Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында химия және мұнай химиясы салаларын дамыту мәселесі қаралды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов мұнай-газ химиясы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндама жасады.
Премьер-министр салалардың даму көрсеткіштеріне назар аударды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 7,7%-ға ұлғайса, мұнай-газ химиясында өсім 50%-дан жоғары болды. Химия өнімдерінің экспорты $2 млрд-тан асты, бұл 2023 жылғы деңгейден 13%-ға артық. Биылғы I тоқсанда да оң динамика сақталып отыр. Химия саласы 12,5%-ға өсті.
Олжас Бектенов химия және мұнай химиясы салаларының дамуы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін химия, мұнай химиясы салаларын дамытудың стратегиялық маңызын атап көрсетті. Химия өнеркәсібі ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс сияқты басқа да салалардың дамуын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Премьер-министр.
Бүгінгі таңда елімізде химия және мұнай-газ химиясы секторында 12 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Өндірістер минералды тыңайтқыштар, бейорганикалық және органикалық химиялық заттармен қатарауқымды өнім спектрін шығарады.
Мысалы, Атырау облысында жұмыс істеп тұрған полипропилен зауыты – Орталық Азия өңіріндегі осы бағыттағы ең ірі кәсіпорын және Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің ең ауқымды жобасы. 2024 жылы жобаның II кезеңінің құрылысы басталды. Негізгі міндет – импорттық өнімдерді толық алмастырып, қосылған құны жоғары экспорттың өсуін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар Жамбыл облысында натрий цианиді мен аммоний сульфаты өндірісін кеңейту көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бутадиен, карбамид, полиэтилентерефталат өндірісі бойынша перспективалы жобалар іске асырылуда.
Премьер-министр өңдеу тереңдігін арттыру және жоғары технологиялық өнім түрлерін кеңейту қажеттігін атап өтті.
«Аталған жобалардың барлығы қосылған құн тізбегін құруға үлкен үлес қосады. Дегенмен, шикізатты терең өңдеу бағытында саланың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Күрделі өнім шығару көлемі әлі де төмен. Шикізат ресурстары мен мұнай бағасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын өніммен сыртқы нарықтарға шығу керек. Бұл экономиканың қуатын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр күн тәртібіндегі мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шикізатты қайта өңдеу бойынша жоғары технологиялық жаңа жобаларға жеке инвестиция тарту үшін жағдай жасауы қажет. Бүгінде химия өндірісіне арналған шикізаттың шамамен 45%-ы терең өңделмей, бірден экспортқа шығарылатыны атап өтілді. Мәселен, еліміз жыл сайын 800 мың тоннаға жуық фосфорит шикізатын экспорттайды.
Ұлттық экономика министрлігі Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 шілдесіне дейін Үкіметке химия және мұнай-газ химиясы жобаларын салықтық және кедендік ынталандыру бойынша нақты шаралар мен ұсыныстар енгізу міндеті қойылды.
Премьер-министр мұнай-газ бизнесі өкілдерімен өткен кеңесте мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірлеу жөніндегі бастамаға қолдау білдірді. Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика, Әділет министрліктеріне осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкімет Аппаратына тиісті заң жобасын енгізу тапсырылды.
Полипропилен зауытында өндірістің жоспардан тыс тоқтап қалуы және полиэтилен мен бутадиен шығару жобаларын іске асыру кезеңдерінің созылып кетуі алаңдаушылық туғызып отыр. Мұнда мерзімдерді бұлжытпай сақтау, өндірістің тоқтап қалу қаупін азайту және басқарушылық тәртіпті күшейту қажет.
«Самұрық-Қазына» қорына осы жылдың 15 маусымына дейін KPI зауытының тоқтап қалу себептерін жоюдың нақты кестесін, сондай-ақ Silleno зауытының аяқталу кезеңдері мен мерзімдерін көрсете отырып, жаңартылған жоспар-кестесін дайындап, ұсыну тапсырылды. Осы жылдың 1 тамызына дейін бутадиен жобасы бойынша түпкілікті шешім қабылдау қажет.
Экология министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктерімен бірге биыл осындай кәсіпорындарды түгендеуді аяқтап, оларды жаңғырту мен жасыл технологияларды енгізудің арнайы жоспарын қабылдау тапсырылды.