Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Палата туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Комиссия туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Все материалы
Халықаралық қызмет
11 сентября 2024
Астанада ЭЫҰ елдерінің аудиторларына арналған жаңа оқу іс-шараларын дайындау талқыланды

Астанада өткен ЭКОСАИ Оқу комитетінің отырысында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) елдері аудиторларының кәсіби деңгейін арттыру және тиісті оқыту іс-шараларын өткізу мәселелері талқыланды.

ЭКОСАИ Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан сияқты қатысушы елдердің жоғары аудит органдарын біріктіреді.

Бірлескен оқу іс-шараларын өткізу аудиторларға барлық өзекті бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға, өздерінің кәсіби деңгейін арттыруға және мемлекеттік аудит жүргізу әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

ЭКОСАИ Оқу комитетінің отырысында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістерді ескере отырып, аудит саласындағы дағдыларды үнемі дамыту аса маңызды екенін атап өтті.

«Аудиторлар заман талабына сай озық практикаларды үнемі зерделеп, оларды өз жұмыстарында қолдануы керек», — деді ол.

Жиында ҚР Жоғары аудиторлық палатасы 2025 жылы су ресурстарының тиімділігі аудиті, IT-аудит және жасанды интеллектіні қолдану әдістері бойынша онлайн-тренингтер өткізуді ұсынды.

Отырыста сондай-ақ аудиторларға бұрын өткізілген семинарлар мен тренингтердің нәтижелері жан-жақты талқыланды, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған оқу іс-шараларын ұйымдастыру жоспарлары қаралды.

Халықаралық қызмет
11 сентября 2024
Мемлекет қаржысы мен ресурстарын пайдалану ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету: Астанада ЭКОСАИ желісі бойынша ауқымды іс-шара өтті

Астанада Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдарын біріктіретін өңірлік құрылым ЭКОСАИ Басқарма кеңесінің 28-отырысы өтті. 

Іс-шараға Иран, Қырғызстан, Пәкістан жәнетТүркияның мемлекеттік аудит органдарының өкілдері қатысты. Қазақстандық делегацияны Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов басқарды.

Қатысушылар ЭКОСАИ Бас хатшылығы мен Оқу комитетінің жұмысы, бірлескен жобалар, қол қойылған меморандумдар және өткізілген тренингтер туралы есептік ақпаратты қарады. Сонымен қатар IT-аудит бойынша жұмыс тобын құру мәселесі талқыланды.

Әлихан Смайылов өз сөзінде жоғары аудит органдарының алдында мемлекет қаржысы мен ресурстарын пайдалану ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

Осыған байланысты ЭКОСАИ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың маңызы зор, өйткені ол аудиторларға өзекті трендтерді талдауға, біліктілігін арттыруға, мемлекеттік аудит әдіснамасын жетілдіруге, сондай-ақ тәжірибе мен әзірлемелермен алмасуға мүмкіндік береді.

«ЭКОСАИ мүшелерінің бірлескен күш-жігері біздің елдеріміздегі аудиторлық қызметтің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», — деді ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта бүкіл өңірде мемлекеттік аудит жүйесін үдемелі жетілдіру жүріп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстанда Жоғары аудиторлық палатаның мәртебесі көтеріліп, өкілеттігі кеңейтілді.

Мәселен, өткен жылы Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджет қаражатын пайдалануға аудит жүргізу және барлық басқа мемлекеттік аудит органдарының аудит қорытындыларын қайта қарау құқығына ие болды.

«Бұл трансформация – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жүргізіліп жатқан ауқымды қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістердің бір бөлігі», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

ЭКОСАИ Басқарма кеңесінің отырысы барысында қатысушылар мемлекеттік қаражатты пайдаланудың есептілігі мен нәтижелілігін қамтамасыз ету, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, мемлекеттік аудиторлардың кәсіби деңгейін одан әрі арттыру және т. б. мәселелер бойынша пікір алмасты.

Отырыс қорытындысы бойынша ЭКОСАИ қызметінің негізгі бағыттары бойынша Бас хатшының есептері бекітілді.

Астанаға жұмыс сапары аясында ЭКОСАИ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының өкілдері де осы күндері елордада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, Қазақстан Республикасы Президентінің орталығына барады.

Анықтама ретінде: бүгінгі таңда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. ЭЫҰ елдерінің жоғары аудит органдарын біріктіретін ЭКОСАИ ұйымы 1994 жылы құрылды. Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы 2023-2025 жылдарға арналған ЭКОСАИ Басқарма кеңесінің құрамына сайланды.

10 сентября 2024
Жезқазғанда мемлекеттік аудиттен кейін 427 млн теңгеге құрылыс жұмыстары орындалды

Жезқазған қаласының әкімдігі биыл бірінші жартыжылдықта Жоғары аудиторлық палата анықтаған бұзылған құрылыс жұмыстарын қалыпқа келтірді.

Еске сала кетейік, Ұлытау облысында бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында бірқатар олқылық, оның ішінде сәулет және құрылыс қызметінде бұзушылықтар анықталды. Мысалы, Жезқазғанда орындалмаған құрылыс жұмыстарын қабылдау және құрылыс материалдарын сапасы мен сипаттамалары бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтін құрылыс материалдарына ауыстыру фактілері орын алған. Қала әкімдігіне анықталған барлық бұзушылықты жою тапсырылды.

Нәтижесінде қыркүйектегі жағдай бойынша 427 млн теңгеден астам сомаға тұрғын үйлерде, жылу желілерінде және басқа да коммуналдық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке 2,8 млн теңгеден астам қаражат өтелді.

Ұлытау облысындағы мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген нұсқаманың өзгеде тармақтарының орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.

06 сентября 2024
ҚР барлық өңіріндегі автожолдарда жаңа автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылады

Қазақстанның барлық өңірінде әртүрлі санаттағы автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру үшін заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары (АӨС) орнатылады. Бұған дейін ҚР Жоғары аудиторлық палатасының тапсырмасы бойынша қолданыстағы АӨС-ға тиісті талдау жүргізілді.

Бұдан бұрын Жоғары аудиторлық палата 2015-2019 жылдарда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуының және көлік инфрақұрылымын дамытудың бюджеттік инвестициялық жобаларына бөлінген қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Көлік министрлігіне нарықтағы автоматтандырылған өлшеу станцияларына талдау  жүргізіп, оларды қолдану мәселесін пысықтау тапсырылды.

АӨС – бұл фото және бейнетүсірілімді жүзеге асыратын, көлік құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және габариттік параметрлерін, сондай-ақ осьтік жүктемелері мен жылдамдығын тіркейтін арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралы.

Талдау нәтижесінде бүгінде жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда Kistler (Швейцария), UNDS (Оңтүстік Корея) және Тензо-М (Ресей) автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылғаны анықталды. Бұдан басқа, Астананың кірме жолдарында Іntercomp (АҚШ) өндірген тензометриялық датчиктері бар 7 заманауи АӨС орналастырылған. Жүргізілген талдау негізінде АӨС-ты республиканың басқа өңірлеріне одан әрі тарату жоспарлануда.

Мәселен, Көлік министрлігі әкімдіктермен және
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп 220 қосымша АӨС орнату үшін жеке инвесторларды тарту мәселесін пысықтауда: халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда – 70, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда және қалалардың көшелерінде – 150.

Бұл салмақ және жылдамдық режимдерінің бұзылуын жедел анықтауға, жол қозғалысына сапалы мониторинг жүргізуге және жалпы автожолдардағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

04 сентября 2024
Мемлекеттік аудиттен кейін Қызылағаш өзенінің су қоймасы бөгетінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасын орындау шеңберінде Жетісу облысындағы Қызылағаш өзенінің су қоймасы бөгетінде қажетті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылғы жазда «Қазсушар» РМК қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит барысында жұмыс жобаларында бұрын су тасқынынан бүлінген апаттық су ағызу құрылысының бетон жабындарын (бөгеттің бір бөлігі) жөндеу көзделмегені анықталды. Ал ескі бетонның кейбір жерлерінен су өтіп жатыр, бұл оның одан әрі бұзылуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты кәсіпорынға тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Нәтижесінде биыл маусым айында су ағызу құрылысы тексеріліп, зақымдалған жерлерде қажетті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Осылайша, Жоғары аудиторлық палата нұсқамасының тағы бір тармағы орындалды.

Мемлекеттік аудит нәтижелері
29 августа 2024
Жоғары аудиторлық палата құрылыс саласында баға белгілеуге аудит жүргізуді аяқтады

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында құрылыстағы баға белгілеу жүйесінің, сондай-ақ жобалауға және құрылысқа бөлінген қаражат пен активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындысы қаралды.

Ресми статистика деректері бойынша, өткен жылы Қазақстандағы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 21%-ға ұлғайып, 7,6 трлн теңгеге жеткен. Оның көп бөлігін тұрғын үй және ғимараттар, жолдар мен автомагистральдар, сумен жабдықтау және кәріз құбырлары, мұнай және газ магистральдық құбырлары алады. Жалпы 2017-2023 жылдары құрылыс саласы орта есеппен ЖІӨ құрылымының 6,5% алады.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, құрылыстағы баға белгілеуге әсер ететін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде бірқатар олқылықтар мен кемшіліктер бар.

Мәселен, базалық кәсіпорындар, яғни өнім берушілерді іріктеуде нақты өлшемшарттар мен ашықтық жоқ, олардың негізінде бағаларға бақылау жүргізіледі және құрылыста сметалық-нормативтік база қамтамасыз етіледі. Бұл құрылыс материалдары, бұйымдар, конструкциялар мен жабдықтардың бағасын бақылауға да қатысты. Бұл ретте компаниялар белгіленген есептілікті ұсынбағаны үшін жауап бермейді (1-СМИО).

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада кемшіліктер анықталып отыр. Атап айтқанда, Мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларында мердігердің сметасына (офертасына) сәйкес құрылыс жобаларын іске асыру туралы ережелер ескерілмеген.

Мердігер ұйымдардың конкурсқа қатысуға өтінім беру кезінде бастапқыда белгілеген және өнім берушіні таңдау үшін негіз болған жеңілдікті ұсыну (сақтау) мәселесі реттелмеген.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнама технология мен конструктивтік бөлікті сақтай отырып, құрылыс жобаларын түзету мен қымбаттаған жағдайда техникалық және авторлық қадағалау қызметтерін көрсету туралы шарттардың сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл қадағалау қызметтерінің бірдей көлеміне қарамастан бюджетке қосымша жүктеме әкеледі.

Мемлекеттік аудит қолданыстағы заңнамада инженерлік-техникалық қызметкерлерге ұқсас жобалау және құрылыс процесіне қатысатын инженер-сметашыларды сертификаттаудың көзделмегенін анықтады. Ал түрлі кезеңдердегі құрылыс құнын айқындаудың анықтығы олардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда Қазақстанның сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогтарында КСРО мен кеңестік кезеңнен кейінгі кезеңдегі (2001 жылға дейін) 500-ден астам салалық және ведомстволық нормативтік құжаттар бар. Олардың өзектілігін растау қажет.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен техникалық құжаттардың тізбесі (АГСК-1) 400-ден астам мемлекеттік нормативтерді қамтиды. Оларды бірдей талаптарды алып тастау тұрғысынан қайта қарау қажет.

Құрылыс саласына жаңа прогрессивті технологияларды енгізуде кедергілер бар. Бұл хронометраждық жұмыстарды жүргізудің егжей-тегжейлі тәртібі мен рәсімдерінің, сондай-ақ оларды жүзеге асыру үшін нақты құрылыс объектілерінің болмауына байланысты.

Бірдей объектілерді салу кезінде артық құн фактілерін болдырмау үшін құрылған құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінде 6 706 жоба бар. Ал соның ішінде 5 665 (84,5%) жобаны пайдалануға авторлық (мүліктік) құқығы жоқ.

Жалпы осы мемлекеттік банктің жобаларын қолдану бойынша нақты құралдар мен нормативтік талаптардың болмауына байланысты олар өте сирек пайдаланылады. 2021 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін барлығы 55 жоба берілді, бұл авторлық құқығы бар жобалар санының 5% құрайды (1 041 бірлік).

«Бұл жобалар бюджет қаражаты есебінен жасалып, біздің каталогқа түседі, бірақ авторлық құқық берілмегендіктен оларды қайта қолдана алмаймыз. Егер тапсырыс беруші бюджеттік немесе квазимемлекеттік ұйым атынан белгілі бір өнімді жасау үшін ақша төлесе, ол толығымен тапсырыс берушінің меншігіне өтуі керек. Қазір осыған байланысты дайын жобаларды қайта қолдана алмай отырмыз. Бұл мәселені қалай шешесіздер?» — деді Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдеріне.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова бүгінгі күні алғаш шарт жасасу кезінде мүліктік құқықты беру туралы тармақтарды белгілеудің заң бойынша мәселе туындатпайтынын атап өтті. Бұл – мемлекеттік органдар тарапынан тәртіп мәселесі. Осыған байланысты бұл тармақ сақталуы үшін бюджеттік жобалар бойынша шарттың үлгілік формасын әзірлеу қажеттігін айтты.

Құрылыс саласын цифрландыруда да проблемалар бар. Мәселен, осы уақытқа дейін Құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиясын (ТИМСО) енгізу өлшемшарттары айқындалмаған, ал әзірленіп жатқан Құрылыс кодексінің жобасы шеңберінде оны пайдалану міндетті емес.

Мемлекеттік емес сараптамалық ұйымдардың қызметінде құрылыс жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар беру кезінде көптеген заңнамалық өрескел бұзушылықтарға жол берілген. Бұған конструкциялардың құлауына, сондай-ақ жалпы жобаларды іске асырудан бас тартуға әкеп соққан құрылысты дұрыс жүргізбеу фактілері дәлел.

Мемлекеттік аудит саладағы нақты инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезіндегі жүйелік проблемаларды көрсететін бұзушылықтар мен кемшіліктерді де анықтады. Мәселен, ШҚО Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салу жобасы 31,2 млрд теңгеге немесе 104%-ға қымбаттаған. Өскемендегі Гематология орталығының құны 32-ден 72 млрд теңгеге дейін, яғни 125%-ға өскен. Елордалық Интернационал тұрғын алабындағы жаңа сорғы-сүзгі станциясының құны түзетуден кейін 39% өскен, ал Шымкенттегі Шымкент-сити ауданында Конгресс-холл құрылысы 21% қымбаттаған.

Мемлекеттік аудит барысында барлығы:

  • 1,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды;
  • бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану – 14,2 млрд теңгеден астам;
  • экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда – 530 млн теңге.

Сондай-ақ 26 жүйелік кемшілік пен 88 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 21 факті бойынша материалдар уәкілетті органдарға берілді.

«Құрылыс саласында бірқатар жүйелі проблемалар бар. Оның ішінде заңнаманың жетілмегендігі, нормативтік-техникалық құжаттардың ескіруі, мемлекеттік банктің үлгілік жобаларының пайдаланылмауы, жеке сараптама ұйымдарының сапасыз қызметі, цифрлық технологияларды енгізу деңгейінің төмендігі. Бұл кемшіліктерді жою үшін министрліктердің басшылары мен қызметкерлері нақты шаралар қабылдауы қажет. Біз барлық қажетті нұсқамалар мен ұсынымдар береміз», — деді Әлихан Смайылов отырысты қорытындылай келе.

Ол сондай-ақ анықталған проблемалар мен кемшіліктерді жою жөніндегі жол картасын әзірлеу қажеттігін, оның орындалу барысы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болатынын атап өтті.

Отырысқа өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері, қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов және т. б. қатысты.

28 августа 2024
Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жоғары аудиторлық палатаның биылғы II тоқсандағы жұмысының қорытындылары таныстырылды. Атап айтқанда, теміржолға баса назар аудара отырып, көлік саласына, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы облыстарының бюджеттеріне және қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне аудит жүргізілген. Жалпы сомасы 2,9 триллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 73 нысан тексерілген. Нәтижесінде 39 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз жұмсалғаны анықталған.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, кемшіліктерді жою үшін көлік саласын дамыту, бюджеттік-инвестициялық жобаларды іске асыру, отандық фармацевтика өнімдерін өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау тетігін қайта қарау жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Президентке мемлекеттік аудит жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстар топтамасы таныстырылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына биыл екінші жартыжылдықта жүргізілетін аудиторлық іс-шаралар туралы баяндалды. Тексеру жұмыстары Назарбаев Университеті және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметін, сот жүйесін, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы, өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы жекелеген бағыттарды қамтиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жалпы мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруға ерекше мән беру керек екенін айтты.

Халықаралық қызмет
28 августа 2024
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мен Дүниежүзілік банк мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру бойынша ынтымақтастықты жалғастырады

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова және Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін арттыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады.

Биыл Дүниежүзілік банк Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жоғары аудит органдарына қолдау көрсету жөніндегі өңірлік жобаға қаржы бөлді. Өңірлік жоба аясында тиімділік аудиті және қаржылық аудит бойынша тренингтер өткізілді. Сондай-ақ тиісті әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді.

«Оларды сынақтан өткізу қазан айында Қырғызстанда өткізілетін бірлескен пилоттық аудит шеңберінде жүзеге асырылатын болады. ҚР Жоғары аудиторлық палатасы пилоттық аудитке қатысатын аудиторлық топты құрып та қойды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өңірлік жоба шеңберінде мемлекеттік аудитті жетілдіру мәселелері бойынша Еуропа елдерінің бірінің жоғары аудит органымен тәжірибе алмасу жоспарлануда. Ал соңғы кезеңде аудиторлық рәсімдерді мониторингілеу және қайта қарау бойынша нақты жоспар әзірленетін болады.

«Біз Дүниежүзілік банктің Орталық Азия өңірінің жоғары аудит органдарына қолдауын бағалаймыз. Бұл жоба мемлекеттік аудит жүйесінің серпінді дамуына ықпал етеді деп сенемін», — деп атап өтті Палата төрағасы.

Әлихан Смайылов сондай-ақ Дүниежүзілік банктің Мемлекеттік шығындар мен қаржылық есептілікті бағалау жобасының (PEFA) маңыздылығын атап өтті. Ұйым жобаны Қазақстанда 2024-2025 жылдары қайта өткізгісі келеді. Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның бұл бастаманы қолдауға дайын екендігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, PEFA-ның Қазақстан үшін бағалауы соңғы рет 2018 жылы жарияланған болатын. Жалпы оның шеңберінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесі тиімділігінің 7 параметрі бағаланады:

  • бюджеттің дұрыстығы, ашықтығы;
  • активтер мен міндеттемелерді басқару;
  • салық-бюджет стратегиясы;
  • бюджеттің атқарылуын болжау және бақылау;
  • есепке алу және есептілік;
  • сыртқы бақылау және аудит.

Өз кезегінде Татьяна Проскурякова Жоғары аудиторлық палатаның жылдар бойы Дүниежүзілік банктің сенімді серіктесі екенін атап өтіп, нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы түрлі салалардағы жобаларының тиімділігін арттыру және іске асырылуын жеделдету мәселелерінде үлкен рөл атқара алады.

Өз сөзінде ол PEFA-ның ҚР үшін қайта бағалауының маңыздылығын атап өтті.

«Бұл жоба өте маңызды. Біз оны барлық елде өткізіп келеміз. Қазақстанда соңғы бағалау 2018 жылы өтті. Оны жаңартатынуақыт келді, өйткені бұл ақпарат мемлекеттік ресурстарды басқару үшін маңызды», — деді Татьяна Проскурякова.

Сонымен қатар кездесу барысында қарыз қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, өңірлерде жобаларды іске асыру кезінде жаңа технологияларды енгізу және басқа да бірқатар мәселеле қозғалды.

26 августа 2024
Қазақстанда ішкі сауда саласындағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі іске қосылады

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде Қазақстанда ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп, бекітілді.

Биыл Сауда және интеграция министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит барысында республикада сауда инфрақұрылымының одан әрі дамуын тежейтін себептердің бірі бизнестің осы бағытта инвестициялау мүмкіндіктерінің шектеулігі екені анықталды. Осыған байланысты сауда және интеграция министрлігіне кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық әлеуетін арттырудың нақты механизмдерін айқындау тапсырылды.

Нәтижесінде министрдің биыл 21 маусымдағы бұйрығымен Ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары бекітілді, олар қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша іс-шараларды ынталандыруға бағытталған.

  • Бірінші кезеңде мемлекет бұл бағытқа 4 млрд теңге бөлді.
  • «Даму» қорынан қаржыландыруды осы жылдың қазан айында бастау жоспарлануда.

Сондай-ақ ережеде мемлекеттік қолдау алушылар үшін отандық өндірістің азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын сауда орындарына орналастыру бойынша қарсы міндеттемелер көзделген. Бұл қазақстандық тауар өндірушілердің өнімді өткізу арналарына қолжетімділігін арттырады.

Халықаралық қызмет
16 августа 2024
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы және БҰҰ Даму бағдарламасы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша ынтымақтастықты жалғастырады

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесу өткізді.

Тараптар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудегі жоғары аудит органдарының рөлін, одан әрі өзара іс-қимыл жасау бағыттарын және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Саммитінде атап өткендей, ТДМ-ге қол жеткізу Қазақстан үшін ұлттық басымдықтардың бірі болып табылады.

«Жоғары аудиторлық палатаның алдында ТДМ-ге қол жеткізуге тікелей әсер ететін бағдарламалық құжаттарды іске асыру және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану бойынша тиісті аудитті қамтамасыз ету міндеті тұр», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палата халықаралық стандарттарға сәйкес әдістемелік құжаттар мен тәсілдерді өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізгенін атап өтті. Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата ТДМ және орнықты дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша Халықаралық жоғары аудит органдары ұйымының (ИНТОСАИ) жұмыс тобына кіреді.

«Біз үздік шетелдік тәжірибе мен мемлекеттік аудиттің инновациялық әдістерін тұрақты негізде зерделеуге, халықаралық стандарттарды ұстануға және қызметкерлеріміздің біліктілігін жүйелі негізде арттыруға ұмтыламыз», – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата БҰҰДБ сияқты халықаралық ұйымдардың зерттеулерді жүзеге асыруда және тәжірибе алмасуда, оның ішінде Тұрақты даму мақсаттарын бағалау мәселелері бойынша техникалық және сараптамалық қолдауын жоғары бағалайды.

Анықтама ретінде: БҰҰДБ қызметінің негізгі мақсаты тұрақты дамуды қамтамасыз ету, яғни кедейлікті жою, жұмыспен қамтуды және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, білім беру жүйесін жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтіру.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты