Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Палата туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Комиссия туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Все материалы
26 мая 2025
Мемлекеттік аудитте тәуекелге негізделген тәсілді күшейту рекордтық нәтижелерге әкелді

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Аппараты ведомствоның 2019 жылдан бастап биыл І тоқсанға дейінгі қызметінің қорытындыларын шығарды. Жүргізілген талдау 2024 жылдың нәтижелілігі бойынша рекордтық жыл болғанын көрсетті: ең көп бұзушылықтар анықталып, бюджетке ең көп қаражат қайтарылды және тексерулердің ауқымы соңғы 6 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.

Өткен жылы 27 аудиторлық іс-шара өтті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 35% көп. 214 нысан қамтылып, тексерілген қаражаттың жалпы көлемі 10,6 трлн теңге болды. 862 млрд теңгеге жуық бұзушылықтар анықталды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65% көп және қарастырылып отырған кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш.

Мұндай нәтижелер аудиттің ашықтығы мен нақтылығының артқанын, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметіндегі ауытқуларды анықтау деңгейінің өскенін, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның жетекші бақылау органы ретіндегі рөлінің нығайғанын көрсетеді.

2024 жылы аудит қорытындылары бойынша бюджетке 135 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе көп. 2023 жылы 27,8 млрд теңге, ал 2022 жылы 16,6 млрд теңге қайтарылған болатын. Бұл тек айтарлықтай өсім ғана емес, сондай-ақ соңғы жылдардағы ең жоғары нәтиже.

Басқару процестерін жүйелі дамыту мақсатында Үкіметке 126 ұсыным жолданып, аудит нысандарына 678 тапсырма берілді. Бұл бақылау қызметінің ауқымының кеңейіп жатқанын, тексерілетін нысандардың жауапкершілігінің арттырылғанын, мемлекеттік аудиттің мемлекеттік басқаруды жетілдіру процестеріне ықпалы күшейгенін білдіреді.

2025 жылдың І тоқсанында 24 нысанда 4 аудиторлық іс-шара аяқталды. 5,9 трлн теңге қамтылды. 355 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде: 3,3 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар, 287,6 млрд теңге мемлекет қаражаты мен ресурстарын тиімсіз пайдалану, 64,6 млрд теңге жоспарлау кемшіліктері. 3,3 млрд теңге қалпына келтірілуі тиіс қаржының 1 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды.

Үкіметке 32 ұсыным жолданып, аудит объектілеріне 159 тапсырма берілді. Олар толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Жалпы 2025 жылы шамамен 30 аудиторлық іс-шараны аяқтау жоспарланған.

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудитте стратегиялық және тәуекелге бағдарланған тәсілді нығайту тәжірибесін жалғастырады. 2024 жылдың қорытындылары көрсеткендей, сапалы бақылау – бұл тек міндетті қадағалаумен шектелмейтін, сонымен қатар бюджетке қаражатты қайтарудың, бұзушылықтардың алдын алудың және қоғамның мемлекеттік билік органдарына деген сенімін арттырудың тиімді механизмі

23 мая 2025
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның сыртқы аудитіне қатысты

2025 жылғы 14-16 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының өкілі Ләйлім Қашымова Ресей мен Таиландтың жоғары аудит органдарының өкілдерімен бірге Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның (ХСЖҚА) 2024 жылғы қаржылық есептілігіне сыртқы аудит жүргізді. Аудит Австрияның Лаксенбург қаласында орналасқан Академияның штаб-пәтерінде өтті.

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия – әртүрлі елдердің өкілдерін сыбайлас жемқорлықпен күрестің заманауи әдістеріне оқытумен айналысатын білім беру ұйымы. Академия құрамына Қазақстанмен қоса БҰҰ-ға мүше 80 мемлекет және бірқатар халықаралық ұйым кіреді.

Аудит қорытындылары осы жылдың соңында ХСЖҚА Ассамблеясында таныстырылады. Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы 2024-2026 жылдарға Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның тәуелсіз аудиторы лауазымына ұсынылды.

20 мая 2025
Мемлекеттік аудит нәтижесінде құс етін шағын өндірушілерге мемлекеттен қолдау алуға бөгет жасайтын кедергілер анықталды

Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша құс етін өндіру және өткізу нарығындағы бәсекелестікке жоспардан тыс талдау жүргізілді. Бұл жұмысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізді.

Талдау нарықта үстем немесе монополиялық жағдайды иеленген қатысушыларды анықтау, бағаның қалай өзгергенін қадағалау, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларының саладағы бәсекелестікке қалай әсер ететінін бағалау мақсатында жүргізілді. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген аудиттен кейін осындай зерттеу жүргізу қажет болды.

Жоспардан тыс талдау 2024 жылы Қазақстанда 358,7 мың тонна құс еті өндірілгенін, оның 42 мың тоннасы экспортқа шығарылғанын көрсетті. Ал импорт көлемі 135,7 мың тонна болған, яғни ішкі нарық импорттық өнімге әлі де жоғары деңгейде тәуелді болып отыр, шамамен 30%.

Сонымен қатар шағын өндірушілердің мемлекеттен қолдау алуына кедергі келтіретін күрделі рәсімдер, өтінім беру мерзімдерінің тығыз болуы және талап етілетін құжаттар топтамасының көп болуы сияқты тосқауылдар анықталды. Нәтижесінде нақты өндірістік әлеуеті бар көптеген компания іс жүзінде қолдау ала алмай отыр.

Бұдан бөлек, субсидия алған кейбір өндірушілердің түпкілікті бағасы мемлекеттік қолдау алмағандарға қарағанда жоғары болғаны анықталды.

Ахуалды жақсарту үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсынымдар жолдады.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның басқа да тапсырмалары толық орындалғанға дейін бақылауда болады.

19 мая 2025
Мәжілісте Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы таныстырылды

Қазақстан Республикасының Мәжілісінде Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нурлан Нұржанов Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне берілген Жоғары аудиторлық палата қорытындысының негізгі бағыттарын таныстырды.

 

2024 жылғы бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы бойынша бекітілген 16,1 трлн теңге көлеміндегі жоспар 2 трлн теңгеге (12%) қысқартылып, 14,1 трлн теңгені құрады. Алайда жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш те толық орындалмаған. Орындалмаған сома – 609 млрд теңге.

 

Салық түсімдері негізгі кіріс көзі болып қалып отыр. Олар республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің 63%-ын немесе 12,3 трлн теңгені құрайды. Дегенмен 2023 жылмен салыстырғанда салықтардың үлесі 5%-ға немесе абсолютті мәнде 604 млрд теңгеге азайған.

 

Республикалық бюджет шығыстарының жартысына жуығы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мен алынатын қарыз қаражаты есебінен өтеледі. Қаржыландырудың басқа көздеріне тәуелділіктің өсуі қаржылық тұрақтылықты төмендетіп, бюджеттің атқарылуына байланысты проблемаларға әкелді. 2024 жылы республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражаттың жетіспеуіне байланысты 422 млрд теңге игерілмеді.

 

2024 жылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты бюджет параметрлерінің болжамына үш рет өзгеріс енгізілгенімен, есепті жылы тіпті алғашында жоспарланған кіріс болжамының пессимистік сценарийдің де орындалуы қамтамасыз етілмеді.Республикалық бюджеттің шығыстарына 13 рет өзгерістер енгізілген. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Нәтижесінде бюджеттің шығыс бөлігінің 26%-ы (6,2 трлн теңге) қайта қаралды. Мұндай жиі енгізілетін өзгерістер бюджеттік жоспарлаудың болжамдылығына нұқсан келтіре отырып, қысқа мерзімді шешімдерге баса назар аударуға бағытталғандығын көрсетеді.

 

2024 жылдың негізгі үрдісі инвестицияларды қаржыландыру құрылымындағы өзгеріс болып отыр. Меншікті инвестициялар 257 млрд теңгеге немесе 7%-ға төмендеген.

 

2024 жылы өңірлерге бюджеттен жалпы 7 трлн теңге аударылды. 912 жобаны аяқтау жоспарланған, алайда әкімдіктердің мәліметі бойынша есепті жылы тек 449 жоба немесе небәрі 49%-ы аяқталған.

 

Өткен жылы Жоғары аудиторлық палата 27 аудиторлық іс-шара өткізді. Нәтижесінде 862 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65%-ға көп. Бюджетке 135 млрд теңге өтелді (орындау мерзімдері келгендері бойынша).

 

Аудит материалдары бойынша 175 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылса, 198 адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды.«Сонымен қатар Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы шеңберінде жүргізілген бағалау бойынша бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз басқарылу сомасы 147 млрд теңгені құрады», — деп қорытындылады Нұрлан Нұржанов.

Telegram-каналға жазылу

 

16 мая 2025
ТМД-ға мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдары үшін мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының ХХV отырысы өтті

2025 жылғы 14 мамырда Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы ТМД-ға мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдары (ЖАО) үшін мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының ХХV отырысын бейнеконференция байланысы форматында өткізді. Отырысқа Әзербайжан Республикасының, Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының ЖАО өкілдері қатысты.

Отырыста мына жобалар қаралды:

  • ТМД-ға мүше мемлекеттерде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік саясат шараларын жүзеге асыру аудитінің негізгі қағидаттары (әзірлеуші – Ресей Федерациясының ЖАО);

  • ТМД-ға мүше мемлекеттердің ЖАО қызметін стратегиялық басқаруды ұйымдастыру бойынша практикалық ұсынымдар (әзірлеуші – Әзербайжан Республикасының ЖАО);

  • ТМД-ға мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік аудит органдары жүргізетін шоғырландырылған ақпарат аудиті бойынша әдістемелік ұсынымдар (әзірлеуші – Беларусь Республикасының ЖАО).

Талқылау қорытындысы бойынша Жұмыс тобының мүшелері  жобаларды мақұлдап, оларды ТМД-ға мүше мемлекеттердің ЖАО басшылары кеңесінің мүшелерімен одан әрі келісу үшін ТМД Жоғары қаржылық бақылау органдары Кеңесі Хатшылығына жолдау туралы шешім қабылдады.

Мемлекеттік аудиторларды сертификаттау
15 мая 2025
ҚР Жоғары аудиторлық палатасында жаңа мемлекеттік аудиторлар іріктелді

2025 жылдың I тоқсаны бойынша мемлекеттік аудиторларды сертификаттау нәтижелері қорытындыланды.

Аталған кезеңде Сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның үш отырысы өтті.

Жалпы сертификаттау екі кезеңнен тұрады:

1️⃣ Бухгалтерлік есеп, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор үшін есептілікті дайындау, сәйкестік пен тиімділік аудиті, сондай-ақ кәсіби этика негіздері бойынша тест тапсырмалары мен кейстерден тұратын біліктілік емтиханы.

2️⃣ Үміткерлер Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өтеді, онда іріктеуге қатысушылардың кәсіби дайындық деңгейі, тәжірибесі мен жеке қасиеттері бағаланады.

Нәтижесінде:
– 1 үміткер жоғары санатты мемлекеттік аудитор біліктілігін алды;
– 21 үміткерге мемлекеттік аудитор біліктілігі берілді;
– 4 үміткерге жоғары санатты мемлекеттік аудитор біліктілігін беруден бас тартылды;
– 27 үміткерге мемлекеттік аудитор біліктілігін беруден бас тартылды;
– 1 мемлекеттік аудитор сертификаты комиссия шешімімен кері қайтарылды.

Нәтижелер үміткерлерге қойылатын талаптардың жоғары деңгейде екенін және аудит саласындағы жүйелі кәсіби дамудың маңыздылығын көрсетеді. Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудиторларды ашық, объективті және сапалы іріктеуді қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастырады.

13 мая 2025
Жоғарғы аудиторлық палатада энергетика саласындағы мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды

Қазақстанда электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды. Оның қорытындылары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғарғы аудиторлық палатаның отырысында қаралды.

Аудиторлық іс-шаралар Энергетика министрлігін, «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы- есеп айырысу орталығы» ЖШС және басқа да ұйымдарды қамтыды.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 233 электр станциясы жұмыс істейді. Дегенмен республика бойынша электр энергиясына сұраныстың 78%-ы жылу электр станцияларының есебінен қамтамасыз етіледі. Газтурбиналық станциялардың энергия өндірісі артып, олардың үлесі 9,6%-ға жетті. Гидроэлектр станцияларының жалпы электр энергиясын өндірудегі үлесі шамамен 8,5%-ды, ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,9%-ды құрайды.

Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындысында өңірлерде энергия өндіру мен тұтыну арасында теңгерімсіздік бары атап өтілді. Қуаттардың басым бөлігі солтүстік аймақта орналасқан, ал тұтыну көлемінің төрттен бірі оңтүстікке тиесілі. Жалпы тек Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыр.

Энергетика саласындағы негізгі проблемалардың бірі – саланың дамуы үшін белгіленген жоспарлар мен іс-шаралардың орындалмауы. Атап айтқанда, тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз ету, активтерді жаңғырту және т.б. Сала әлі де шетелдік жабдыққа тәуелді.

Электр энергиясына сұраныс артуда, ал генерациялық станциялар тозып жатыр. Көбі кеңес заманынан бері жұмыс істейді. Олардың өнімділігі төмендеп, апат тәуекелі артып келеді. Жалпы елдегі барлық энергия өндіруші қуаттардың тозу деңгейі 55%, ал электрмен жабдықтау желілерінің тозу көрсеткіші 76%-ға жеткен.

Негізгі қорлардың тозуы энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге қауіп төндіріп, саланы жаңғырту үшін қомақты инвестицияны қажет етеді.

2024 жылы қабылданған бағдарламалық құжаттар («Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы және 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспар) жаңа қуаттарды іске қосу арқылы генерациялық қорлардың тозуын төмендетуді көздейді. Алайда қолданыстағы жабдықты ауыстыру мәселесі шешілмеген.

Салада шамамен 4,5 мың маман жетіспейді. Негізгі себептері – жастардың қызығушылығының төмендігі және жалақының аздығы.

«Мұның бәрі қолданыстағы қуаттарды жаңғыртуға және жаңа қуат көздерін салуға, сондай-ақ білікті кадрларды ұстап қалуға кедергі келтіреді », — делінген Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында.

Энергетика министрлігінде электр энергиясын өндіру мен өткізуге кеткен шығындарды мониторингтеу функциясы жоқ. Бұл энергия компаниялары үшін шекті тарифтердің негізділігіне әсер етеді.

Аудит шекті тарифтерге, қуат пен теңгеруші нарықтағы тарифтерге қатысты кемшіліктерді анықтады. Электр станциялары үшін тарифтер жария тыңдаусыз бекітіледі, ал сметалар мен есептер жарияланбайды.

«Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ (KOREM) теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату бойынша есеп айырысу орталығы ретінде белгіленген. Бірақ бұл операциялар ақпараттық қауіпсіздік бойынша тестілеуден өтпеген және өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген бағдарламалық қамту арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

Теңгерімдеуші нарықтағы тарифтер кейбір мәндерді таңдауда таңдаушылық пен субъективтілікке жол беретін формулалар негізінде бекітілген. Нәтижесінде тариф 34,7 млрд теңгеге негізсіз арттырылып, бұл шығынды түпкілікті тұтынушылар өтеген.

Теңгерімдеуші нарықтағы теңгерімсіздік пен айыппұлдарды есептеу ашық емес. Формулалар күрделі және түсініксіз параметрлерге негізделген, бұл өтінім беру кезінде болжауды қиындатады.

Электр энергиясы нарығында провайдерлердің саны артып келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 18 заңды тұлғаға жеткен. Олардың қызмет құны реттелмейді, ал жеткізілетін электр энергиясының көлемі мен бағасы шарттық қатынастарға негізделген. Бұл тұтыну мен өндірудің нақты көлемдерін жасыруға мүмкіндік беріп, нарықтың ашықтығына нұқсан келтіреді.

Тек 2024 жылдың өзінде провайдерлер нарық операторларын  айналып өтіп, 187 ұйымнан 13,7 млрд кВт*сағ электр энергиясын (шамамен 200 млрд теңге) сатып алған және таратқан.

Сондай-ақ майнерлердің бірыңғай сатып алушы «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы- есеп айырысу орталығы» ЖШС-ны айналып өтіп, сыртқы компаниялардан теңгерімдеуші жеткізуші арқылы электр энергиясын сатып алғаны анықталды. 2024 жылдың өзінде олар 901 млн кВт*сағ (шамамен 13 млрд теңгеден астам) энергия тұтынған.

Отырыста Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл мәселеге ерекше назар аударды.

«Ең алдымен, Энергетика министрлігі тарапынан өндіріс көлеміне, тұтынуға және нақты тарифтерге мониторинг жүргізілуі тиіс. Аудит деректеріне сәйкес майнерлер Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 1 млрд кВт*сағ-қа дейін электр энергиясын тұтынып отыр. Энергия тапшылығы жағдайында майнерлердің электр қуатын осылай бақылаусыз тұтынуына қалай жол беруге болады?» — деді Әлихан Смайылов ҚР Энергетика министрлігінің өкілдеріне.

Министрлік өкілдері майнерлерге қатысты қажетті лицензиялау механизмдері әзірленгенін атап өтті.

«Лицензиялау – бір мәселе. Олар энергияны провайдерлер арқылы реттелмейтін бағамен сатып алады. Нәтижесінде шығындар тұтынушыларға жүктелуде. Баланстық провайдерлердің саны артып келеді. Бұл – халық есебінен еш қиындықсыз пайда табудың жолы. Ал сіздер бұған жол беріп отырсыздар. Бақылаудың тиімді механизмдері жоқ», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Жобалаушылардың нарықты терең зерттемеуі және маркетингтік зерттеулер жүргізбеуі салдарынан «KEGOC» АҚ-ға 4 жоба бойынша мердігерлер жабдықты 2-3 есе қымбат бағамен жеткізген. Жалпы артық шығын 2,2 млрд теңге.

Соңғы 10 жылда «Самұрық-Энерго» АҚ тобы небәрі 4 жаңа жобаны іске асырған. Бұл 2024 жылы бекітілген Даму стратегиясы бойынша алдағы 10 жылға жоспарланған 25 жобаның іске асырылуына күмән тудырады.

Тоқтатылған жобаларға байланысты «Самұрық-Энерго» АҚ-ның тиімсіз шығындары 199 млрд теңгені құрайды. Ең ірілері: Балқаш ЖЭС құрылысы – 102 млрд теңге, Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергоблогы – 61,2 млрд теңге.

Жалпы аудит нәтижесі бойынша:

  • анықталған қаржылық заң бұзушылықтар 66 млн теңге;
  • бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 9,5 млрд теңге;
  • қаражат пен активтерді тиімсіз пайдалану 104,7 млрд теңгені құрады.

Барлығы 72 рәсімдік және 35 жүйелі бұзушылық тіркелді.

 

12 мая 2025
«Назарбаев университетін», ӘМСҚ мен АХҚО-ны қаржыландыру механизмі 2026 жылдан бастап өзгереді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қаржы саласындағы бірқатар квазимемлекеттік ұйымды қаржыландыру механизмі күшейтіледі. Аталған шаралар Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша қабылданды.

Бюджет кодексіне қажетті өзгерістер енгізу процесі республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне (ШҚЕ) жүргізілген мемлекеттік аудиттен кейін басталды. Аудиторлар мемлекеттік мекемелер болып табылмайтын ұйымдарды нысаналы салымдар мен нысаналы аударымдардың көмегімен қаржыландыру мүмкіндігі мемлекет активтерінің ШҚЕ-де көрсетілу сапасы мен дұрыстығына теріс әсер ететінін анықтады.

Осындай механизмдер арқылы жыл сайын «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және басқа да бірқатар ұйым қаржыландырылады.

Жоғары аудиторлық палата ҚР Үкіметіне қаржыландыру тәсілін өзгерту мүмкіндігін қарауды ұсынды, өйткені қолданыстағы механизм мемлекет активтерінің өсуіне ықпал етпейді (заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарының ұлғаюы жоқ) және қаражатты жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етпейді.

Нәтижесінде жаңа Бюджет кодексінде нысаналы салымдар мен аударымдар көмегімен қаржыландыруды көздейтін нормалар алып тасталды. Оның орнына заңды тұлғаларға берілетін трансферттер енгізіледі.

Трансферттер оларды алуға үміткер ұйымдар өздерінің стратегиялық құжаттарында нақты нәтижелерді жоспарлаған жағдайда бөлінетін болады.

Қаржы жылы ішінде бөлінген және пайдаланылмаған қаражат бюджетке қайтарылады, заңда көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда.

Трансферттер алатын заңды тұлғалардың бірінші басшылары мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, өздерінің ұзақ мерзімді стратегияларында және тиісті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында айқындалған нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады. Сонымен қатар олар қаражатты пайдалану туралы есептердің негізділігі мен дұрыстығына жауап береді.

Бұл өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

06 мая 2025
8%-дан 59%-ға дейін: мемлекеттік аудиттен кейін Қазақстанда мемлекетаралық және ұлттық стандарттарды әзірлеу құны төмендеді

Қазақстанда ұлттық және мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу құны 8%-дан 59%-ға дейінгі аралықта төмендеді. Бұл шаралар ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша қабылданды.

Өткен жылы Сауда және интеграция министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит барысында 2021 жылы «ҚазСтандарт» РМК стандарттарды әзірлеу құнын бағалаудың жаңа әдістемесін ұсынғаны анықталды. Соның нәтижесінде 2022 жылы стандарттарды әзірлеу құны 2021 жылмен салыстырғанда 6,8-8,7 есе өскен. Еңбекақы қоры 13,2 есе, яғни одан да көп өскен, алайда тиісті жұмыскерлердің жалақысы 0,3-2,2 есе ғана өскен.

Ал Техникалық реттеу комитетінің осы әдістемені бекіткен бұйрығы Әділет министрлігінде тіркелмеген және тиісінше ресми нормативтік құқықтық акт мәртебесі болмаған. Бұл Бюджет кодексінің талаптарын бұзады.

Осыған байланысты Сауда министрлігіне «ҚР СТ 1.40 «ҚР ұлттық стандарттау жүйесі. Стандарттау құжаттарын әзірлеу құнын бағалау әдістемесін» қолданудың заңдылығы мен орындылығын қайта қарау тапсырылды, себебі оны қолдану бюджетке негізсіз жүктеме түсірген.

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау үшін 2025 жылы Еңбек министрлігі стандарттарды әзірлеуге жұмсалатын ғылыми негізделген уақыт нормативтерін бекітті. Сондай-ақ жаңа ҚР СТ 1.40 стандарты қабылданды, оның мақсаты стандарттарды әзірлеу құнын төмендету болды.

Алдыңғы әдістемемен салыстырғанда әзірлеу құны:

  • Ұлттық стандарттар (ҚР СТ):
    – жаңадан бастап әзірлеу 8%-ға;
    – халықаралық/өңірлік стандарттарды аудару арқылы пайдалану 12%-ға;
    – зерттеулер, талдау және практика негізінде 17%-ға  төмендеді.
  • Мемлекетаралық стандарттар (ГОСТ):
    – жаңадан бастап дайындау 11%-ға;
    – халықаралық/өңірлік стандарттарды аудару арқылы 15%-ға;
    – аудармасыз дайындау 12%-ға;
    – зерттеулер мен практика негізінде 14%-ға;
    – ГОСТ (әзірлеудің екінші кезеңі) 59%-ға төмендеді.

Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша басқа да тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

30 апреля 2025
Жоғары аудиторлық палата тексеру комиссиялары үшін шоғырландырылған қаржылық есептілік аудиті бойынша семинар өткізді

ҚР Жоғары аудиторлық палатасында Палата мүшесі Р. Нұрпейісовтың басшылығымен республикалық және жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің аудиті бойынша семинар өтті. Оған облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тексеру комиссияларының 104 қызметкері қатысты.

Семинарда аудит жүргізудің әдіснамасы, практикалық тәсілдері мен өзекті мәселелері қаралды.

Талқылау барысында шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау тәртібіне, бухгалтерлік баланста салықтық және салықтық емес түсімдерді, олар бойынша дебиторлық және кредиторлық берешектерді көрсетуге, сондай-ақ шоғырландырылған қаржылық есептілік аудитін жоспарлауға және аудиторлық пікір жасау кезінде маңыздылық деңгейін айқындауға қатысты мәселелер қозғалды.

Семинар қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата тексеру комиссияларына қозғалған проблемалық мәселелер бойынша түсініктемелер жібереді.

 

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты