Қазақстанда геотермалдық жылу сорғылары арқылы жылыту және салқындату жүйелерін декарбонизациялау мәселелері талқыланды

Қазақстанда геотермалдық жылу сорғылары арқылы жылыту және салқындату жүйелерін декарбонизациялау мәселелері талқыланды

2025 жылғы 21 сәуір, Астана – Бүгін Астанада «Геотермалдық жылу сорғылары (ГЖС) арқылы жылыту және салқындатуды декарбонизациялау: таза және орнықты шешім» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Семинардың ашылуында ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов сөз сөйлеп, жылумен қамту саласында заманауи әрі экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін ескере отырғанда геотермалдық жылу сорғылары – ел энергетикасының орнықты дамуына ықпал ететін перспективалы бағыттардың бірі болып табылады.

IFC-нің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджамин геотермалдық жылу сорғыларын қолданудың халықаралық тәжірибесі мен әлеуеті туралы айтып, тұтас шағын аудандар мен тұрғын алаптарды қамтуға қабілетті 5-буындық жылу желілерінің тиімділігіне тоқталды.

Сарапшылардың айтуынша:

- 5-буындық желілер қоршаған орта температурасына жақын аралықта (3–25 °C) жұмыс істейді, бұл жоғары энергия тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді;

- Бұл жүйелер бір мезетте жылыту және салқындатуды қамтамасыз ете алады, бұл климаттың өзгеру жағдайында аса өзекті;

- Геотермалдық жүйелер дәстүрлі аудандық немесе газ инфрақұрылымдары сияқты орнатылып, пайдалануға берілуі мүмкін;

- Технология әмбебап және кез келген климаттық аймақта, соның ішінде қысы қатты өңірлерде де тиімді қолданыла алады.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, Қазақстанда геотермалдық жылу сорғыларын енгізу құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында көміртек ізі көлемін азайтуға, сондай-ақ өңірлердің энергетикалық тұрақтылығы мен тәуелсіздігін арттыруға ықпал етеді.