсері талданды

ҚР Үкіметі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып, Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары орындалғаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық әсерге талдау жүргізді.

Бұған дейін жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізілген болатын. Жоғары аудиторлық палата ұлттық  холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиісті кешенді жоспарларының республиканың дамуына тигізетін әсерін бағалау бірқатар себептерге байланысты қиын екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚР Үкіметіне талдау жүргізу мүмкіндігін қарау ұсынылды.

Нәтижесінде Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-экономикалық әсерді айқындау үшін жекешелендірілген 771 ұйым бойынша статистика мен салық органдарының деректерін талдады. Бұл тұжырымдар кейіннен Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндамаға енгізілді.

Атап айтқанда, мынадай нәтижелер белгіленді:

  • квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ҚР жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 2016 жылғы 8,6 трлн теңгеден 2020 жылы 10,3 трлн теңгеге дейін өсті;
  • жекешелендірілген ұйымдар бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2023 жылы 57,5 млрд теңгені құрады – 98% өз қаражаты есебінен салынды;
  • жекешелендірілетін ұйымдарды сатудан мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 578,8 млрд теңгені құрады;
  • жекешелендірілген ұйымдардан салық түсімдері 2023 жылы
    162 млрд теңгеден астам сомаға жетті.

Жалпы жүргізілген талдау Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы оң макроэкономикалық әсер бергенін көрсетеді. Мәселен, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі ЖІӨ-ге қатысты 18,3%-дан 14,6%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар жекешелендірілген ұйымдар қызметінің бейіні мен жұмыскерлерінің штат санын сақтау қамтамасыз етілді.

11 ноября 2024
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері: шетелге көшіп кеткен азаматтарға дәрі-дәрмек ресімдеу мүмкіндігі алып тасталды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға МӘМС бойынша дәрі-дәрмек ресімдеу мүмкін болмауы үшін ақпараттық жүйесін жетілдірді. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді.

Еске сала кетейік, мұндай жағдайлар биыл жазда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен оның өңірлік филиалдарының тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу барысында анықталды. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігіне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Бүгінгі күні «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесі шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарды медициналық мекемелерден есептен  шығару үшін «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан тікелей мәлімет алады. Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде биыл 24 қазаннан бастап осындай мәртебесі бар пациенттерге рецепт беру тоқтатылды.

Осылайша, Жоғары аудиторлық палата нұсқамасының тармақтарының бірі орындалды. Қалған тапсырмалардың іске асырылуы бақылауда қалады.

 

08 ноября 2024
Жоғары аудиторлық палата аудитінен кейін мемлекеттік объектілерді сенімгерлік басқаруға беру кезінде қазақстандықтардың мүддесін қорғау күшейтілді

Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларына мемлекет пен азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша жүргізілді.

Жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізу шеңберінде объектілерді кейіннен сатып алу арқылы сенімгерлік басқаруға беру кезінде осы мәмілелердің шарттары мен мерзімдері түбегейлі ерекшеленетіні анықталды.

Мәселен, Жамбыл облысында денсаулық сақтау объектілерін беру кезінде бірқатар шарттар көзделген. Мысалы, қызмет бейінін 10 жыл бойы сақтау, жаңа медициналық жабдықтар сатып алу,  жұмыс орындарын сақтау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жаңа емдеу корпустарын салу.

Ал Павлодар облысында денсаулық сақтау объектілері сенімгерлік басқаруға қызмет бейінін небәрі 1 жыл сақтау шартымен  берілген әрі басқа қосымша шарттар көзделмеген. Бұл ретте Денсаулық сақтау басқармасының қызмет бейінін тұрақты сақтау туралы ұсынысы ескерілмеген. 

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мүддесін қорғау үшін реттейтін Қағидаларға осындай келісімдер бойынша міндетті шарттарды белгілеу бөлігінде өзгеріс енгізуді тапсырды.

Нәтижесінде 15 қазанда ҚР Премьер-Министрінің
орынбасары – Ұлттық экономика министрінің тиісті бұйрығы тіркелді.

Енді мемлекеттік мүлікті (акциялар, АҚ-ға немесе ЖШС-ға қатысу үлестері) беру кезінде сенімгерлік басқарушы:

  1. бар жұмыс орындарының санын сақтау немесе жаңа жұмыс орындарын құру;
  2. белгілі бір кезең ішінде объектіге қатысты мәмілелер жасау немесе белгілі бір іс-қимыл жасауға тыйым салу;
  3. объект қызметінің бейінін сақтау;
  4. қаржылық есептіліктің жыл сайынғы тәуелсіз аудитін жүргізу жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды.

Бұл ретте қосымша міндеттемелерді тендерлік комиссия не құрылтайшы объектіні беру әдісіне байланысты оның ерекшелігін ескере отырып айқындайды.

Мемлекеттік аудит нәтижелері
06 ноября 2024
Мемлекеттік аудит ҚР-да нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін төмендететін жүйелі проблемаларды анықтады

Жоғары аудиторлық палатада Әлихан Смайыловтың төрағалығымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.

Аудиторлық іс-шаралар Ішкі істер, Денсаулық сақтау және Әділет министрліктерін, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің ведомстволық бағынысты ұйымдарын қамтыды. Аудит 2019 жылғы қаңтардан бастап 2024 жылғы маусымға дейінгі кезең аралығына жүргізілді.

Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында көрсетілгендей, қаражатты ұтымсыз пайдалану фактілері анықталды. Мәселен, 2023-2024 жылдары бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері 2 млрд теңге игерілмеген қаражатты бюджетке қайтарған.

Жекелеген ұйымдарда арнайы техникалық құралдар мен тексеру жабдықтарын сатып алу шығындарын жоспарлауда кемшіліктер бар: жоспарланған қаражат кей жағдайларда ілеспе құжаттар немесе коммерциялық ұсыныс бойынша нақты құнынан 4-5 есе асып түседі. Бұл 133 млн теңгеге жуық қаражатты тиімсіз жоспарлауға себеп болып отыр.

Нашақорлықтың алдын алудың бірыңғай моделін әзірлеу бойынша бастама әлі іске асырылған жоқ. Сонымен қатар есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік оңалту медициналық қызмет болып саналмайды және Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан реттеуге жатпайды. Нәтижесінде бұл бағытта стандарттар мен бекітілген әдістемелер жоқ.

Жыл басында ҚР Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға есірткінің таралуына қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті.

«Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек», — деді Президент.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің ақпараты бойынша бүгінгі таңда Tik-Tok, Telegram, OLX, VK және басқа да танымал платформалармен ынтымақтастық бойынша шаралар қабылдануда. Бұл заңсыз контентті жедел жойып отыруға мүмкіндік береді. Мысалы, OLX платформасынан курьер кейпіндегі есірткіні жасырушыларды жалдау жөніндегі 4,3 мыңнан астам хабарлама жойылды. Қазір мұндай хабарламалар 5 минут ішінде жойылады. ҚР ІІМ мәліметі бойынша нәтижесінде осы сайт арқылы есірткі курьерлерін арбау мүмкін емес.

Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы күрес үшін қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ қызметтік-іздестіру иттерін даярлау жұмыстары баяу жүруде.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша барлығы 2,2 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде:

  • қаржылық бұзушылықтар – 14,7 млн теңге;
  • қаражатты тиімсіз жоспарлау – 2 млрд теңгеден астам;
  • қаражатты тиімсіз пайдалану – 251,6 млн теңге.

9 жүйелік кемшілік анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 3 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберілді.

Жоғары аудиторлық палата аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берді. Олар толық орындалғанға дейін бақылауда болады.

Халықаралық қызмет
04 ноября 2024
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының қызметкерлері Финляндия аудиторларының жұмыс әдістерімен танысты

Юлия Энгель бастаған ҚР Жоғары аудиторлық палатасының делегациясы Финляндияның Ұлттық аудит кеңсесінің мамандарымен тәжірибе алмасу үшін Хельсинки қаласына жұмыс сапарымен барды.

Жұмыс бағдарламасы аясында Жоғары аудиторлық палата қызметкерлері шетелдік әріптестерінің аудит жүргізу және еңбек ресурстарын басқару тәсілдерімен, сондай-ақ цифрландыру және деректерді талдау саласындағы жетістіктерімен танысты.

Тәжірибе алмасу барысында қаржылық аудиттің әдіснамасы мен процестері, тиімділік аудиті және экологиялық аудит, жүргізілген тексерулердің қорытындылары бойынша ұсынымдарды орындау және т. б. мәселелер талқыланды.

Финляндияның бас аудиторы Сами Юляутиненмен кездесу барысында Юлия Энгель екі елдің жоғары аудит органдарының өзара іс-қимылы екіжақты форматта да, ИНТОСАИ мен ЕВРОСАИ халықаралық ұйымдарының базасында да дамып келе жатқанын атап өтті.

«Финляндия Республикасының Ұлттық аудит кеңсесінің халықаралық аудиторлық қауымдастықтардың белсенді мүшесі және мемлекеттік аудитті сәтті жүзеге асырып келе жатқан институт ретіндегі озық тәжірибесі біз үшін өте маңызды», — деді Юлия Энгель.

Сами Юляутинен қазақстандық делегацияны қарсы алып, Финляндияның Ұлттық аудит кеңсесінің алдағы жылдарға арналған даму стратегиясын таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Финляндияның жоғары аудит органдарының ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

29 октября 2024
Аудиторлар Маңғыстау және Түркістан облыстарында қарыз қаражатын пайдалану кезінде жол берілген бұзушылықтарды анықтады

Аудиторлар Маңғыстау және Түркістан облыстарында қарыз қаражатын пайдалануда жол берілген бұзушылықтарды анықтады

Тексеру комиссиялары Маңғыстау және Түркістан облыстарында бюджеттік кредиттер мен халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражатын тиімсіз және мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтады.

Өңірлерде мемлекеттік борышты және квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің борышын басқару аудиттері Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша жүргізілді.

 Қарыз қаражаты тартылған инфрақұрылымдық объектілерді, тұрғын үйлерді салу және жаңғыртуда нәтиженің болмауы фактілері анықталды. Жекелеген жағдайларда тартылған қарыздар салым бойынша пайыздар түрінде қосымша кіріс алу үшін депозиттерге салынған, бұл қаражатты мақсатқа сай пайдаланбауға әкеп соқты.

Аудит нәтижелері бойынша осы өңірлерде қарыз қаражатын пайдалану тиімділігіне, сондай-ақ кредиттік міндеттемелерді уақытылы өтеуге жеткілікті бақылау жасалмағаны атап өтілді.

Аудиторлар Маңғыстау облысында 5,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 869 млн теңгеге сыртқы қарызды тиімсіз жоспарлау және пайдалану, 6,7 млрд теңгеге бюджеттік кредитті тиімсіз пайдалану фактілерін анықтады. Өңірде 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 3,3 млн теңге айыппұл салынды.

Түркістан облысында аудит қорытындысы бойынша 10,5 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 4,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану анықталды.

Аудитпен қамтылған барлық объектіге анықталған бұзушылықтарды жою үшін нұсқамалар жіберілді.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы