2025 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы мен 300 мегаватттық энергия жинақтау жүйесін салу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы талқыланды. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баяндама жасады.
С. Есімхановтың айтуынша, жоба халықаралық Masdar компаниясымен бірлесіп іске асырылады және өңірдегі ең ірі жобалардың бірі болмақ. Электр станциясы жылына 3,4 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл көмірқышқыл газының шығарындыларын 2 миллион тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Қуаты 300 мегаватт болатын энергия жинақтау жүйесі электр қуатына сұраныс жоғары кезеңдерде тұрақты энергиямен қамтамасыз етпек.
Жоба аясында 1,4 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Құрылыс кезеңінде 1000-ға жуық уақытша жұмыс орны құрылып, жоба пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар жаңа технологияларға қол жеткізіп, біліктілігін арттыру мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ, жоба шеңберінде ұзындығы 425 шақырым болатын жоғары кернеулі электр жеткізу желілері салынады. Бұл еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын энергетикалық инфрақұрылымды нығайтады. Вице-министрдің айтуынша, инвесторлармен жасалған келісімде қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалану көзделген, бұл жергілікті бизнесті дамытуға серпін береді.
Жоба халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарға толық сәйкес келеді және Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосады, – деді С. Есімханов.