Астана, 2025 жылғы 22 сәуір – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC, Дүниежүзілік банк тобы) «Жылу сорғылары арқылы жүзеге асырылатын жаңа буындағы орталықтандырылған жылыту және салқындату жүйелері» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған семинар өткізді. Іс-шара Rixos President Astana қонақүйінің конференц-залында өтті.
Семинардың мақсаты – Қазақстан жағдайына бейімделген таза әрі орнықты жылыту және салқындату технологияларын ілгерілету. ҚР Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары Рүстем Қыдырбеков еліміздің энергетика саласына инновациялық шешімдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жылу сорғылары мен геотермалдық энергияны сақтау жүйелерін дамыту қазбалы отынға тәуелділікті азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар геотермалдық энергия көздерін дамытудың маңыздылығын атап өтті, өйткені олар дәстүрлі отын түрлеріне балама бола алады және кең ауқымды әлеуетке ие. Оларды игеру және инфрақұрылымды жаңғырту – елімізде жаңа технологияларды кеңінен енгізудің табысты болуына ықпал ететін негізгі факторлар болып табылады.