Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстандағы Азия Даму Банкі (АДБ) өкілдігінің директоры Утсав Кумармен кездесті.
Өткен жылдар ішінде АДБ-ның қолдауымен ҚР мемлекеттік аудит органдарының 355 қызметкері, соның ішінде Жоғары аудиторлық палатаның 269 қызметкері біліктілік оқытуынан өтіп, түрлі кәсіби сертификаттар алған.
Оның ішінде Ұлыбританияның Мемлекеттік қаржы және бухгалтерлік есепке алудың сертификатталған институты (CIPFA) желісі, Қаржы, есепке алу және аудит саласындағы мамандардың жаһандық қауымдастығы(AССA), сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттары (IPSAS) саласы бойынша.
«Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жалғасуда және бізге аудиторлардың біліктілігін арттыру мәселесі өте маңызды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Мәселен, биыл көктемде АДБ-мен ынтымақтастық шеңберінде Жоғары аудиторлық палатаның 20 қызметкері оқытылып, IPSAS ACCA бағдарламасы бойынша аудит саласындағы халықаралық біліктілігі берілді. Барлық қызметкер емтиханды сәтті тапсырды.
Сонымен қатар мемлекеттік аудит өткізу практикалары бойынша бірлескен зерттеулер жүргізілуде.
«Биыл Қазақстанда электрондық, яғни мемлекеттік аудитті қашықтықтан жүргізуді іс жүзінде енгізу мәселелері бойынша зерттеу жоспарланған. Бұл болашақта оның жылдамдығы мен тиімділігін едәуір арттырады», — деді Әлихан Смайылов.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар барлық бағытта жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Құрметтi Ерлан Жақанұлы!
Құрметтi депутаттар, Үкімет мүшелері!
Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру бойынша стратегиялық міндетін қойды. Сонымен қатар Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикамызды өзіміз толық қамтамасыз ете отырып, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды тапсырды. Бұл ретте, халықаралық тәжірибеге сәйкес өнеркәсіптік өндіріс 1%-ға өссе, тасымалдау көлемі 2%-ға ұлғаюы тиіс. Сондықтан заманауи сын-қатерлер мен талаптарға жауап беретін, осындай жүктемелерге қабілетті, сапалы көлік инфрақұрылымының болуы өте маңызды.
Көлік инфрақұрылымы тек көлік жолдары мен теміржол ғана емес. Бұл объектілердің тұтас технологиялық кешенін қамтиды.
Ондаған жылдар бойы жиналған мәселелерді шешу көбіне жыртықты жамауымен болды.
23 объектіде 3 трлн теңгені қамтитын аудит жүргізілді. Нәтижесінде 29 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 168 млрд теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және тиімсіз пайдаланғаны анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда 307 млрд теңгені құрады. Аудит қорытындысы бойынша 5 материал құқық қорғау органдарына жолданды. 117 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді.
Ал енді аудиттің негізгі тұжырымдамаларына толығырақ тоқталайын.
Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен
2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалды. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.
2020-2023 жылдары магистральдық, стационарлық және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін 4 мыңнан астам бұзу фактілері тіркелді. Тек 2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатты құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда
5 есе өскен.
Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 млрд астам теңгеге көтерген.
Мәселен, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермеді және ҚТЖ табыстарының айтарлықтай азаюына әкеп соғып отыр.
Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, сондай-ақ электрлендірілген учаскелерде пойыздың құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген.
Жеке жүк тасымалдаушылардың тарифтері жоғары. Жекелеген жағдайларда 32%-ға, соның ішінде іс жүзінде жоқ шығындарды қосу есебінен асырылған. Бұл түпкілікті тұтынушы үшін тауар тасымалдау құнына айтарлықтай әсер етеді.
Осы жерде тарифтерді реттеу жөніндегі уәкілетті органның позициясы әлсіз екені байқалады. Тарифтеу тәсілдері әділ болуы тиіс. Сонымен бірге жеке теміржол тасымалдаушыларының одан әрі жұмыс істеу орындылығын қайта қарастыру қажет.
2020-2023 жылдары ҚТЖ жүк айналымының 73%-ы өзіндік құнынан төмен тарифтермен тасымалданған.
Реттелетін тарифтер бойынша шығындар 907 млрд теңгені құрады, оның жартысынан астамы – экспорт бойынша. Бұл ретте, экспортқа арналған реттелетін тарифтердің деңгейі республика ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдау тарифтерінен төмен.
ҚТЖ-ның барлық шығындары негізінен транзиттік табыстары есебінен жабылады. Бұл – экономикалық жағынан қисынсыз. Бірде-бір кәсіпкер өз қызметін қайырымдылық принципі бойынша жүзеге асыруға мүдделі емес. Бұл – банкроттыққа апаратын төте жол.
Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған.
Қаржылық және техникалық жай-күйді сауықтырудың нақты мерзімдерін айқындап, ҚТЖ компаниялар тобының шығындарын оңтайландыру қажет. Бұл ретте, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қазіргі корпоративтік басқару әдістері мен даму стратегиясы еліміздің Ұлттық теміржол компаниясының дағдарысын болдырмауға қабілетсіз.
Активтердің жай-күйінің нашарлауы, борыштардың өсуі және оларды уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауы басқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз ҚТЖ-ны дефолтқа ұшыратады.
Жүк транзиті туралы толық мәлімет жоқ. Статистикалық деректер нақты жағдайға сәйкес келмейді. Сондықтан қабылданып жатқан шаралар тек вагон және локомотив паркін жаңартумен, сондай-ақ Қазақстанның шығысы мен оңтүстігінде жекелеген жолдар салумен ғана шектеліп отыр. магистральдық желілер түбегейлі қайта жаңартылмайды.
Егер қолданыстағы магистральдық желілердің жай-күйі мен өткізу қабілетін жақсартып, олардың бүкіл жүру маршрутында жылдамдықты шектемей, апатсыз қозғалысқа мүмкіндік бермесе, вагондар мен локомотивтерді сатып алу қисынсыз.
Қозғалысты жоспарлау және басқару кезінде кешенді цифрландырылған шешімдердің болмауы жағдайды одан әрі қиындатады. Теміржол тасымалын басқаратын ақпараттық жүйелер ескірген. Олар 1980-2010 жылдар аралығында енгізілген. Мысалы, транзитті рәсімдеу және жүктердің қозғалысын жоспарлау іс жүзінде қолмен басқарылады. Осының бәрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді. Нәтижесінде локомотивтерді пайдалану көрсеткіштерінің нашарлауына және бос жүріс үлесінің жоғары болуына әкеледі.
Тасымалдауды жедел басқарудың автоматтандырылған жүйесінің қызмет ету мерзімі 2027 жылдың қараша айында аяқталады. Ал жаңа IT-шешімдер әлі күнге дейін жоқ. Негізгі ақпараттық жүйелердің құқық иеленушілері – оларды әзірлеген шетелдік компаниялар. ҚТЖ-да бұл жүйелерді өздігінен пысықтау және жаңғырту құқығы жоқ.
Әлеуметтік маңызы бар теміржол жолаушылар тасымалына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары ашық емес. Тасымалдаушының шығыстарын субсидиялау жөніндегі конкурстар қағаз жүзінде өткізіледі. Олардың шығыстарын өтейтін бірыңғай тәсіл жоқ. Кейбір жеке тасымалдаушылар субсидияны жыл сайын толық көлемде алса, басқалары – жартылай алады. 2020 жылдан бастап олардың өтелмеген шығыстар сомасы 65 млрд теңгені құрады.
Тапқан пайдасының бір бөлігін және амортизацияны жолаушылар тасымалдаушыларының активтерін жаңартуға жіберу жөнінде талап көзделмеген. Соның салдарынан қарапайым санитариялық нормалар сақталмайды. Ескі вагондарды пайдаланып жүрміз.
Қорытындылай келе, Ұлттық тасымалдаушыны басқару бойынша түбегейлі шаралар қолданбайынша, Министрлік пен компанияның өзі осы уақытқа дейін қабылдаған фрагменттік шешімдері оң нәтиже бермейді деген қорытындыға келдік.
Ол үшін:
- Үкімет және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы ҚТЖ-ның борыштық жүктеме мәселесін шешуі тиіс;
- табыстарды өндірістік активтерді қалпына келтіруге, соның ішінде магистралдық теміржол желісін реновациялауға бағыттауды қамтамасыз ету қажет;
- Ұлттық теміржол компаниясын дамыту бойынша сыртқы басқарушы институтты қарастыру маңызды;
- теміржол инфрақұрылымы мен тасымалдарды басқару процестерін цифрландыруды жеделдету керек;
- өндірістік-технологиялық процестерді ұйымдастыруда және жүктер мен жолаушыларды тасымалдауда артық делдалдық құрылымдарды жою қажет.
Енді автожол саласына тоқталайын.
Бұл саладағы аудит нәтижелері де алаңдатарлық. Шұғыл шешімдер қабылдауды талап ететін айтарлықтай жүйелі кемшіліктер анықталды.
Автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және күтіп ұстауға соңғы төрт жылда барлығы 1,9 трлн теңге бөлінді. Аудит деректері бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 72%-ды құрайды.
Автомобиль жолдарының бұзылуына әкелетін негізгі факторлар – рұқсат етілген массадан асатын ауыр салмақты көлік құралдарының жүруі. Бұл – тасымалдау процесінің жекелеген топтардың мүдделерін қорғау және принципті позицияның болмауы себебінен көптеген жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе.
Автоматтандырылған өлшеу станциялары орын алған бұзушылықтарды толық көлемде дұрыс рәсімдеп отырған жоқ. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда ауыр салмақты көліктердің жүруіне қатаң тыйым салу керек. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал үшін жауаптылықты күшейту қажет.
Оның үстіне жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және сараптама жасауды талап етпейтін орташа жөндеу жобалары жолдардың жай-күйінің нашарлауына әсер етуде.
Мемлекеттің кепілдігімен алынған халықаралық қарыздар бойынша жобаларды басқару сапасының төмен екені және оларды іске асыру мерзімдерінің ұзаққа созылғаны анықталып отыр.
Бұлар:
- төленген және игерілмеген аванстарға қызмет көрсеткені үшін сыйақы төлеу арқылы республикалық бюджеттің шамамен 40 млрд теңгеге шығынға ұшырауына;
- жобалардың 294 млрд теңгеге қымбаттауына;
- «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамына жұмсалғаны расталмаған 21 млрд теңге шығындарын төлеуге әкелді.
Мемлекеттің кепілдігімен тартылған қаражаттың қол жеткізілген нәтижелеріне тиісті бағалау жүргізілмейді. Осындай қаражат есебінен іске асырылатын жобалардың өзіндік құнын ықтимал арзандату бойынша талдау жасалмайды. Мысалы, кепілдендірілген қарыздар есебінен салынған бір км жолдың құны бюджет қаражаты есебінен салынғаннан орта есеппен 3 есе қымбат.
Құрылыс материалдарының тапшылығы және олардың сапасының төмендігі жолдар салудың және жөндеудің өзіндік құнына да, автожол саласының жобаларын уақытылы іске асыруға да теріс әсер етеді.
Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жасау тиімділігі төмен. Жолдарды ағымдағы күтіп ұстау үшін қалдықтық қаржыландыру тәсілі сақталып отыр.
Орта есеппен соңғы төрт жылда қаржыландыру нормативтің 67%-ын құрады.
«ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйін күтуге арналған қажетті техникамен толық жабдықталмаған.
Құрметті депутаттар!
Аудиттің негізгі нәтижелері осындай. Әрбір кемшілік бойынша нақты тапсырмалар мен ұсынымдар әзірленді. Олардың толық орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз.
XXVII Петербург халықаралық экономикалық форумының қатысушылары сыртқы аудиттің мемлекеттік басқаруды жетілдіруде және экономиканы дамытудағы маңыздылығын талқылады.
Ресей Федерациясының Есеп палатасы ұйымдастырған тақырыптық іс-шараға Беларусь, Вьетнам, Қазақстан, Сауд Арабиясы және Сенегал сияқты бірнеше елдің жетекші сарапшылары мен мемлекеттік орган өкілдері жиналды.
Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскин негізгі қатысушы ретінде сөз сөйлеп, аудиттің халықтың әл-ауқаты мен мемлекеттің дамуына әсері туралы пайымымен және тәжірибесімен бөлісті. Іс-шара барысында сыртқы аудит пен қаржылық бақылау жүйесін дамытудың маңызды аспектілері қозғалды.
Тілеген Каскин сыртқы аудиттің қаржылық ашықтықты нығайтуда, басқару тиімділігін қамтамасыз етуде және Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу барысында шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Бұл аудит түрі мемлекеттік ресурстардың тиімді әрі заңға сәйкес пайдаланылуына кепілдік беруге септігін тигізеді. Өз кезегінде бұл экономикалық өсуге және әлеуметтік дамуға ықпал етеді.
Оның айтуынша, сыртқы аудит инвестицияларды тартуға ықпал етіп, халықаралық инвесторлар тарапынан Қазақстан экономикасына деген сенімді арттырады. Бұл елдің тұрақты дамуы мен әлемдік экономикаға кірігуі үшін маңызды.
Беларусь, Вьетнам, Сауд Арабиясы және Сенегалдан келген шетелдік әріптестер де өздерінің табысты тәжірибелерін ұсынып, бірегей жұмыс әдістерімен бөлісті.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының өкілдері 4-7 маусым аралығында Манила қаласында (Филиппин) өткен Жоғары аудит органдары қызметінің тиімділігін бағалау жүйесі (SAI PMF) жөніндегі кеңейтілген семинарға қатысты.
Жоғары аудит органдары қызметінің тиімділігін бағалау жүйесі халықаралық стандарттар мен басқа да озық әдістер негізінде оларды дербес немесе алқалы сыртқы бағалауға негіз болады. Бұл жоғары аудит органдарының болашақ даму мәселелері бойынша өз ұйымында және одан тыс жерлерде сенімді өзара іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді.
Семинардың негізгі мақсаттарының қатарында:
Іс-шараға қатысу ИНТОСАИ (IDI) даму бастамасының қолдауымен жүзеге асырылды.
Анықтама ретінде: ИНТОСАИ (IDI) даму бастамасы – бұл Халықаралық жоғары аудит органдары ұйымының бір органы, ол осы ведомстволардың әлеуетін дамытуға және мемлекеттік аудиторларды кәсіптік оқытуға ықпал етеді.
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысында 2023 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендіруге жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы қаралды.
Мемлекеттің шоғырландырылған бюджетіне (ШБ) түсетін салықтық түсімдердің серпіні ЖІӨ-ге шаққанда соңғы 5 жылда 2019 жылғы 17,3%-дан 2023 жылы 19,5%-ға дейінгі өсу үрдісін көрсетуде. Оның ішінде жартысынан астамы республикалық бюджетке түскен салықтық түсімдерді құрайды, олардың көлемі де соңғы 5 жылда екі есеге жуық өскен.
Алайда, 2023 жылы 1,4 трлн теңге сомаға салықтық түсімдер бойынша жоспардың орындалмағаны тіркелді. Атап айтқанда, бюджетті құрайтын 3 ірі салық бойынша болжам іске асырылмады: КТС, ІӨТ-ға ҚҚС, импортқа ҚҚС. Бұл артық болжам жасау салдарынан орын алып отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің есебіне сәйкес республикалық бюджет салықтық және кедендік әкімшілендіру есебінен 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсімдермен қамтамасыз етілген. Дегенмен Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша бұл көрсеткіш 709 млрд теңгеден сәл асқан, яғни 234 млрд теңгеге кем.
Мемлекеттік кірістер органдарының камералдық бақылау бұзушылықтарын жою туралы хабарламаларды уақтылы қалыптастырмау және жібермеу фактілеріне жол бергені анықталды, бұл 1,9 млрд теңге сомаға бюджет шығынына әкеп соқтырды.
240 млн теңгеден астам сомаға бюджеттен ҚҚС-ты негізсіз қайтару фактілері анықталып отыр.
Оңалту және банкроттық рәсімдерінің тиімділігі төмен және әлеуметтік талаптарды өтеуге және банкроттық пен оңалтуды басқарушылардың шығындарын өтеумен ғана шектелуде. 2023 жылы таратылған банкроттарға 3,5 трлн теңгеден астам сомаға төленбеген қарыздар есептен шығарылды, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн теңгені құрады. Үлестес тұлғаларды банкроттық басқарушылар етіп тағайындау фактілері анықталды, бұл кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, түрлі теріс пайдалануларға жағдай жасайды.
Кеден және салық органдарының бірігуіне қарамастан, кедендік әкімшілендіру шеңберінде дерекқорлардан тиісті өзара іс-қимыл және мәліметтермен алмасу жолға қойылмаған, бұл кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуде бюджет шығыны тәуекелін тудырады.
Отырыс аясында Әлихан Смайылов МКК басшылығының оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдірудің маңыздылығына, бұл тетіктің салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік беретін олқылыққа айналмауына назарын аударды.
Ол маңызды проблемаларға бизнестің электрондық шот-фактураларын нәтижесіз бұғаттауды және кедендік әкімшілендіру кезінде тауарлардың құнын төмендету фактілерін де жатқызды, бұл «айна-қатесіз статистиканың» деректерін бұрмалап қана қоймай, бюджетке төлемдердің толық түспеуіне де әкеп соқтырады.
«Көптеген мәселе бойынша сұрақтардың көтерілгеніне бірнеше жыл болған. Сондықтан жағдайды жақсартуға жауапкершілікпен қарап, нақты шаралар қабылдау қажет. Әлеует жеткілікті. Сіздерге нақты ұсынымдар берілетін болады», – деді Әлихан Смайылов МКК басшылығына.
Өз кезегінде ведомство басшысы Жандос Дүйсембиев барлық анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Атап айтқанда, қазір «Қорғас» ХШЫО-да барлық тауар айналымын ашық етуге мүмкіндік беретін кедендік әкімшілендіру процестерін автоматтандыру жүйесі сынақтан өтуде. Сонымен қатар автоматтандыру арқылы бақылауды күшейтіп, банкроттық және оңалту туралы заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда.
Отырысқа Қаржы министрі Мәди Тәкиев және қаржы блогының басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді бәсекелес ортаға беру қағидаларына өзгерістер енгізді.
Жекешелендіру саласындағы мемлекет саясатының және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті қызметінің (2016-2020 және 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарлары) тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша бірқатар кемшілік анықталды.
Мәселен, активтерді сату бойынша өткізілетін аукциондар мен конкурстарды ақпараттық сүйемелдеудің нашар болуы сатып алушылардың болмауына әсер еткен факторлардың біріне айналды. Атап айтқанда, танымал емес ақпараттық платформалар мен құралдар пайдаланылған.
Бұдан басқа, Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының активтерін сатып алу-сату шарты талаптарының орындалуына бақылау сатушы тарапынан олардың сақталу анықтығын қамтамасыз етпейтінін анықтады.
Осыған байланысты шара қабылдау және «Самұрық-Қазына» АҚ және ұйымдардың Активтерін бәсекелес ортаға беру қағидаларына қажетті өзгерістер енгізуге тапсырма берілді. Атап айтқанда:
Нәтижесінде Қор директорлар кеңесінің шешімімен 2024 жылғы 26 сәуірде жоғарыда аталған Қағидаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жоғары аудиторлық палата нұсқамасы орындалды.
Құрметтi Ерлан Жақанұлы!
Құрметтi депутаттар, Үкімет мүшелері!
Ең алдымен, Мәжілістің барлық депутаттық корпусына Жоғары аудиторлық палатаның Қорытындысын жан-жақты және мұқият қарағаны үшін алғысымызды білдіреміз.
Біз атқарып жатқан жұмысымызды барынша ашық етуге бет бұрдық. Аудит нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында толығырақ жариялай бастадық. Тексерулерге сарапшылар қоғамдастығы да тартылуда. Бұл аудиторлық іс-шаралар қорытындыларының объективтілігіне қатысты мәселелерді ысырып, мемлекеттік аудит жүйесіне деген сенімді арттырады.
Ал депутаттардың тікелей қолдауымен Жоғары аудиторлық палатаға берілген жергілікті бюджеттерді тексеру құқығының арқасында бюджет қаражатын алатындар сыртқы аудиттің назарынан тыс қалмайды.
Енді Жоғары аудиторлық палатаның негізгі қорытындыларына тоқталайын.
2023 жылы стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болды. Ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарды. Бұл кідіруді күттірмейтін дамудың басым бағыттарына назар аудару үшін жасалып отыр. Яғни, қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қаржылай қамтамасыз ету жеткілікті көлемде болуы қажет.
Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды.
Дегенмен уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды.
37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған.
Сол сияқты «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады. 227 объект бойынша жобалау аяқталмаған. Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген.
Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен Премьер-Министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін.
Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды.
Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді.
Биыл депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып қарауды жалғастырдық. Жоспарланған макроиндикаторлардың жартысына жуығын статистиканың кеш қалыптасуына байланысты бағалау мүмкін болмады.
Қажеттілікке қарамастан, өкінішке қарай, статистика жүйесінде сапалы өзгерістер бола қойған жоқ. Цифрландырудың дамыған заманында статистикалық деректерді бір жыл және одан да көп уақытқа кешігіп әзірлеу орынсыз деп есептейміз, маңызы мен құндылығы жоғалады.
Барлық көрсеткішке қол жеткізуді нақты уақыт режимінде бақылау үшін оларды толық цифрландыру жоспарын тездету өте маңызды. Бұл қойылған мақсаттарға қол жеткізу барысында ауытқуларға жол бермеу үшін сапалы әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Бюджеттік әкімшілер экономикалық әсерлерді болжап, бағалауды үйренді. Алайда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту призмасы арқылы әлеуметтік қолдауды, базалық әлеуметтік кепілдіктерді бағалау ескерусіз қалып отыр. Іс жүзінде бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны атқару кезінде де мұндай бағалауды ешкім жүргізбейді. Бұл бюджеттің барынша әлеуметке бағдарлануы жағдайында орын алып отыр.
Осыған байланысты Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізу ұсынылады. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін есептеп, бағалау үшін қажет.
Әкімдіктерге өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда қаражаттың орталық деңгейде жоғары игерілуі өңірлерде төмен нәтиже көрсетіп отыр. Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар шамамен 5 трлн теңгені құрап отыр. Олар соңғы 3 жылда екі еседен артық өскен. Орындалуы 98%-дан жоғары болып отырған нысаналы трансферттер де шамамен тағы 2 трлн теңгені құрады.
Ал іс жүзінде қалай? Іс жүзінде бюджеттік тәртіп төмен деңгейде.
Тек төрт өңірде, яғни Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттағаны анықталып отыр. Ал қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек.
Осы төрт өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған. Сондай-ақ өңірлерде өте маңызды және қажетті объектілердің мақсатына сай пайдаланылмау фактілері орын алып отыр. Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, атап айтқанда, жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы пайдаланылмай тұр. Жезқазған қаласында 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған.
Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тәртіп орнату керек. Жобалардың орындалу мерзімін ұзартуды және олардың қымбаттауы тәжірибесін шектеу қажет. Жоспарлаудан бастап оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімдерді қысқартқан жөн. Бюджеттік әкімшілерге міндетті түрде типтік жобаларды қолдану жүктелуі тиіс. Мұндай жобалар бойынша жоспарлаудың, қажетті сараптамалар мен рұқсаттар алудың жеделдетілген рәсімі болуы тиіс.
Осы жобалардың құнын мониторингілеу үшін олардың ықтимал қымбаттауын IT-шешімдерді қолдану арқылы қадағалауға болады. Бұл болашақта жобаның қымбаттауына байланысты рәсімдерден өту қажеттілігін алып тастамаса да, кем дегенде оларды қысқартуы мүмкін.
Өнім жеткізушілерді айқындау барысында адами фактор барынша болмауы тиіс. Бұған тек цифрлық шешімдерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады.
Жобалардың субъективті себептерге байланысты қымбаттау ауыртпалығы тек мердігерлерге жүктелуі қажет. Ал тапсырыс берушілер тарапынан жобалардың іске асырылу мерзімдеріне ықпал етіп, олардың сметалық құнының ұлғаюына әкеп соққан кідіріс мемлекеттік қызметке кері әсер ететін теріс қылықтар санатына жатуы тиіс.
Экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар ұлттық компаниялар арқылы іске асырылады. Бизнесті қолдауға қомақты ресурс жұмсалып отыр. Бұл мәселелерді ашық айтып, экономика үшін осындай қолдаудың тиімділігін жан-жақты талдау керек.
Біз өңдеуші өнеркәсіп жобалары бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызметті ынталандырудың аудитіне кірістік. Нәтижелерін биыл баяндаймыз.
Квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға қатысып отыр. 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен
1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл ретте квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен астам өсіп отыр.
Басқа да көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджет қаражатының жетпей жатқанын ескерсек, бұл – өрескел жағдай.
Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін мемлекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді.
Бұрын жарғылық капиталды ұлғайтуға бөлінген, бірақ пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігі іске қосылуы тиіс. Қаражатты ақшаны бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет.
Ресурстарды экономикаға және қазақстандықтардың игілігі үшін пайдалану керек.
Жасанды интеллектті пайдалана отырып, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы болжамдау функциясын жақсарту үшін шұғыл шаралар қажет. Бұл жерде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өзінің үйлестіруші рөлін күшейтуі маңызды.
Қазір мемлекеттік борыш қауіпсіз шекте болғанымен, Үкіметтің борыштық міндеттемелері биыл қаңтар айындағы жағдай бойынша 24,9 трлн теңгені құрады. 2024-2025 жылдары өткен онжылдықта тартылған қарыздарды қайтару бойынша бюджетке ең жоғары жүктеме түсіп отыр. 2023 жылы қарыздарды өтеуге және қызмет көрсетуге Ұлттық қордың трансферттерін есепке алмағанда, бюджет кірістерінің 28%-ы немесе барлық шығыстарының 19%-ы жіберілді.
Осы мәселелерге келгенде макроэкономикалық және бюджеттік параметрлерді өзара байланыстыра отырып, ұзақ мерзімді жоспарлау қажет. Алдағы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың жай-күйі туралы ақпаратты ашығырақ көрсету керек.
Сіздердің назарларыңызды аударғымыз келген негізгі мәселелер осылар. Олар бойынша Жоғары аудиторлық палата тиісті ұсынымдар дайындады.
Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата құқық қорғау органдарына 23 аудит материалын жіберді. 123 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа, 32 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Есепті кезеңде 28 млрд теңге қалпына келтірілді және өтелді.
Құрметті депутаттар!
Біздің Қорытындыны жан-жақты қарап, бірлесіп жұмыс жасағандарыңыз үшін тағы да алғысымызды білдіреміз. Аудит қорытындысы бойынша берілген әрбір тапсырма толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның қатаң бақылауында болады. Ал біздің Үкіметпен және Парламентпен бюджет процестерін жетілдіру мәселелеріне қатысты жұмысымыз әрі қарай жалғасады.
3 маусымда Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жоғары аудит органдары бірлескен бақылау тобының кездесуі өтті.
Негізгі тақырып – ЕАЭО елдерінің мемлекеттік қаржы органдарының Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, сондай-ақ оларды мемлекет бюджеттеріне аудару тәртібі туралы хаттаманы сақтауын тексеру.
Кездесуге қатысушыларды Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Ардақ Теңгебаев қарсы алды. Іс-шара барысында бірлескен аудиторлық іс-шараны өткізудің негізгі аспектілері және оның аясындағы алдағы жоспарлар талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша әр тараптың өкілдері аудиторлық іс-шараны ұйымдастырғаны және сүйемелдегені үшін ризашылықтарын білдіріп, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Бірыңғай бағдарламаға сәйкес қазіргі уақытта бақылау
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде жүргізілуде. Одан әрі ол Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің уәкілетті органдарында жалғасады. Бақылау іс-шарасының қорытындылары биыл жыл соңында ЕАЭО елдері жоғары аудит органдарының бірлескен алқасында шығарылады.
Жоғары аудиторлық палатаның отырысында 2023 жылғы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне (РБ ШҚЕ) жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды.
РБ ШҚЕ негізгі мақсаты – республикалық деңгейдегі мемлекет активтерін, міндеттемелерін, кірістері мен шығыстарын объективті және анық көрсету. Ол 2023 жылға 39 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің есептілігі негізінде құрылды.
Ұсынылған деректерге сәйкес республикалық бюджет активтерінің жиынтық көлемі 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 7% өсіммен 25,5 трлн теңгені құрады.
Соңғы 5 жыл ішінде шығыстардың республикалық бюджет кірістерінен жыл сайын асып түсуі байқалуда, бұл жинақталған қаржылық нәтиженің төмендеуіне әкеп соғуы заңдылық. Сонымен бірге аудиторлық іс-шараның нәтижесі бойынша 87,7 млрд теңге сомаға қаржылық бұзушылықтар, 26,3 млн теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану, сондай-ақ 25 рәсімдік бұзушылық пен 17 жүйелік кемшілік анықталып отыр.
Бұл ретте 2023 жылғы РБ ШҚЕ республикалық деңгейде мемлекеттің қаржылық жағдайы мен қаржылық қызметінің нәтижелерін толық көрсетпейді.
Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша таза активтер минус 4,2 трлн теңгені құрады. Бұл, ең алдымен, мынадай қаржылық көрсеткіштерді объективті түрде (өзіндік құны бойынша) көрсетпеумен байланысты:
Жоғарыда аталған элементтердің тек үшеуі ғана объективті түрде көрсетілген жағдайда, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша таза активтер теріс емес (минус 4,2 трлн теңге), оң мәнді көрсетіп, бағалау бойынша 12,7 трлн теңгені құрайтын еді.
Сонымен қатар 2023 жылғы РБ ШҚЕ-де тану өлшемшарттарына сәйкес келмейтін активтерді көрсету жалғасуда, мысалы:
Сонымен бірге аудит нәтижелері көрсеткендей, көптеген пайдалануға жарамды және пайдаланылатын негізгі құралдар нөлдік баға бойынша есепке алынады. Бұл қоғамдық секторға арналған халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының (ҚСХҚЕС) талаптарына сәйкес келмейді. Осылайша, РБ ШҚЕ-де мыналар:
Жоғары аудиторлық палата «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР Заңының 23-бабына сәйкес анықталған бұзушылықтар мен орын алған жүйелік кемшіліктерді назарға ала отырып, 2023 жылғы РБ ШҚЕ қатысты өз пікірін ескертпемен білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге ҚСХҚЕС сәйкес активтер мен міндеттемелердің жекелеген санаттарының неғұрлым анық түрде ұсынылуын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізуді ұсынды.
Тұтастай алғанда, бірінші РБ ШҚЕ аудитке ұсынылған сәттен бастап 5 жылдық кезең ішінде оның сапасы мен анықтығының айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Жалпы, Палата ұсынымдарын ескере отырып, Қаржы министрлігі осы жылдар ішінде 5,7 трлн теңге сомадағы активтерді, 297 млрд теңгеге міндеттемелерді тану және анық көрсетуді қамтамасыз етті.
ҚР Жоғары аудиторлық палата делегациясы Түркия Республикасы Есеп сотының құрылғанына 162 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.
Қатысушыларға Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, сондай-ақ Парламент төрағасы Нуман Куртулмуш пен ел Үкіметінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан жоғары аудит органдарының төрағалары және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Расул Рахимов қатысты.
Сонымен қатар Палата өкілдерінің Түркия Есеп сотының Президенті Метином Йенером екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.
Тараптар екі елдің жоғары аудит органдары арасындағы достық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Соның арқасында оқытуға, тәжірибе мен білім алмасуға бағытталған түрлі бірлескен жобалар іске асырылуда.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата делегациясы 2024 жылы Литва және Португалия өкілдерімен бірлесіп теңдік негізінде ҚР Жоғары аудиторлық палатасының қызметін тексеруді жүзеге асыратын топтың құрамына кіретін жауапты аудиторлармен кездесті.
Жоғары аудиторлық палата делегациясы үшін Түркия Есеп сотының қызметі, мемлекеттік аудит жүргізу тәжірибесі, аудиторлық қызметті цифрландыру және аудиторларды оқыту мәселелері бойынша семинар өткізілді. Түркия жоғары аудит органының өкілдері өздерінің Vera ақпараттық жүйесінің жұмыс нәтижелерімен және деректерді талдау әдістерімен бөлісті. Өз кезегінде қазақстандық делегация өкілдері Жоғары аудиторлық палатаның қызметі мен тәжірибесін таныстырды.