Энергетика министрі Е.Ақкенженовтың кеңейтілген алқа отырысында «2025 жылдың қорытындылары және 2026 жылға арналған міндеттер туралы» баяндамасы

Энергетика министрі Е.Ақкенженовтың  кеңейтілген алқа отырысында «2025 жылдың қорытындылары және  2026 жылға арналған міндеттер туралы» баяндамасы

ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКА КЕШЕНІНІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ

Министрлік мұнай-газ инфрақұрылымын іске асыру, электрмен және жылумен жабдықтау, көмір өнеркәсібі, сондай-ақ жаңартылатын энергетика және мұнай-газ химиясы салаларында мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.

Мұнай-газ саласы экономиканың тұрақты дамуының негізгі іргетастарының бірі екені сөзсіз.

Бүгінде бұл салада шамамен 1350 компания жұмыс істейді, онда 240 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Электр және жылу энергетикасы – еліміздің тұрақтылығы мен дамуының негізі. Аталған салада 360-қа жуық компания жұмыс істейді, 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Қазіргі уақытта отын-энергетика кешенінің ЖІӨ құрылымындағы үлесі шамамен 16%-ды және экономикаға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 19%-дан астамын құрайды.

Енді 2025 жылғы қызмет қорытындылары мен 2026 жылға арналған міндеттер туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ

Қазіргі уақытта көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша 321 келісімшарт, көмір өндіру бойынша 36 келісімшарт қолданыста.

2025 жылы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі аукцион қорытындысы бойынша 6 жер қойнауы учаскесі сатылып, 1,2 млрд теңге көлемінде қол қою бонусы және геологиялық барлауға бастапқы 45,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы отандық қамту үлесі 65%-ды немесе 3 трлн теңгені құрады.

Ірі жер қойнауын пайдаланушылардың ұзақ мерзімді қажеттілігінің 80%-ын құрайтын 19 тауар тобы бойынша локализация және қазақстандық қамтуды дамыту әлеуеті жоғары.

2022–2025 жылдар аралығында халықаралық инвесторлармен және жабдық өндірушілермен 25 келісімге қол қойылып, 48 локализациялық кейс дайындалды, оның 9 өндірісі сәтті іске қосылды.

Сондай-ақ мұнай-газ саласында сұранысқа ие түпнұсқа өнімдерді өндіруші әлемдік компаниялармен – Chemelex (АҚШ), John Crane (АҚШ), Hi Air Korea (Корея), Baker Hughes (АҚШ), KazWell Systems (Қазақстан/Бразилия), Terranova Srl (Италия), Swagelok (АҚШ), SLB (АҚШ), Siemens (Германия) – жаңа өндірістерді локализациялау жұмыстары жүргізілуде.

2025 жылы келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 17 млрд теңге көлемінде 167 хабарлама жолданып, бүгінгі күні шамамен 4 млрд теңге өндірілді.

2025 жылы 18 жер қойнауын пайдалану келісімшарты бұзылып, олар электрондық аукцион немесе тікелей келіссөздер арқылы қайта ұсынылатын болады.

2026 жылы кемінде 2 электрондық аукцион өткізу және міндеттемелерін орындамаған келісімшарттарға ревизия жүргізу жоспарлануда.

МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАУ

Қазақстан мұнайды экспортқа және ішкі нарыққа жеткізу бойынша әртараптандырылған тасымалдау жүйесіне ие.

Алдымен ішкі нарық қажеттілігі қамтамасыз етіледі, ал өндірілген мұнайдың шамамен 80%-ы экспортқа бағытталады.

2025 жылы мұнай экспорты 78,7 млн тоннаны құрап, жоспармен салыстырғанда 11,6%-ға артты. Бұл Теңіз кен орнындағы кеңейту жобаларының іске қосылуына байланысты.

Экспорттың негізгі өсімі КТК бағыты бойынша – 64,8 млн тонна, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18%-ға жоғары.

Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты арқылы жылына 1,2 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалдануда. Әзербайжан тарапы көлемді 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін білдірді.

МҰНАЙ ӨҢДЕУ

2025 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тоннаны құрап, жоспардан 2,8%-ға артық орындалды.

Мұнай өнімдерін өндіру 15,47 млн тоннаны құрап, жоспардан 6,3%-ға артты.

2025 жылы: 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы бекітілді; CaspiBitum зауытының қуаты жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды; Шымкент МӨЗ-ді 6-дан 12 млн тоннаға дейін кеңейту бойынша рамалық келісімге қол қойылды.

2026 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,2 млн тонна, мұнай өнімдерін өндіру 15,49 млн тонна деңгейінде жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қуаты 10 млн тонна жаңа МӨЗ салу жобасын жеделдету шаралары қабылданады. ПҚОП, АНПЗ және ПНХЗ-де жоспарлы жөндеу жүргізіледі. Павлодар МӨЗ-де 5,5-тен 9 млн тоннаға, Шымкент МӨЗ-да 6-дан 12 млн тоннаға, Атырау МӨЗ-да 5,5-тен 6,7 млн тоннаға дейін кеңейту жұмыстары басталады. Ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін битум экспортына тыйым салынады.

ГАЗ САЛАСЫ

2025 жылы газ өндіру көлемі 68,2 млрд м³ болып, жоспардан 8,6%-ға жоғары болды.

«Барханная» кен орны пайдалануға берілді, алынатын қоры 1,5 млрд м³. 2025–2029 жылдарға арналған газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.

Газ ресурстық базасын кеңейту мақсатында газ өңдеу зауыттарын салу жұмыстары жүргізілуде.

2026 жылы Қашағандағы қуаты 1 млрд м³ ГӨЗ іске қосылады, Жаңаөзендегі 0,9 млрд м³ «ҚазГПЗ» жобасы бойынша «Мемсараптама» РМК қорытындысы алынады, Қашағандағы 2,5 млрд м³ ГӨЗ бойынша ТЭН әзірленіп, бекітіледі.

ГАЗДАНДЫРУ

2025 жылы «Талдықорған–Үшарал» магистральдық газ құбыры мерзімінен бұрын аяқталды.

Газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетіп, 13,1 млн адам газға қол жеткізді.

2026 жылы 27,6 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылып, «Бейнеу–Бозой–Шымкент» екінші желісінің 1-кезеңі аяқталады.

МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫ

2025 жылы өндіріс көлемі 619,2 мың тоннаны құрап, жоспардан 4,9%-ға артты. Атырау облысында қуаты 1250 мың тонна полиэтилен зауыты мен Павлодар облысында 100 мың тоннаға дейін алкиллат өндіру зауытының құрылысы басталды.

2026 жылы өндіріс 600 мың тонна деңгейінде жоспарланған. Алкилат жобасында іргетас пен металл конструкциялар орнатылып, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар салынады. «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң қабылданады.

ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ

2025 жылы электр энергиясын өндіру 123,1 млрд кВт/сағ құрап, 2025 жылғы жоспарға қарағанда 4,4%-ға өсті; жалпы қуаты 166 МВт болатын дәстүрлі генерация жобалары іске қосылды.

2026 жылға электр энергиясын өндіру жоспары – 126,5 млрд кВт/сағ, сонымен қатар 2417,6 МВт дәстүрлі генерацияны, оның ішінде Түркістан ПГУ (1000 МВт), Алматы ЖЭО-2 ПГУ (557 МВт), Алматы ЖЭО-3 ПГУ (544 МВт), Қызылорда ПГУ (240 МВт), Атырау ЖЭО (59,6 МВт) және Текелі энергия кешенін (17 МВт) іске қосу жоспарлануда.

КӨМІР ГЕНЕРАЦИЯСЫН ДАМЫТУ

 Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Министрлік көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны әзірлеуге кірісті, ол генерациялаушы қуаттарды кезең-кезеңімен жаңартуды, олардың тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздігін арттыруды көздейді; жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациясы жобалары енгізіледі.

2029 жылға дейін барлығы 13,3 ГВт энергия қуаттары, оның ішінде 7,4 ГВт базалық генерация және 5,9 ГВт ЖЭК іске қосылатын болады.

ЭНЕРГЕТИКА КӘСІПОРЫНДАРЫНДАҒЫ ЖӨНДЕУ НАУҚАНЫ

Ағымдағы күзгі-қысқы кезең тұрақты өтуде. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етілген. Электр станциялары Жүйелік оператор бекіткен режим бойынша жұмыс істеуде.

2025 жылы энергетика кәсіпорындарындағы жөндеу науқаны белгіленген мерзімде және жұмыстардың тиісті сапасымен аяқталды. Электр станцияларында 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина жөндеуден өтті.

Электр станциялары бойынша жөндеу науқанын қаржыландыру 20%-ға артып, 411 млрд теңгеге дейін жетті. Электр желілері бойынша 17 мың км және 420 қосалқы станцияны жөндеу аяқталды, 323 км жылу желілері ауыстырылды.

Қабылданған шаралар ЖЭО тозуын 64%-дан 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. ЖЭО рейтингі жақсарды. 3 ЖЭО сары аймақтан жасыл аймаққа, ал 9 ЖЭО қызыл аймақтан сары аймаққа өтті.

2026 жылғы жөндеу науқаны шеңберінде электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеуді орындау жоспарлануда; - электр желілері бойынша 17,1 мың км және 444 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланған; - жылу желілерінде 377 км ауыстыру жоспарлануда.

Аталған іс-шаралар тозуды 2%-ға төмендетуге, сондай-ақ жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГЕТИКА

Қазақстан Республикасында бүгінгі таңда жалпы қуаты 3,5 ГВт болатын 162 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді.

Өндіріс үлесі ел бойынша жалпы генерацияның 7%-ын құрады. 2025 жылы қуаты 503,5 МВт болатын 9 жаңартылатын энергетика станциясы іске қосылды. ЖЭК электр энергиясын өндіру 8,6 млрд кВт/сағ құрады, бұл 2025 жылғы жоспарға қарағанда 19,4%-ға артық.

Қазақстанда алғаш рет үлкен қуатты жел станциясын іске асыру бойынша аукцион өткізілді. Халықаралық қытайлық компаниямен ірі күн электр станциясын салу бойынша келісім жасалды.

2026 жылға арналған жоспарлар: - ЖЭК электр энергиясын өндіру – 8,8 млрд кВт/сағ; - жиынтық орнатылған қуаты 245,8 МВт болатын 10 ЖЭК жобасын іске асыру; - Қазақстан Республикасының Үкіметі мен қытайлық инвесторлар арасында энергия жинақтау жүйелері бар ЖЭС жобалары бойынша Келісімдерге қол қою; - 2040 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту Тұжырымдамасын өзектендіру; - «Баламалы энергия көздері туралы» Заңды қабылдау.

ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКА КЕШЕНІН ЦИФРЛАНДЫРУ

Мемлекеттік цифрлық трансформация саясатын іске асыру шеңберінде 2025 жылы Министрлік саланың басқарылуын, ашықтығын және жұмыс істеу тұрақтылығын арттыруға бағытталған отын-энергетика кешенінің негізгі процестерін цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді.

Есепті жылы келесі басым цифрлық сервистер енгізілді: күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оның өтуін мониторингілеудің цифрлық сервисі іске қосылды, ол КҚК-ға дайындықты және оның өтуін бақылауды, субъектілер арасындағы үйлестіруді және жөндеу жұмыстарын біріңғай цифрлық ортада жоспарлауды қамтамасыз етеді; электр станцияларының шекті тарифтерін бекітудің цифрлық сервисі іске қосылды, ол тарифтік шешімдерді келісу және қабылдау процестерін автоматтандыруға мүмкіндік берді; мұнайды ай сайынғы бөлудің цифрлық сервисі іске асырылды, ол мұнай көлемдерін ашық цифрлық жоспарлауды және бөлуді қамтамасыз етеді; сұйытылған мұнай газын тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа бөлудің цифрлық сервисі енгізілді, ол СМГ бөлуді орталықтандыруға және бақылауға бағытталған.

Есепті жылы Министрліктің мемлекеттік функциялары шеңберінде негізгі цифрлық сервистер базасы құрылды. Алдағы уақытта бұл шешімдер практикалық тәжірибені ескере отырып кезең-кезеңімен пысықталады, ауқымданады және мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін өнеркәсіптік пайдалануға енгізіледі.

Мемлекет басшысы 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. 2026 жылы Министрлік 2029 жылға дейін цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен ауқымдануды және жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтін «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы шеңберінде цифрлық трансформация бойынша негізгі іс-шаралар кешенін іске асыруды қарастырды.

Негізгі екпін деректер, цифрлық модельдер және жасанды интеллект технологиялары негізінде энергетика және мұнай-газ секторларын басқарудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыруға жасалады.

Электр, жылу энергетикасы нысандарының және мұнай-газ инфрақұрылымының цифрлық егіздері кешенін құру, энергетика саласындағы операциялық процестердің вертикальді онлайн-мониторингі жүйелерін енгізу, сондай-ақ мұнай мен мұнай өнімдерінің өндіру кезеңінен бастап түпкілікті өткізуге дейінгі өтпелі цифрлық қадағалануын дамыту көзделеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік функцияларды цифрлық трансформациялаумен және салалық цифрлық сервистерді енгізумен бір мезгілде бүкіл өндірістік тізбек бойынша цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын ауқымдану қамтамасыз етіледі. Цифрлық модельдер негізінде отын-энергетика кешенін дамытудың интеграцияланған мастер-жоспарын әзірлеу энергетика және мұнай-газ салаларын синхрондауды, сұраныстың негізделген болжамын, «тар жерлерді» анықтауды және олардың энергия ресурстарының өзіндік құнына әсерін ескере отырып, инвестицияларды бағалауды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, отын-энергетика кешені инфрақұрылымының технологиялық және цифрлық контурларын кибер-физикалық қорғауды қамтамасыз етуге ерекше екпін беріледі. Нәтижесінде Министрлік пен сала субъектілері деректер негізінде басқаруға, процестердің ашықтығын арттыруға, тәуекелдерді азайтуға және операциялық тиімділікті арттыруға көшуі тиіс.

Құрметті алқа қатысушылары, өткен жылдың қорытындылары мен 2026 жылға арналған міндеттер осындай. Осымен сөзімді аяқтай отырып, барлық айтылған мәселелер Министрліктің тұрақты бақылауында екеніне сендіргім келеді. Біз оларды толық және уақтылы шешу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.