АҚШ пен Каспий маңы елдері арасындағы стратегиялық әріптестік АҚШ–Еуразия энергетика және экология форумында талқыланды

АҚШ пен Каспий маңы елдері арасындағы стратегиялық әріптестік АҚШ–Еуразия энергетика және экология форумында талқыланды

Сан-Франциско, Калифорния штаты — Сан-Франциско қаласында Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның Бас консулдықтарының бастамасымен және АҚШ Сауда министрлігінің қолдауымен АҚШ–Еуразия энергетика және экология форумы өтті.
Форум жұмысына Қазақстан, Әзербайжан және Грузия үкіметінің өкілдері, Калифорния штаты губернаторының әкімшілігі, салалық мекемелердің басшылары, сондай-ақ бизнес және сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елдің жасыл энергетика саласындағы стратегиялық басымдықтарын таныстырды:
«Қазақстан таза энергияға көшу жолында өңірлік көшбасшы болуды көздейді. Біз жаңартылатын энергия көздері саласындағы америкалық инвестицияларды құптаймыз және энергия сақтау жүйелерін енгізу мен өңірлік энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жобалардың зор әлеуеті барын көріп отырмыз», — деді ол.
Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулы Назира Нұрбаева Калифорнияның энергетика саласындағы стратегиялық әріптес ретіндегі рөлін атап өтті:
«Бүгінгі форум — Қазақстан мен АҚШ арасындағы тұрақты энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытудың нақты үлгісі. Сан-Франциско — инновациялар орталығы ғана емес, сонымен қатар таза технологиялар мен энергетикалық қауіпсіздік саласындағы жаһандық көшбасшы», — деді.
Форум аясында америкалық және қазақстандық бизнес өкілдері арасында келіссөздер жүргізіліп, бірқатар басым бағыттар бойынша ынтымақтастық салалары белгіленді.
Форумда негізгі назар энергетикалық ауысымды тереңдету, тұрақты инфрақұрылымға инвестиция тарту және таза технологиялар саласындағы инновацияларды дамыту мәселелеріне аударылды.
Калифорния штатының Қоршаған ортаны қорғау және экономика қорының (CFEE) президенті әрі форум модераторы Джей Хансен:
«Бұл форум — энергетика туралы диалог қана емес, сенімді әрі ұзақ мерзімді әріптестік құру жолындағы нақты қадам. Калифорния энергетикалық ауысым бойынша озық технологиялар мен тәжірибеге ие және Еуразия елдерімен бірлесе тұрақты энергетикалық болашақ құруға дайын», — деп атап өтті.
Сондай-ақ форумда Калифорния Коммуналдық қызметтер жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Леуам Тесфай, Сан-Франциско мэриясының халықаралық сауда жөніндегі директоры Марк Чандлер және АҚШ Сауда министрлігінің өңірлік өкілдері сөз сөйлеп, бірлескен бастамалар мен инвестициялық әрі сауда-экономикалық ынтымақтастықты қолдайтындарын білдірді.