
Астана, 31 наурыз 2025 ж. – Қазақстан мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі (ЕҚДБ) еліміздің энергетика саласындағы негізгі міндеттерді шешу мақсатында стратегиялық әріптестікті тереңдетуге ниетті екенін растады.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың ЕҚДБ өкілдері – Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан және Тұрақты инфрақұрылым тобының басқарушы директоры Генри Бойд-Карпентермен кездесуі барысында энергиямен жабдықтау тұрақтылығын арттыру және әділ энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету бойынша маңызды ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау қажеттілігіне байланысты туындаған сын-қатерлер аясында Энергетика министрлігі мен ЕҚДБ энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған басым жобаларға назар аударды.
Кездесудің басты тақырыбы – Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба болды. Тараптар 2025-2029 жылдар кезеңіне бірқатар өңірлерде (Қарағанды, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Павлодар облыстарын қоса алғанда) электр және жылу энергиясын берудің аса маңызды инфрақұрылымын жаңарту үшін қажетті елеулі инвестицияларды тартуды қарастырды.
Қаржыландырудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік операторлармен («Қарағанды Жарық», «Оңтүстік Жарық Транзит», «АЖК», «МРЭК», «Павлодар жылу желілері») және ЕҚДБ өкілдерімен нақты келіссөздер жүргізілуде.
Тағы бір маңызды бағыт – жаңартылатын энергия көздерінің тұрақтылығын арттыру. Тараптар Қазақстанда алғаш рет энергия жинақтау жүйелері бар жел электр станцияларын салу үшін арнайы алаңдарды бірлесіп әзірлеуге келісті. Бұл инновациялық шешім жел электр станцияларының өндірістік тұрақсыздығын реттеп, олардың энергетикалық жүйеге тиімді қосылуын қамтамасыз етеді.
Жаһандық климаттық күн тәртібі мен Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелері аясында тараптар әділ энергетикалық ауысу тетіктерін талқылады. ЕҚДБ бұл процесті қолдауға дайын екендігін білдірді.
«"ЕҚДБ-мен серіктестік-бұл үздік әлемдік тәжірибелер мен жобаларды басқару стандарттарына қол жеткізу. Біз қазақстандық энергетиканың жүйелі міндеттерін шешу және оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін осы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға ниеттіміз», - деді Ерлан Ақкенженов.
ЕҚДБ өкілдері Қазақстанның энергетикалық және климаттық мақсаттарын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін растап, елде тұрақты инфрақұрылымға ұзақ мерзімді инвестиция тарту үшін қалыптасып жатқан қолайлы жағдайларды жоғары бағалады. Кездесу барысында тараптар басым бағыттар бойынша одан әрі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.