Жоғары аудиторлық палата қызметкерлері үшін тиімділік аудиті және қаржылық есептілік аудиті мәселелері бойынша оқу тренингтері Дүниежүзілік банктің қолдауымен өтті.
Іс-шаралар Дүниежүзілік банктің Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жоғары аудит органдарына қолдау көрсету жөніндегі өңірлік жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.
26-27 маусымда онлайн тренингтер, ал 16-17 шілдеде ҚР Жоғары аудиторлық палатасының қызметкерлері үшін күндізгі оқу тренингтері өтті. Оқытқан – Дүниежүзілік банктің консалтингтік серіктесі Ernst & Young Advisory LLC компаниясы.
Тренингтер тиімділік аудиті мен қаржылық есептілік аудитін жүргізудің теориялық және практикалық аспектілерін қамтыды. Атап айтқанда, халықаралық стандарттар, әлемдік тәжірибеге сәйкес аудиторлық рәсімдердің негізгі кезеңдері және шет елдердің тәжірибесі зерделенді. Сонымен қатар практикалық кейстер мен сценарийлік жағдайлар қаралды.
Сондай-ақ Ernst & Young компаниясы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жоғары аудит органдарында қаржылық аудит және тиімділік аудиті саласындағы қазіргі ахуалға талдау жүргізуде. Бұл әлемдік озық тәжірибелерді қолдану, әдіснамалық құжаттарды жетілдіру және халықаралық стандарттарды енгізу бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін қажет.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша отырыс өткізді.
Оған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, «СК-Фармация» ЖШС, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының, Фармакологиялық бақылау комитетінің басшылары, Ақмола, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарлары және т.б. қатысты.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілік анықталды. Олар отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына, баға белгілеуге, сатып алу және логистика процестеріне, инспекциялар жүргізуге және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін бағалауға қатысты.
Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылуын талдау фармацевтика саласын дамыту бойынша кешенді тәсілдің жоқтығын көрсетеді.
Осылайша, қолдау шаралары отандық фармацевтикалық өндірісті дамытудың басым бағыттары ескерілмей және жергілікті ету деңгейіне қарамастан көрсетіледі. Дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайды, ал әкелінетін компоненттердің сапасына қойылатын талаптар белгіленбеген.
Жалпы, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20%-дан төмен. 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 18%-ды құраған.
Бағаларды мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді. Шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате. Неліктен деңгейлес елдердегі баға талдау жүргізілмейді? Қазір барлық баға белгілеу өндіруші зауыттың мәліметтеріне негізделген. Бұл тәсіл дұрыс емес», – деді Әлихан Смайылов.
Денсаулық сақтау министрі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
«Баға белгілеуге, оның ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақ өте көп. Көтерме-бөлшек сауда сегменті үшін де, ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алу бөлігінде баға белгілеуде де сұрақтар бар. Жоғары аудиторлық палата талдауының нәтижелеріне келетін болсақ, 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы тексерілетін болады. Жұмыс тобы құрылды. Оларды іріктеуге қатысты да сұрақтар бар. Жыл соңына дейін біз ТМККК және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ көтерме-бөлшек сауда сегментінде белгіленген бағалардың барлық спектрін тұтастай қайта қараймыз деп ойлаймын», – деді Ақмарал Әлназарова.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайтынына назар аударды, бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СК-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр.
Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған.
Сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар анықталды. Осылайша, 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары болса да, сондай-ақ «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектерді сатып алу жүзеге асырылды.
Жекелеген өнім берушілердің дәрі-дәрмектерді сақтау нарығын монополизациялауы және бірыңғай дистрибьютерде өзінің логистикалық инфрақұрылымының болмауы логистикаға жұмсалатын шығыстардың 1,5 есе өсуіне ықпал етті: 2022-2024 жылдарда 6,8 млрд теңгеден 10,2 млрд теңгеге дейін.
Ақмола, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау ұйымдарына арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау жедел қоймаларының болмауы логистика шығындарын ұлғайтып, төтенше жағдайлар кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге теріс әсер етуі мүмкін.
Тариф белгілеудің саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу және шығыстарды бақылау процестеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңгеге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қалпына келтірілді.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, соның ішінде:
Аудит жүргізуге кедергі келтіргені үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Анықталған бұзушылық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді.
Жүйелік кемшіліктерді жою, бюджет және өзге де заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді болдырмау, дәрі-дәрмектердің құнын төмендету және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.
Баку қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстанның жоғары аудиторлық палатасының мамандары Әзербайжан Есеп палатасының қызметкерлері үшін тәжірибе алмасу мақсатында семинар өткізді. Іс-шара екі ведомствоның 2024-2026 жылдарға арналған өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі тақырыбы — инвестициялық жобаларды іске асыру аудиті. Қазақстан тарапынан департамент директорлары Ләйлім Қашымова мен Ақылбай Ыбыраев баяндама жасап, Қазақстанда осындай аудиттерді жүргізудің әдіснамасы мен практикасы туралы айтып берді.
Атап айтқанда, инвестициялық жобалар тиімділігінің аудит критерийлері мен көрсеткіштерін анықтау, оны жүзеге асыру ерекшеліктері, сондай-ақ аудит сапасын бақылау сияқты тақырыптар қозғалды.
Өз кезегінде Әзербайжан Есеп палатасының өкілдері де осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рашит Ахметов семинар қарсаңында атап өткендей, инвестициялық жобалардың аудиті олардың табысты орындалуын қамтамасыз етуде және тәуекелдерді барынша азайтуда шешуші рөл атқарады.
«Бұл олардың тиімділігі мен ашықтығын арттырудың маңызды құралы», — деп атап өтті Р. Ахметов.
Сондай-ақ Рашит Ахметов қатысушыларды Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жалғасып жатқандығы туралы хабардар етті. Мәселен, конституциялық өзгерістер шеңберінде ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мәртебесі арттырылып, өкілеттіктері кеңейтілді. Атап айтқанда, жергілікті бюджет қаражатына аудит жүргізу құқығы және елдегі барлық мемлекеттік аудит органдарының тексеру қорытындыларын қайта қарау құқығы берілді.
«Жоғары аудиторлық палатаның құзыретін кеңейту тұрақты негізде үздік шетелдік тәжірибені, халықаралық стандарттарды енгізуді, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың біліктілігін жүйелі түрде арттыруды талап етеді. Сондықтан Әзербайжан Есеп палатасының тәжірибесі біз үшін де маңызды», — деп түйіндеді Р. Ахметов.
Сапар 2022 жылы Бакуде екі елдің Президенттері қол қойған Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асыру мақсатында өтті.
Әзербайжан Есеп палатасының төрағасы Вюгар Гюльмамедовпен екіжақты кездесу барысында Әлихан Смайылов Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары аудит органдарының өзара іс-қимылы достық, сенімді әріптестік және өзара қолдау бағытында дамып келе жатқанын атап өтті.
Ведомстволар екіжақты форматта да, халықаралық ұйымдар (ИНТОСАИ, АЗОСАИ, ЭКОСАИ, ТМД) желісі бойынша да тығыз қарым-қатынас орнатып отыр.
«Сәуір айында Азия жоғары аудит органдары ұйымы аясында біздің елдеріміздің аудиторлары АЗОСАИ шоттарына аудит жүргізді. Бұл үлкен жауапкершілік қана емес, сонымен қатар аудиторларымыздың кәсіби дамуы үшін жақсы мүмкіндік», — деді ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Ол биыл қаңтарда Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен Әзербайжан Есеп палатасының 2024-2026 жылдарға арналған өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылғанын еске салды.
Жоспарды іске асыру шеңберінде мемлекеттік аудит саласындағы құзыретті өзара арттыруға ықпал ететін тәжірибе және білім алмасу жүріп жатыр.
Сондай-ақ сапардың бірінші күні Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен Әзербайжан Есеп палатасы арасында екіжақты ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы жаңартылған меморандумға қол қойылды.
Меморандум тиімділік аудитінің, қаржылық аудиттің, сәйкестік аудитінің, IT-аудиттің және т.б. әдіснамасы, стандарттары мен рәсімдері сияқты бағыттар бойынша мемлекеттік сектор аудиті саласында эксперттік тәжірибе алмасуды көздейді. Бұдан басқа, тараптар өз қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыру бойынша да жұмыс жүргізеді.
«Бүгінгі таңда өзара түсіністік туралы өзекті меморандумға қол қою – біздің ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мен күшейту жолындағы тағы бір маңызды қадам», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әзербайжан Есеп палатасының төрағасын 2025 жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Іс-шара аясында Әлихан Смайылов мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай Әзербайжан Республикасы Есеп палатасының қызметкерлеріне естелік наградалар табыс етті.
E-qazyna.kz веб-порталы мемлекеттік мүлік тізіліміне және тиісті сауда-саттыққа ресми қол жеткізу нүктесі ретінде танылды. Бұл өзгеріс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау аясында енгізілді.
Жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізу барысында сауда-саттық туралы ақпараттың жалғыз көзі gosreestr.kz веб-порталы емес, пайдаланушылар автоматты түрде қайта бағытталатын
e-qazyna.kz екендігі анықталды.
Сонымен бірге бұл порталдың анықтығы туралы мәлімет ҚР Қаржымині Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің сайтында жоқ. Бұл сайттың заңдылығына әлеуетті қатысушылардың тарапынан күмән тудырады және соның салдарынан оны пайдаланудан бас тартуына әкелді.
Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігіне мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы туралы мәліметтерді өзектендіру шараларын қабылдау тапсырылды. Бүгінгі күні Мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді, оған сәйкес e-qazyna.kz веб-порталы тізілім деректеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынады.
Осылайша, Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы орындалды.
Алматы тексеру комиссиясының қызметінде анықталған бұзушылықтар бойынша бірқатар шара қабылданды. Жоғары аудиторлық палата оның жұмысындағы кемшіліктерді биыл мамырда жариялаған болатын.
Атап айтқанда, Алматы мәслихатының 13 маусымдағы шешімімен қаржыландыру сомасын 129,6 млн теңгеге азайту бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Бұдан басқа, тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен аудит материалдарын мемлекеттік емес ақпараттық жүйеге орналастыру практикасы тоқтатылды. Бұл ақпараттың таралып кетуі мен ведомстволық деректерден айырылып қалу тәуекелдерін туындататын.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Алматы тексеру комиссиясының қызметінде бірқатар бұзушылықты анықтады. Іс жүзінде орындалмаған қызметтерге бюджет қаражатын бөлу жағдайлары белгілі болды. Мысалы, 2022-2023 жылдары аудиторлық ұйымдарды тартудың нақты қажеттілігінің болмауына байланысты 150,4 млн теңге басқа бағыттарға қайта бөлінген, ондағы шығыстардың негізгі бөлігі сыйлықақылар төлеуге жіберілген.
Анықтама ретінде: тексеру комиссиялары өз қызметін басқа мемлекеттік аудит органдарына тәуелсіз жүзеге асырады. Олар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылып, өз жұмысында тиісті облыстың немесе қаланың мәслихатына есеп береді.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Қаржы министрлігі, Сауда министрлігі өкілдерінің және өңірлік тексеру комиссиялары басшыларының қатысуымен Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үйлестіру кеңесінің 12-отырысын өткізді.
Күн тәртібіндегі басты мәселе өңірлік тексеру комиссияларының, ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің және ішкі аудит қызметтерінің 2023 жылғы жұмысын бағалау болды. Қатысушылар анықталған бұзушылықтар мен қабылданған ден қою шараларын, сондай-ақ аудит саласындағы заңнаманың қызмет стандарттары мен талаптарын сақтау мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Ардақ Тенгебаевтың айтуынша, 20 өңірлік тексеру комиссиясының тек 11-інің (55%) қызметі тиімді деп бағаланған. Қалғандары «қанағаттанарлық» деген баға алды. Негізгі параметрлердің бірі – мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне енгізілген өзгерістер көлемі. 10% шегінде ауыстыру оң бағаланады, ал 10%-дан жоғары енгізілген өзгерістер бұзушылық болып саналады, себебі бұл үлкен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеледі. 2023 жылы ШҚО, СҚО және Қостанай облыстарының тексеру комиссиялары бір жыл ішінде өз тізбелерін 10-нан 30%-ға дейін жаңартқан. Ал Түркістан облысында бірден 38%-ға, яғни ең үлкен ауытқу тіркеліп отыр.
«Көрсеткіштерді асыра бағалау фактілері де анықталды. Шымкент ревкомі аудит бойынша 122,6 млрд теңгені қамтыса, ал тиімсіз пайдалану және жоспарлау сомасы 163,9 млрд теңгені немесе 133,7%-ды құраған. Бұл – нонсенс», – деді ол.
Әлихан Смайылов құқықтық статистика органдарында аудит нәтижелерін тіркеу бөлігіндегі кемшіліктерді, анықталған қаржылық бұзушылықтарды бюджетке өтеу жөніндегі жұмыстағы олқылықтарды және басқа да бірқатар бұзушылықты атап өтті.
Бұдан бөлек, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің және Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында тексеру комиссияларының қызметкерлерінен сыбайлас жемқорлық істері бойынша мемлекеттік аудитордың сертификаттары қайтарып алынған.
«Бұл – өте маңызды сұрақ. Мұндай фактілердің әрқайсысы мұқият қаралып, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға аса көңіл бөлу керек», – деп атап өтті ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Аталған мәселелер мен қабылданған шаралар бойынша тексеру комиссияларының төрағалары Ғалымжан Тапеев, Дмитрий Костюк, Айдос Садықов, Нұржан Нәлібаев, Мейрам Мұсаев және Қайрат Сейтқожаев түсініктеме берді.
Сонымен бірге Палата төрағасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тарапынан камералдық бақылау сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Өткен жылы мемлекеттік органнан хабарламалар негізсіз жиі берілген, бұл – тексеру объектілері мен қызметкерлердің өздеріне артық жүктеме.
«Тексерілетін объектілер қарсылықтарының 42%-ның расталуы камералық бақылаудың нашар жұмыс істейтіндігін білдіреді. Бұған жол беруге болмайды. Комитет қателіктермен жұмыс жасауы керек, субъектілерге кейіннен расталмайтын хабарламалар жіберілмеу үшін камералдық бақылаудағы тәуекел бейінін, параметрлерді түзету қажет. Бұл – уақыт пен қаражатты орынсыз шығындау, тексерілетіндерге жүктеме», – деді Әлихан Смайылов.
Отырыста аудиторлық қызметті цифрландыру мәселесі де қаралды. Бүгінде республикада цифрлық технологияларды пайдалана отырып, нақты уақыт режиміндегі аудитке кезең-кезеңімен көшу іске асырылуда.
Осылайша, мемлекеттік сатып алу веб-порталын толық автоматтандыру оларды өткізу рәсімдері сатысында электрондық аудитті сәтті енгізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде аудит жүргізу мерзімдері қысқартылып, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жедел шешімдер қабылдау қамтамасыз етілді.
Сонымен бірге мемлекеттік мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметінде электрондық аудит кеңінен қолданылуда. Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің барлық аумақтық бөлімшелерінде аудиторларды оқыту және жаңа электрондық аудит модулін іске қоса отырып, жүйені пилоттық режимде тестілеу жүргізілді.
Тұтастай алғанда, электрондық аудит қабылданатын шаралардың жоғары тиімділігі мен жеделдігін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар тексерілетін объектілермен тікелей қарым-қатынасты болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Биыл министрліктердің бюджеттік өтінімдерін мониторингтеу процесін автоматтандыру жоспарлануда. Бұл бюджетті жоспарлау сатысында бұзушылықтарды анықтауға және мемлекеттік сатып алу кезеңіне дейін оларды жою туралы хабарламаларды жіберуге мүмкіндік береді.
2025 жылы интеграцияға «e-Qurylys», «Ұлттық білім беру дерекқоры», «Медициналық техниканы басқару жүйесі», «e-Agriculture», «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» және т.б. ақпараттық жүйелер қосылады. Бұл бюджет қаражатын пайдалануды бақылауды айтарлықтай арттырады.
Әлихан Смайылов тәуекелдерді басқару жүйесін өзекті деректермен толтыру және электрондық аудиттің әлеуетін барынша пайдалану қажеттігіне назар аударды.
«Мемлекеттік аудитті цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру маңызды, себебі бұл – аудит тиімділігін арттырудың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудың ең пәрменді шараларының бірі. Процестерді автоматтандыру арқылы аз күшпен үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады. Жұмысты жеделдету қажет», – деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Отырыста сондай-ақ Қазақстанның сыртқы мемлекеттік аудит әдіснамасына халықаралық жоғары аудит органдарының (ИССАИ) стандарттарын енгізу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, көптеген аудиторлық есептер мен қорытындылардың орнына мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша бірыңғай құжат қалыптастыруға көшу моделі әзірленді. Бұл Жоғары аудиторлық палата және тексеру комиссияларының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ әрбір аудитордың нақты аудиторлық іс-шараның нәтижелеріне жеке қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік береді.
Анықтама ретінде: тексеру комиссиялары қызметін басқа мемлекеттік аудит органдарына тәуелсіз жүзеге асырады. Олар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады және өз жұмысында тиісті облыстың немесе қаланың мәслихатына есеп береді.
Құрметтi Ерлан Жақанұлы!
Құрметтi Мәулен Сағатханұлы!
Құрметті депутаттар және Үкімет мүшелері!
Жоғары аудиторлық палата республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке беретін қорытындысында салық-бюджет қағидаларын мүлтіксіз сақтау, мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімді тетіктерін құру қажеттілігіне баса назар аударады.
Бюджет қаражатын пайдалану кезінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер Парламенттің екі палатасы комитеттерінің жұмыс топтары мен отырыстарында жан-жақты зерделенді.
Осыған байланысты негізгі мәселелерге тоқталайын.
Басты проблема – бюджеттің тұрақты тапшылығы.
Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тапшылығы жоқ бюджетті қалыптастыратын ұзақ мерзімді жоспар қажет.
Ұлттық қорды басқару жөніндегі нормативтік құқықтық база тұрақтылықты қажет етеді. Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысының Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай $100 млрд дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз.
Қарыз алу құралын кеңінен қолдану да борыш жүктемесінің тәуекелін арттырады. Қазірдің өзінде борышты өтеу және қызмет көрсету шығыстары бюджеттің барлық түсімдерінің 17%-дан астамын құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша, он жыл бұрынғы борыштарды төлеудің басым көлемінің жүктемесі 2024-2025 жылдарға түседі.
Борыш тұрақтылығының ағымдағы жай-күйін сапалы бағалауды қамтамасыз ету үшін базалық көрсеткіштер тізбесін кеңейту маңызды. Қарыз қаражаты индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталуы тиіс. Мұндай жобалар табысты генерациялау керек.
Салық базасын арттыру үшін де резервтер бар. Ол үшін салықтық әкімшілендіруді күшейтетін тиімді шаралар қабылдап, жекелеген салықтық жеңілдіктердің қолданылуын қайта қарау қажет.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылы әкімшілендіру есебінен бюджет 944 млрд теңгеге жуық қосымша түсімдермен қамтамасыз етілген. Ал Жоғары аудиторлық палатаның бағалауы бойынша, бұл көрсеткіш төрттен бір бөлікке аз.
Жоғары аудиторлық палата Мемлекеттік кірістер комитетінің әкімшілендіру жұмысын бағалау үшін оның нақты нәтижелерін толық әрі объективті түрде ашып көрсететін жеке есептіліктің қажет екеніне назар аударады. Салықтық жеңілдіктердің тиімділігіне толыққанды талдау әлі де жүргізілмейді. Салықтық бақылау шаралары салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды негізсіз қолдану фактілерін анықтауға бағдарланбаған. Сондықтан бюджет кірістерінің түспеуіне алып келетін салықтық жеңілдіктерді пайдалану тиімділігіне толыққанды талдау жүргізуді регламенттеп, оны Парламенттің ашық талқылауына ұсынуды қажет деп есептейміз.
Көлеңкелі экономиканы қысқарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспардың 1,4 трлн теңгесі орындалмаған. Осы мәселенің анығын білу үшін біз биыл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаты тиімділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесін алдағы уақытта Сіздерге хабарлайтын боламыз.
Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет пен банктердің өзара жауапкершілігін біріктіру қажет. Бизнесті қолжетімді және «ұзақ мерзімді» қаражатпен қамтамасыз ету керек. Ол үшін тиімді ақша-кредит саясатын іске асыру өте маңызды. Сондай-ақ экономиканы дамыту үшін сақтандыруды кеңейту бойынша пәрменді шаралар қажет.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет қаражатын пайдалану үшін дербестік берілді, бірақ қабылданатын шешімдер әрдайым тиімді болып отырған жоқ. Бұл пәрменді индикаторлар мен көрсеткіштерді белгілеп, оларға қол жеткізбегені үшін дербес жауапкершілік жүктеу мәселесін қайта қарауға мәжбүр етеді.
Кейбір мемлекеттік органдар құзыретіне кірмейтін жобаларды іске асыруын жалғастырып келеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министрлігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асыруда. Салдары – түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржыландыру тәуекелдері.
Құрметті депутаттар!
Анықталған қаржылық бұзушылықтар мен мемлекеттік ресурстарды тиімсіз басқару көлемі айтарлықтай болып отыр. Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады.
Бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Жоғары аудиторлық палата жыл сайын өз ұсынымдарын әзірлейді. 6 жыл ішінде (2017-2022) 178 ұсынымның 65%-ы орындалған. Қалғандары негізінен қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Осы жұмысқа жаңа қарқын беру маңызды.
Біз Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палатаның берген ұсынымдарының іске асырылуы жөніндегі бөлімді енгізуді ұсындық. Бұл – бюджет процесінің ашықтығы мен тиімділігіне жасалатын тағы бір қадам.
Құрметті депутаттар!
Сөзімді қорытындылай келе, Парламент депутаттарына Жоғары аудиторлық палатаның Қорытындысын мұқият қарағаны үшін тағы да алғысымызды білдіреміз!
Бюджеттеу сапасын жақсарту жолындағы бірлесе атқарған жұмысымыз жалғасатын болады.
Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары ескерілді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде қолданыстағы бағдарламалық құжаттар тек қана атмосфералық ауа сапасын жақсартумен және қалдықтарды тұрақты басқарумен ғана, яғни елдің барлық аумағында жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді фрагменттік қадағалаумен шектелетіні анықталды.
Метеорологиялық және гидрологиялық мониторингпен қамтуды арттыру жөніндегі міндеттер Министрліктің даму жоспарында ғана көрініс тапқан. Ал қоршаған ортаны қорғау бағдарламалық құжаттарда ведомство қызметінің дербес бағыты ретінде қарастырылмайды.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамаға тиісті өзгерістер енгізуге ұйғарым берді. Оның құрылымы мен нысаналы индикаторларын мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына қойылатын талаптарға сәйкестендіру керек.
ҚР Президентінің 2024 жылғы 10 маусымдағы Жарлығымен тұжырымдамаға қалдықтарды басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту, электр энергетикасын дамыту, су ресурстарын тұрақты пайдалану және т.б. бағыттар бойынша экологиялық күн тәртібіндегі жаңа халықаралық тәсілдерді ескере отырып, бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары орындалды.
Анықтама ретінде: ҚР-ның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама 10 жыл бұрын бекітілген. Осы уақыт ішінде бірнеше көрсеткіш бойынша нәтижелерге қол жеткізілді: ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 30%-ға төмендеді; электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын көздердің үлесі 4,5%-ға дейін жеткізілді; өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу деңгейі 25%-ға, ал тұтыну-39%-ға жетті және т. б.