Қазақстан мен Shell стратегиялық әріптестікті нығайтады: мұнай-газ саласындағы негізгі жобалар мен инвестициялық перспективалар талқыланды

Қазақстан мен Shell стратегиялық әріптестікті нығайтады: мұнай-газ саласындағы негізгі жобалар мен инвестициялық перспективалар талқыланды

Астана, 2025 жылғы 19 мамыр - ҚР Энергетика министрлігінде ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов пен әлемдік мұнай-газ саласындағы Қазақстанның басты халықаралық серіктестерінің бірі - Shell компаниясының жоғары басшылығы арасында жұмыс кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы Қарашығанақ жобасы болды. Тараптар өндіру деңгейін ұстап тұру бойынша бағдарламалардың орындалу барысын жан-жақты қарастырды. Қазақстандық тарап Қарашығанақ газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) дамыту жөніндегі жаңартылған жоспарларды таныстырып, оның елдің энергетикалық архитектурасындағы стратегиялық рөлін атап өтті. Сондай-ақ ГӨЗ жобасының технико-экономикалық негіздемесін (ТЭН) аяқтау кезеңі талқыланып, бұл оның келесі іске асыру сатысына өтуге маңызды қадам болатыны айтылды.

Солтүстік Каспий жобасы (Қашаған) бойынша алаңның тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету және кеңейту перспективаларына назар аударылды. Сұйытылған көмірсутек газын өндіру жобаларын жүзеге асыру мен аймақтағы ең ірі кен орындарының бірі - Қашағанды игерудің келесі кезеңін ілгерілету мәселелері талқыланды.

Кездесудің жеке блогы инвестициялар мен құқықтық өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Тараптар қолданыстағы келісімдер аясында тиімді ынтымақтасу тетіктерін ашық талқылап, өзара құрмет, ашықтық және барлық рәсімдерді сақтау қағидаттарына беріктігін растады.

«Біз Shell компаниясымен көпжылдық ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз . Бұл уақыт сынынан өткен сенімді әріптестік. Басты мақсатымыз - ірі жобаларды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және бүкіл саланың әлеуетін арттыру. Қазақстан ашық диалогқа дайын және экономикамызға да, халықаралық серіктестерге де нақты пайда әкелетін нәтижелерге мүдделі», - деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Кездесуге Питер Костелло мырза, Қазақстандағы Shell компаниясының жуырда тағайындалған өңірлік басшысы Али Аль-Джанаби мырза және 5 шілдеден бастап Shell-дің Қазақстандағы Аға вице-президенті әрі Төрағасы қызметін атқаратын, негізгі елдер мен Намибия бойынша барлау жөніндегі Вице-президент Сюзанна Куган ханым қатысты.

Кездесу соңында тараптар өңірдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді, өзара тиімді әріптестікке ортақ қызығушылықтарын растады.