Мұнай-газ кешені жұмыскерлерінің кәсіподағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға басымдық беруде

Мұнай-газ кешені жұмыскерлерінің кәсіподағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға басымдық беруде

2025 жылғы 23 сәуірде «Мұнай-газ кешені жұмыскерлерінің қазақстандық өндірістік кәсіподақ одағы» қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің III Пленумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Әлібее Жамауов қатысты.

Бүгінде мұнай-газ саласы ел экономикасында маңызды орын алып келеді. Осыған орай, Пленум аясында Энергетика министрлігі мен салалық кәсіподақ арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы салалық келісімдерді әзірлеу және әлеуметтік диалог бойынша үшжақты комиссия жұмысына белсене атсалысып келеді.

Жиын барысында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және адал еңбекті ынталандыруға бағытталған тетіктерді жетілдіру мәселелері қаралды. Өндірістің үздік қызметкерлері өз еңбегімен елдің тұрақтылығы мен дамуына қосқан үлестері үшін алғыс хаттармен және арнайы төсбелгілермен марапатталды.

Өз сөзінде вице-министр мұнай-газ саласында әлеуметтік әріптестіктің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл еңбек қатынастарының тұрақтылығына, қызметкерлердің қауіпсіздік деңгейі мен әлеуметтік қорғалуын арттыруға, сондай-ақ саланың тұтастай орнықты дамуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, барлық қатысушыларға сәттілік, бақ-береке және ел игілігі жолындағы еңбектеріне толағай табыстар тіледі.